Пятница, 30.10.2026

«ЕЛІҢ СЕНІ ІЗДЕЙДІ…»

Қала күні қарсаңында Сәтбаев қаласының жыр сүйер қауымы, өнер мен өлеңді қадірлей білетін жұртшылығы тамаша бір кештің куәсі болды. Шынболат атындағы Кеншілер сарайында кенші-ақын, жыршы, термеші Шынболат Ділдебаевтың рухына арналған «Елің сені іздейді…» атты жаңа кітаптың тұсаукесері өтті.

Кеш шымылдығы көрерменді өткен күндерге жетелеген шағын сахналық көрініспен түрілді. Сәтбаев қаласының Жастар театры актерлері сомдаған қойылымда Шынболат ақынның өнерге жасаған алғашқы қадамы бейнеленді. Сахна төріндегі сол бір сәттен-ақ ақынның бала күнінен бойына біткен өнерге деген құштарлығы, сөз бен сазға деген сүйіспеншілігі сезілгендей болды.

Шынболат Ділдебаев – елдің мұңын мұңдап, жоғын жоқтаған, өлеңімен өрнектеп, термесімен тағылым айтқан бірегей тұлға. Оның шығармашылығы туған жермен, қарапайым еңбек адамымен, елдің өткені мен бүгінімен біте қайнасып жатты. Ақынның жырлары мен термелері талайдың жүрегіне жол тауып, ел жадында қалды. Тұсауы кесілген «Елің сені іздейді…» жинағы – осы сағыныштың, осы құрметтің нақты бір көрінісі.

Кітапты құрастырып, жинақтап, баспаға әзірлеген қызы – Ғайша Шынболатқызы. Басылымның редакторы – Нұрмұханбет Дияров, Алматыдағы «Тоғайнай Т» баспасынан жарық көрген жинақ 352 беттен тұрады. Кітаптың таралымы – 500 дана.

Жинаққа ақынның осыдан алпыс жыл бұрын ақ қағазға өз қолымен түсірген өмірбаяндық әфсанасы, өлең-жырлары, айтыстары, ақындық өнердегі орны, кісілік келбеті туралы замандастарының ой-пікірлері, естеліктері, эсселері мен арнау жырлары топтастырылған.

Бұл – жай ғана жинақ емес. Бұл – бір адамның шығармашылық ғұмырнамасы ғана емес, оны таныған, бірге жүрген, өнерін бағалаған жандардың жүрек төрінде сақтаған рухани шежіресі.

Кеш барысында сахна төрінде Шынболаттың термелері орындалып, оның өнері мен адамдық болмысы туралы естеліктер айтылды. Бірі – ақынмен бірге жүрген күндерді еске алса, енді бірі оның өлеңінің қуатын, термесінің тағылымын сөз етті. Көрермен де сол сәтте ақынның артында қалған ізінің қаншалықты терең екенін тағы бір сезінгендей.

Кітаптың «Елің сені іздейді…» деген атауының өзінде үлкен сағыныш бар. Бұл сөз Шынболат Ділдебаевтың ел алдындағы еңбегін еске алумен қатар, оның өнері бүгінгі ұрпаққа да керек екенін меңзейді. Ақын өмірден өткенімен, оның сөзі қалды. Жыры қалды. Термесі қалды. Ең бастысы – елінің жүрегінде өшпес ізі қалды. Кітаптың анықтамалығындағы «Кітап көпшілік оқырмандарға арналған» деген қарапайым ғана сөйлемнің астарында үлкен мән жатқандай. Өйткені бұл жинақ – өткенге тағзым ғана емес, келешек ұрпаққа аманат.

Сәтбаев төріндегі тағылымды кеш те осындай оймен түйінделді. Өнер адамының ғұмыры сахнадан түскен сәтімен аяқталмайды. Оның шын ғұмыры – артында қалған сөзінде, ел есінде, кейінгі ұрпақтың жүрегінде жалғасады. Ал Шынболат ақынның жырлары бүгін тағы бір мәрте туған елінің төріне оралып, оқырманымен қайта қауышты. Елі іздеген ақынның үні осылайша кітап болып сөйлей бастады.

Ізтай Белгібайұлы.

Проверьте Также

ҰЛЫТАУ ОБЛЫСЫНЫҢ АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ТАУАРЫН ӨНДІРУШІЛЕРІ ҚЫТАЙЛЫҚ ӘРІПТЕСТЕРІНІҢ ТӘЖІРИБЕСІМЕН ТАНЫСТЫ

Ұлытау облысының ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерінен құралған делегация Қытай Халық Республикасының Шыңжаң өндірістік-құрылыс корпусы Халықаралық …