Пятница, 30.10.2026

Кітапханаға саяхат – білімге бастар жол

Жазғы демалыс – балалардың бос уақытын тиімді өткізіп, таным көкжиегін кеңейтетін ерекше кезең. Осы орайда Баубек Бұлқышев атындағы орталық кітапханада қала мектептерінің оқушыларына арналған «Ашық есік» онкүндігі ұйымдастырылды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде: «Балалар мен жастар арасында кітап оқу мәдениетін дамыту және кітап оқудың орнықты дағдыларын қалыптастыру – мемлекет алдындағы маңызды міндеттердің бірі» деп атап өткен болатын. Бұл бағыттағы жұмыстар кітапхана қызметінде де өз жалғасын тауып келеді.

Онкүндік аясында жазғы лагерь алаңдарында демалып жатқан оқушылар кітапханаға арнайы келіп, оның тарихымен, құрылымымен және бай кітап қорымен танысты. Кітапхана қызметкерлері әр бөлімнің жұмыс ерекшеліктерін түсіндіріп, балалар әдебиеті, ертегілер жинағы, энциклопедиялық басылымдар мен жаңадан келіп түскен кітаптар туралы кеңінен мәлімет берді.

Іс-шара барысында оқушылар кітап әлемінің сырларына қанығып қана қоймай, түрлі танымдық және зияткерлік ойындарға қатысты. Логикалық тапсырмалар мен қызықты сұрақтар балалардың ойлау қабілетін дамытып, тапқырлық пен шапшаңдыққа баулыды. Мұндай ойындар олардың кітапқа деген қызығушылығын арттырып, білімге құштарлығын оятты.

Ашық есік онкүндігіне қала мектептерінен 300-ге жуық оқушы қатысып, кітапхана тынысымен жақынырақ танысуға мүмкіндік алды. Балалар кітапхананың тек кітап сақтайтын орын емес, сонымен бірге шығармашылық пен ізденістің, білім мен тәрбиенің үлкен орталығы екенін түсінді.

Бүгінгі таңда жас ұрпақтың кітап оқуға деген ықыласын арттыру – қоғам алдындағы маңызды міндеттердің бірі. Осы тұрғыдан алғанда, кітапханалар ұйымдастыратын мұндай тағылымды шаралардың маңызы зор. Өйткені кітап – білімнің қайнар көзі, ал кітапхана – сол қазынаның алтын көпірі. Баубек Бұлқышев атындағы орталық кітапхана алдағы уақытта да жас оқырмандарға арналған мазмұнды іс-шараларын жалғастырып, кітап оқу мәдениетін дамытуға өз үлесін қоса бермек.

Айжан Сарина,
оқырмандарға қызмет көрсету бөлімінің жетекшісі.

Проверьте Также

ҰЛЫТАУ ОБЛЫСЫНЫҢ АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ТАУАРЫН ӨНДІРУШІЛЕРІ ҚЫТАЙЛЫҚ ӘРІПТЕСТЕРІНІҢ ТӘЖІРИБЕСІМЕН ТАНЫСТЫ

Ұлытау облысының ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерінен құралған делегация Қытай Халық Республикасының Шыңжаң өндірістік-құрылыс корпусы Халықаралық …