Пятница, 30.10.2026

ТӨРТ ВОКЗАЛҒА – ЖАҢА ТЫНЫС

Ұлытау облысында көлік инфрақұрылымын жаңғырту бағытындағы маңызды жобалардың бірі жүзеге асып, бір күнде төрт теміржол вокзалы жаңартылып, жолаушылар игілігіне қайта берілді. Жаңарған нысандар Жезқазған, Қаражал қалаларында, Жаңаарқа ауданында және Қызылжар бекетінде орналасқан. Бұл – өңірдегі теміржол саласының материалдық-техникалық базасын жаңартып қана қоймай, жолаушыларға көрсетілетін қызмет сапасын арттыруға бағытталған ауқымды жұмыстың нәтижесі.

Жаңғыртылған вокзалдардың пайдалануға берілуі – Ұлытау облысының көлік жүйесі үшін елеулі оқиға. Өйткені теміржол – аймақ тұрғындары үшін елдің өзге өңірлерімен байланыс орнатудың маңызды тетігі. Әсіресе шалғай елді мекендер мен өндірістік қалалар үшін теміржол қатынасының тұрақты болуы халықтың жүріп-тұруына, іскерлік және әлеуметтік байланыстардың дамуына тікелей әсер етеді.

Бұл жұмыстар Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, Үкіметтің қолдауымен еліміздегі 125 теміржол вокзалын жаңғырту жобасы аясында жүзеге асырылды. Жобаны іске асыруға Қазақстан Республикасы Көлік министрлігі, «Самұрық-Қазына» АҚ, «ҚТЖ» ҰК» АҚ және Ұлытау облысының әкімдігі бірлесіп атсалысты. Осылайша республикалық деңгейдегі бастама өңірдегі нақты инфрақұрылымдық жобалармен сабақтасты.

Жаңғыртылған вокзалдар заманауи талаптарға сай жабдықталып, жолаушылар үшін қолайлы әрі қауіпсіз орта қалыптастыруға бағытталған. Вокзал ғимараттарының жаңаруы ең алдымен халыққа көрсетілетін қызметтің сапасын арттыруды көздейді. Жолаушы үшін вокзал – пойызды күтіп отыратын орын ғана емес, сапардың басталатын және аяқталатын маңызды нүктесі. Сондықтан оның жайлылығы, қауіпсіздігі мен қолжетімділігі көлік қызметінің жалпы сапасына тікелей ықпал етеді.

Ұлытау облысының әкімі Есет Байкен вокзалдардың жаңартылуын өңірдің көлік инфрақұрылымын дамытудағы маңызды қадам ретінде атап өтті.

– Бүгінде облыста көлік саласын дамытуға бағытталған ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Бұл жұмыстар теміржолмен ғана шектелмей, автомобиль жолдарын жаңартуды да қамтиды. Мемлекет басшысының тапсырмасымен салынып жатқан «Қызылжар–Мойынты» теміржол желісі облысымыздың дамуына тың серпін беріп қана қоймай, еліміздің транзиттік әлеуетін арттыратыны сөзсіз. Теміржол желісінің кеңеюі жүк тасымалының көлемін ұлғайтуға, жаңа өндірістік және логистикалық мүмкіндіктердің қалыптасуына жол ашып, өңірдің көлік-логистикалық әлеуетін арттыра түспек, – деді облыс әкімі.

Ұлытау – елдің географиялық тұрғыдан орталық бөлігінде орналасқан, тарихи әрі экономикалық маңызы жоғары өңір. Сондықтан мұндағы көлік қатынасының сапасы тек облыс тұрғындары үшін ғана емес, аймақтың жалпы даму қарқыны үшін де маңызды. Жолдар мен теміржол желілерінің жаңаруы елді мекендер арасындағы байланысты нығайтып, кәсіпкерлік пен өндіріс орындарының жұмысын жеңілдетуге, өңірдің инвестициялық тартымдылығын арттыруға ықпал етеді.

Бүгінде облыста автомобиль жолдарын жақсарту бағытында да нақты жұмыстар атқарылуда. «Жезқазған–Қызылорда» автожолындағы жұмыстардың 90 пайызы орындалған. Жақын айларда көлік қозғалысын ашу жоспарланып отыр. Бұл жолдың толыққанды іске қосылуы Жезқазған мен Қызылорда бағытындағы қатынасты жеңілдетіп, өңірдің оңтүстік бағыттағы көлік байланысын нығайта түспек. Сонымен қатар, «Жезқазған–Қарағанды» бағытында биыл жер төсемін салу және материалдық-техникалық қамтамасыз ету жұмыстарын толық аяқтау көзделген. «Ұлытау–Арқалық» автомобиль жолының 89 шақырымдық бөлігін жөндеу жұмыстары да жоспарға сәйкес жүргізіліп, оны қазан айында аяқтау көзделіп отыр. Осы жобалардың барлығы өңірдің бірыңғай көлік жүйесін қалыптастыруға бағытталған.

Жаңғыртылған нысандардың ішінде Жезқазған теміржол вокзалының орны ерекше. Қаланың теміржол тарихымен тығыз байланысты вокзал ғимараты 1941 жылы салынған. Содан бері алғаш рет кешенді түрде жаңғыртудан өтіп отыр. Сегіз онжылдыққа жуық уақыт бойы талай буын жолаушыны қарсы алып, талай адамның сапарына куә болған вокзал енді жаңа сипатта қызмет көрсетпек.

Жоба аясында Жезқазған вокзалының аумағы айтарлықтай кеңейтілді. Бұған дейін 541 шаршы метр болған ғимараттың аумағы 2 500 шаршы метрге дейін ұлғайтылды. Бұл жолаушылар легін қабылдау мүмкіндігін едәуір арттырып, вокзал ішіндегі қызмет көрсету кеңістігін кеңейтуге мүмкіндік береді. Жаңартылған вокзал бір мезгілде 500-ге жуық жолаушыны қабылдай алады. Ал тәулігіне шамамен 2 мың азаматқа қызмет көрсетуге қауқарлы. Бұл көрсеткіштер Жезқазған вокзалының өңірдегі жолаушылар тасымалындағы маңызын аңғартады.

Қаражал, Жаңаарқа және Қызылжар бекетіндегі вокзалдардың жаңғыртылуы да өңірдің әр аумағындағы жолаушылар үшін маңызды. Бұл нысандардың қатар жаңаруы теміржол инфрақұрылымын жүйелі түрде дамытуға басымдық беріліп отырғанын көрсетеді. Вокзалдардың жағдайын жақсарту арқылы елді мекендердегі көлік қызметінің сапасын арттыруға, жолаушылар үшін қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік молаяды.

Қазіргі таңда Ұлытау облысын еліміздің алты облысымен байланыстыратын теміржол бағыттары бойынша жолаушылар пойыздары қатынайды. Бұл – өңірдің республиканың өзге аймақтарымен байланысын қамтамасыз ететін маңызды көлік желісі. Сондықтан теміржол инфрақұрылымының жаңаруы тек вокзал ғимараттарының жөнделуімен шектелмей, өңірдің жалпы көлік жүйесінің тиімділігін арттыруға ықпал ететін кешенді үдерістің бір бөлігі ретінде қарастырылады.

Марал Шахаева.

Проверьте Также

ПОСЛАНИЕ ПРЕЗИДЕНТА: НОВЫЕ ВОЗМОЖНОСТИ ДЛЯ РАЗВИТИЯ БИЗНЕСА

Коллектив Палаты предпринимателей области Ұлытау прослушал Послание Главы государства Касым-Жомарта Токаева.  Послание затрагивает важнейшие вопросы …