Пятница, 30.10.2026

ОБЛЫС ЖАҢАЛЫҚТАРЫ ЖАҢАЛЫҚТА

ЖОЛ ЖӨНДЕУ ЖҰМЫСТАРЫ БАҚЫЛАУДА

Ұлытау облысының әкімі Есет Байкен жұмыс сапары барысында «Жезқазған – Қарағанды» республикалық маңызы бар автомобиль жолында жүргізіліп жатқан жөндеу жұмыстарымен танысты.

Өңір басшысы автожолдың 448-583, 583-683 және 683-783 шақырым аралығындағы учаскелерін аралап, атқарылып жатқан жұмыстардың қарқыны мен сапасын бақылады. Кездесулер барысында негізгі назар құрылыс қарқынын бәсеңдетпеу және жұмыстардың үздіксіз жүргізілуіне қажетті жағдай жасау мәселелеріне аударылды.

Сапар барысында облыс әкімі ауыл шаруашылығы саласындағы бірқатар нысанды да аралады. Ақтүбек ауылдық округіндегі «Мирас», сондай-ақ «ULYTAU MEAT» және «ULYTAU SHEEP» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативтеріне қарасты «Едіге» және «Нұрәлі», «Бахыт» шаруа қожалықтарының жұмысымен танысты. Шаруалармен кездесіп, саладағы өзекті мәселелер мен ауыл шаруашылығын одан әрі дамыту бағыттарын талқылады.

Қызылжар кентінде Есет Байкен Сарысу өзені арқылы салынып жатқан кіреберіс көпірдің құрылыс барысын тексерді. Сонымен қатар Қызылжар жалпы білім беретін мектебі мен фельдшерлік-акушерлік пункттің қазіргі жағдайымен танысты.

ШЕТЕЛДІК КОМПАНИЯ ӨКІЛДЕРІМЕН КЕЗДЕСТІ

Ұлытау облысының әкімі Есет Байкен өңірде инвестициялық жобаларды іске асыру мәселелері бойынша «China–Kazakhstan Silk Road Yuntu (Xi’an) Technology Development Co., Ltd» компаниясының өкілдерімен кездесу өткізді.

Кездесу барысында компания өкілдері Жезқазған қаласындағы Байқоңыров көшесінде орналасқан апатты тұрғын үйлерді реновациялау бағдарламасы аясында тұрғын үй қорын жаңарту жобасын таныстырды. Облыс әкімі биылғы қыркүйек айының басынан бастап тоғыз тұрғын үйді реновациялаудың бірінші кезеңін бастауды тапсырды. Сонымен қатар келесі аптада компания өкілдері тұрғындармен кездесу өткізіп, жоба аясындағы жұмыстардың кезеңдері, іске асыру тәртібі және алдағы жоспарлар туралы жан-жақты түсіндіру жұмыстарын жүргізеді.

ТЕМІРЖОЛ ВОКЗАЛЫН ЖАҢҒЫРТУ ЖҰМЫСТАРЫ ЖАЛҒАСУДА

Бүгінде нысанда ішкі және сыртқы қабырғаларды тегістеу, шатыр жабындысын ауыстыру, ішкі әрлеу, жылу, желдету және су бұру жүйелерін орнату жұмыстары толық аяқталған. Қазіргі таңда ғимараттың қасбетін әрлеу және екінші қабаттағы инженерлік жүйелерді монтаждау жұмыстары жүргізілуде.

Жаңғырту аясында вокзалға заманауи эскалатор мен лифт орнатылған. Екінші қабатта жолаушыларға арналған фудкорт орналасады. Сонымен қатар, мүмкіндігі шектеулі азаматтардың кедергісіз жүріп-тұруына барлық қажетті жағдай қарастырылған.
Жалпы аумағы 2500 шаршы метрді құрайтын нысанды аралау барысында облыс әкімі қасбетті әрлеуде қолданылатын заманауи сәндік сылақтың сапасына ерекше назар аударып, құрылыс жұмыстарының жоғары деңгейде орындалуын қамтамасыз етуді тапсырды. Сондай-ақ аумақты абаттандыру жұмыстарын белгіленген мерзімде әрі сапалы аяқтауды қатаң бақылауда ұстауды міндеттеді.

ҰЛТТЫҚ ҰЛАНҒА АРНАЛҒАН ӘСКЕРИ ҚАЛАШЫҚ САЛЫНАДЫ

Ішкі істер министрінің орынбасары – Қазақстан Республикасы ІІМ Ұлттық ұланының Бас қолбасшысы генерал-лейтенант Аңсаған Балтабеков жұмыс сапарымен Жезқазған қаласына келіп, 5575 әскери бөлімінің қызметімен танысты.

Әскери бөлімге Аңсаған Балтабеков «Орталық» өңірлік қолбасшылығының қолбасшысы полковник Нұрлан Мұхамедовпен бірге келді. Олар бөлімнің аумағын аралап, штаб ғимараты мен казармалар құрылысының барысымен, сондай-ақ бөлімшенің материалдық-техникалық әлеуетімен танысты.

Іс-сапар барысында жаңа әскери қалашық салуға ерекше көңіл бөлінді. Бас қолбасшыға штаб ғимаратының, казарманың және басқа да инфрақұрылым нысандарының құрылысы туралы баяндалды. Жоба 50-ге жуық офицерді, келісімшарт бойынша 160 әскери қызметкерді және 240 мерзімді қызмет сарбазын орналастыруды көздейді. Қазіргі заманғы әскери кешенді құру бөлімшені дамытудың маңызды кезеңі болмақ. Сондай-ақ қызметті ұйымдастыру және жеке құрамды даярлау үшін қажетті жағдайларды қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Облыс әкімдігінің баспасөз қызметі.

Проверьте Также

ҰЛЫТАУ ОБЛЫСЫНЫҢ АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ТАУАРЫН ӨНДІРУШІЛЕРІ ҚЫТАЙЛЫҚ ӘРІПТЕСТЕРІНІҢ ТӘЖІРИБЕСІМЕН ТАНЫСТЫ

Ұлытау облысының ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерінен құралған делегация Қытай Халық Республикасының Шыңжаң өндірістік-құрылыс корпусы Халықаралық …