АВТОКӨЛІК КӨПІРІНІҢ ҚҰРЫЛЫСЫ АЯҚТАЛУҒА ЖАҚЫН
Ұлытау облысының Қызылжар кентінде Сарысу өзені арқылы өтетін жаңа автокөлік көпірі жыл соңына дейін пайдалануға беріледі.
Көпірдің құрылысы жергілікті тұрғындардың көптен бергі ұсынысы негізінде қолға алынған. Бұған дейін көктемгі және күзгі су тасқыны кезінде қолданыстағы өткелді су шайып, тұрғындар аудан және облыс орталығына айналма жолмен қатынауға мәжбүр болған.
Жаңа көпірдің ұзындығы – 151 метр. Құрылысқа республикалық бюджеттен 2 млрд теңге бөлінген. Қазіргі таңда жұмыстардың шамамен 80 пайызы орындалды. Мердігер компания нысанды қазан айының соңына дейін мерзімінен бұрын аяқтауды жоспарлап отыр.
Қызылжар кентінде 2 мыңға жуық адам тұрады. Жаңа көпір тұрғындардың жыл бойы қауіпсіз әрі тұрақты қатынауын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
ҚОЛА ЖҮЛДЕСІМЕН ҚҰТТЫҚТАДЫ
Ұлытау облысының әкімі Есет Байкен VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында жүлделі орынға ие болған Ұлытау облысының спортшысы Нұрсұлтан Есімбайды қабылдап, халықаралық аренадағы жетістігімен құттықтады.
Қырғызстан Республикасының Бішкек және Шолпан-Ата қалаларында өткен дүбірлі додада Нұрсұлтан Есімбай таяқ тартыстан (маст-рестлинг) 90 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде бақ сынады. Ол 20 мемлекеттен келген спортшылар арасында III орын иеленіп, қола жүлдегер атанды.
Кездесу барысында облыс әкімі спортшының табандылығы мен жоғары нәтижесін атап өтіп, алдағы жарыстарда сәттілік тіледі. Жеңісі үшін Нұрсұлтан Есімбайға 500 мың теңге көлемінде сыйақы табысталды. Сондай-ақ спортшының бапкері Асқар Әбдіхамит те шәкіртінің халықаралық додада жоғары нәтиже көрсетуіне қосқан үлесі үшін құттықталып, оған 250 мың теңге көлемінде сыйақы берілді.
ЖЫЛ СОҢЫНА ДЕЙІН КӨЛІК ҚОЗҒАЛЫСЫ ТОЛЫҚ АШЫЛАДЫ
Ұлытау облысының әкімі Есет Байкен Жезқазған–Қызылорда бағытындағы автожолдың реконструкция жұмыстарының барысын қайта бақылап, нысандардағы қазіргі жағдаймен танысты. Республикалық маңызы бар жолдың құрылысын «Қазавтожол» ұлттық компаниясы жүзеге асыруда.
Қазіргі таңда жолдың сегіз учаскесінің үшеуінде үш қабатты асфальт төсеу жұмыстары толық аяқталды. Тағы екі учаскеде үшінші қабатты асфальт төсеу жұмыстары басталды.
Сонымен қатар екі көпірдегі құрылыс жұмыстары 80%-ға аяқталған. Жезқазған қаласынан шығаберіс аумақта топырақ жұмыстары толық аяқталып, жақын арада асфальт төсеу жұмыстары басталады. Үш учаскеде жолдың көлденең және бойлық таңбаларын сызу жұмыстары жүргізілуде.
Облыс әкімдігінің баспасөз қызметі.
Шарайна
