Сәтбаевты мекен еткен әр адамның жүрегінде бұл қаланың өзіне ғана тән бір жылуы бар. Ол – көшелерінен, кеншілердің маңдай терінен, қарапайым тұрғындардың күнделікті тіршілігінен сезілетін жылу. Бірақ Сәтбаевтың басты байлығы – оның ғимараттары мен өндіріс орындары ғана емес. Қаланың ең үлкен қазынасы – адамдары, олардың бірлігі мен достығы.
Тарихқа көз жүгіртсек, Сәтбаевтың қалыптасуы сан түрлі тағдырдың тоғысуымен байланысты. Бір кездері бұл өңірге арман қуып, еңбек іздеп келген талай жан бір шаңырақтың астында өмір сүріп, бір мақсат жолында тер төкті. Түрлі ұлт пен түрлі мәдениеттің өкілдері бір ортада еңбек етіп, қуанышын бөлісіп, қиындықты бірге еңсерді. Осылайша достық пен өзара құрмет қаланың рухани болмысына айналды.
Сәтбаевта «біз» деген ұғымның салмағы ерекше. Көршіге қол ұшын созу, қуанышқа бірге қуану, қиындықта жанынан табылу – қала тұрғындарының бойындағы қарапайым адамгершіліктің көрінісі. Мұнда бір-бірінің тілін ғана емес, жүрегін түсінуге ұмтылған жандар көп.
Достық – арнайы айтылатын ұран емес, күнделікті өмірде көрінетін құндылық. Ол ауладағы балалардың бірге ойнауынан, мектептегі достардың бір-біріне қолдау көрсетуінен, еңбек ұжымындағы әріптестердің өзара сыйластығынан көрінеді. Сондықтан Сәтбаевты тек кеншілер қаласы деп атау аздық етеді. Бұл – тағдырларды тоғыстырған, адамдарды жақындастырған, татулықты ту еткен қала.
Қала күні қарсаңында туған жер туралы ойласақ, ең алдымен оның көшелері емес, сол көшелерде өмір сүріп жатқан адамдар елестейді. Әр адамның жүрегінде өз Сәтбаевы бар. Біреу үшін ол – балалық шақтың мекені, енді бірі үшін – алғашқы еңбек жолы басталған қала, ал біреулер үшін – отбасы мен достарын тапқан қасиетті шаңырақ.
Сәтбаевтың болашағы да осы адамдық құндылықтарға байланысты. Қала көркейеді, жаңа ғимараттар бой көтереді, заман өзгереді. Ал достық, сыйластық пен бірлік сақталса – қаланың рухы да сақталады.
Сәтбаев – әртүрлі тағдырлардың басын қосқан мекен. Сәтбаев – еңбекпен шыңдалған, достықпен дараланған қала.
13 қыркүйек – Қала күні құтты болсын! Туған қаламыздың аспанында әрдайым татулықтың туы желбіреп, әр шаңырақтан күлкі мен қуаныш кетпесін!
Ізтай Белгібайұлы.
«Шарайна» газетінің Бас редакторы
Шарайна
