Пятница, 30.10.2026

ЕҢБЕККЕ – ТАҒЗЫМ, АРДАГЕРГЕ – ҚҰРМЕТ

Халықаралық қарттар күні қарсаңында «Достық үйінде» тағылымы мол, мағынасы терең кездесу өтті. «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС жанындағы «Ардагерлер кеңесі» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен өткен шараға өндірісте ұзақ жылдар бойы еңбек етіп, елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосқан ардагерлер жиналды. Бұл күн – тек мерекелік басқосу ғана емес, маңдай терімен өндіріс саласының дамуына жол ашқан аға буын өкілдеріне көрсетілген зор құрметтің көрінісі болды.

«Достық үйіндегі» жүздесу барысында ардагерлерге деген ізет пен құрмет айрықша сезілді. Жиында «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС жанындағы «Ардагерлер кеңесі» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Төлеген Бүкіров, «Қазақмыс» корпорациясының Құрметті еңбек ардагері Әлібек Бисариев сөз сөйлеп, жиналғандарды Халықаралық қарттар күнімен құттықтады. Сондай-ақ «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС жанындағы «Ардагерлер кеңесі» Сәтбаев филиалының басшысы Абулаис Мулаков ардагерлерді мерекемен құттықтап, олардың еңбегіне алғыс білдірді.

– Ардагерлер кеңесінің жұмысы – аға буын өкілдерін бір ортаға топтастырып қана қоймай, олардың қоғамдық өмірге белсенді араласуына, өзара байланысын нығайтуына мүмкіндік беретін маңызды бағыттардың бірі. Бүгінде ардагерлер қатарында жүрген азаматтардың көпшілігі өндірістің талай қиындықтарын бастан өткеріп, оның өркендеуіне үлес қосты. Олар үшін кәсіпорын – жай ғана жұмыс орны емес, өмірінің елеулі бөлігі өткен қасиетті орта. Сондықтан туған ұжыммен қайта қауышу, әріптестермен жүздесу, еңбектің еленіп, есімнің аталуын есту – кез келген адам үшін ерекше сезім. «Қазақмыс» корпорациясы» жанындағы «Ардагерлер кеңесінің» мұндай шараларды ұйымдастыруы да аға буынға деген құрметтің нақты көрінісі. Біздің мақсатымыз – ардагерлердің басын қосып, олардың еңбегін насихаттау, мерейтойлық даталарды бірге атап өту, кейінгі ұрпақпен байланысты нығайту, – деді Сәтбаев филиалының басшысы Абулаис Мулаков.

Шараның ең маңызды әрі әсерлі бөлігі – ардагерлерді марапаттау рәсімі болды. Жиынға қатысқан барлық ардагерге құрмет көрсетіліп, олардың ұзақ жылғы еңбегі еленді. Бұл – өткенге тағзым ғана емес, еңбекке деген құрметтің нақты белгісі.

Айтулы шара барысында «Оңтүстік Жезқазған кенішіне – 60 жыл» мерекелік төсбелгісімен осы кеніште ұзақ жылдар еңбек еткен ардагерлер – Әлібек Бисариев, Есенбай Тыныбектегі және Жалел Нұрмұхамбет марапатталды. «Оңтүстік Жезқазған кеніші» – өңірдің өндірістік тарихында өзіндік орны бар кәсіпорындардың бірі. Кеніштің ондаған жылдық тарихы Жезқазған өңіріндегі тау-кен өндірісінің даму кезеңдерімен сабақтас. Ал осы жылдар ішінде шахтада еңбек еткен адамдардың маңдай тері мен кәсіби шеберлігі өндіріс жетістіктерінің негізін қалады. Сондықтан кеніштің 60 жылдығына арналған төсбелгінің табысталуы ардагерлер үшін ерекше мәнге ие екені сөзсіз.

Ал қалған 16 ардагерге «Қазақмыс» корпорациясының Құрметті еңбек ардагері атағы берілді. Сонымен қатар аталған атақпен марапатталған ардагерлерге құрметтің белгісі ретінде 30 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) көлемінде бір реттік ақшалай сыйақы табысталды. Бұл қолдау – көп жылдық адал еңбекті бағалаудың, ардагерлерге деген қамқорлық пен ілтипаттың нақты көрінісі болды.

Тау-кен өндірісінде бір маманның тәжірибесі тұтас ұжым үшін маңызды болуы мүмкін. Сондықтан өндірісте ұзақ жыл еңбек еткен азаматтардың өмір жолы кейінгі буынға үлгі боларлық құндылыққа айналады. Ардагерлерді марапаттау кезінде осы сабақтастықтың мәні анық байқалды. Бірі – кеніштің алғашқы жылдарындағы еңбек үдерістерін жақсы білсе, енді бірі өндірістің кейінгі кезеңдеріндегі өзгерістердің куәсі болды. Әрқайсысы өз дәуірінің тынысын сезініп, кәсіпорынның дамуына өзіндік үлесін қосты.

«Достық үйінде» өткен шара барысында айтылған құттықтаулар мен марапаттар ардагерлердің жүрегіне жылу сыйлады. Әсіресе ұзақ жылдық еңбегі үшін берілген марапаттардың әрқайсысының өзіндік тарихы бар. Бір медальдің немесе төсбелгінің артында ондаған жылдық еңбек, мыңдаған жұмыс күні, талай әріптес, сансыз естелік тұр.

Еңбегі елге сіңген азаматтарды ардақтау, олардың есімін құрметпен атау, өткен жолын кейінгі буынға үлгі ету – қоғамның адамға деген ізгілігін танытатын қасиет. Аға буынға тағзым етілген жерде еңбекке де, тарихқа да, адамға да құрмет бар. Ал бұл – қай кезеңде де мәнін жоғалтпайтын асыл құндылық.

Марал Шахаева.
Суреттерді түсірген автор.

Проверьте Также

ҰЛЫТАУ ОБЛЫСЫНЫҢ АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ТАУАРЫН ӨНДІРУШІЛЕРІ ҚЫТАЙЛЫҚ ӘРІПТЕСТЕРІНІҢ ТӘЖІРИБЕСІМЕН ТАНЫСТЫ

Ұлытау облысының ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерінен құралған делегация Қытай Халық Республикасының Шыңжаң өндірістік-құрылыс корпусы Халықаралық …