Пятница, 30.10.2026

ПРОЗАНЫҢ ЖАҢА ТЫНЫСЫ, ӘДЕБИЕТТІҢ ЖАРҚЫН БЕЛЕСІ

Ұлытаудың ұлы перзенттері, қазақ әдебиетінің көрнекті өкілдері, жазушы-публицист Баубек Бұлқышев пен жазушы Мұқан Иманжановтың туғанына 110 жыл толуына орай Сәтбаев қаласында «Заман біздікі» республикалық проза байқауының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті. Ұлт руханиятының қос бәйтерегіне тағзым етіп, олардың әдеби мұрасын ұрпақ жадында жаңғыртуды мақсат еткен тағылымды шара қаламгерлердің басын қосып, қазақ прозасының бүгінгі тынысына үңілуге мүмкіндік берді.

«Заман біздікі» байқауы бір жағынан, қазақ әдебиетінің көрнекті тұлғаларының мұрасына көрсетілген құрмет болса, екінші жағынан, бүгінгі прозаның бағыт-бағдарын айқындап, жаңа есімдер мен тың шығармашылық ізденістерге жол ашатын маңызды әдеби бастама.

Баубек Бұлқышев пен Мұқан Иманжанов – қазақ сөз өнерінде өзіндік қолтаңбасын қалдырған, шығармалары арқылы тұтас бір дәуірдің рухын танытқан қаламгерлер. Баубек Бұлқышевтің отансүйгіштікке, адамдық биік мұраттарға үндейтін публицистикалық туындылары оқырманын жігерлендіріп, елдік санаға қозғау салса, Мұқан Иманжановтың шығармалары адам болмысының нәзік иірімдерін, қоғам мен адам арасындағы күрделі қарым-қатынасты көркем бейнелеуімен құнды. Екі қаламгердің де әдеби мұрасы – кейінгі буынға өнеге, жас ұрпаққа рухани бағдар. Сондықтан олардың шығармашылығын кеңінен насихаттап, есімдерін ел жадында жаңғырту – әдебиетке жанашыр қауымның ортақ міндеті.

Республикалық байқауға еліміздің әр өңірінен 57 қаламгер қатысып, өздерінің прозалық шығармаларын ұсынды. Қазылар алқасының құрамында жазушы, аудармашы Кенжебай Ахметов, жазушы Айгүл Кемелбаева, ақын әрі әдебиеттанушы Ықылас Ожайұлы болды. Әдебиет әлемінде өзіндік орны бар қаламгерлерден құралған қазылар алқасы ұсынылған туындыларды саралап, шығармалардың көркемдік деңгейіне, тақырыптық өзектілігіне және авторлық ізденісіне назар аударды. Нәтижесінде, әртүрлі өңірден қатысқан қаламгерлердің ішінен үздік деп танылған 14 автор жүлдегер атанды.

Марапаттау рәсімінде Сәтбаев қаласы әкімінің орынбасары Амангелді Құрақбай құттықтау сөз сөйлеп, байқаудың маңыздылығына тоқталды.

Байқаудың бас жүлдесі «Қан жылаған қарағай» шығармасы үшін Павлодар облысынан қатысқан қаламгер Бейбіт Бөженге бұйырды. Бұл – автордың шығармашылық ізденісіне берілген жоғары баға әрі әдеби бәйгедегі ең үздік туындыға көрсетілген құрмет. Бірінші орынды Қарағанды облысының өкілі Ерзат Ермағамбетов иеленді. Екінші орын Солтүстік Қазақстан облысынан келген Сағындық Сәбитұлы мен Жетісу облысының қаламгері Ерден Нұрахметке берілді. Үшінші орынға Абай Аймағамбет (Астана), Ерболат Әбікенұлы (Алматы) және Есболат Айдабосын (Жетісу облысы) лайық деп танылды.

Сонымен қатар байқауда қазақ әдебиетіне еңбек сіңірген тұлғалардың есімдерімен аталатын арнайы жүлделер де табысталды. Жүлделі орындар мен арнайы марапаттардың әрқайсысы – қаламгер еңбегіне көрсетілген құрмет, шығармашылық ізденіске берілген серпін. Әсіресе, әдеби бәйгеде есімдері ұлықталған көрнекті тұлғалардың атындағы жүлделердің табысталуы байқаудың тағылымдық мәнін арттыра түсті.

Байқаудың тағы бір маңызды нәтижесі – үздік шығармалардың жинақ болып жарық көруі. Жүлдеге ие болған туындылар топтастырылып, Алматы қаласындағы «Мұқаба» баспасынан «Тұма» атты кітап болып басылып шықты. Кітаптың тұсаукесері марапаттау рәсімінің мазмұнды сәттерінің біріне айналды. Бұл жинақ – байқауға қатысқан қаламгерлердің шығармашылық ізденісін танытатын әдеби дүние ғана емес, қазіргі қазақ прозасының тынысын аңғартатын рухани олжа.

Шара барысында Баубек Бұлқышев пен Мұқан Иманжановтың әдеби мұрасын насихаттап, олардың есімдерін ұлықтауға ұзақ жылдар бойы үлес қосып келе жатқан аға буын өкілдері де назардан тыс қалмады. Қос қаламгердің шығармашылық мұрасына шырақшы болып, рухани құндылықтарды дәріптеп жүрген азаматтар мерекелік медальдармен марапатталды.

Марапаттау рәсімі әдеби-көркем қойылымдармен және концерттік бағдарламамен жалғасты. Өнер мен әдебиет тоғысқан кеш қатысушыларға ерекше әсер сыйлап, мерекенің мазмұнын байыта түсті. «Заман біздікі» байқауы әдебиетке деген құрметтің, шығармашылыққа деген сенімнің және Ұлытаудан бастау алған рухани мұраның жалғастығының жарқын көрінісі болды.

Марал Шахаева.

Проверьте Также

ҰЛЫТАУ ОБЛЫСЫНЫҢ АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ТАУАРЫН ӨНДІРУШІЛЕРІ ҚЫТАЙЛЫҚ ӘРІПТЕСТЕРІНІҢ ТӘЖІРИБЕСІМЕН ТАНЫСТЫ

Ұлытау облысының ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерінен құралған делегация Қытай Халық Республикасының Шыңжаң өндірістік-құрылыс корпусы Халықаралық …