Пятница, 30.10.2026

ҚҰТТЫ БОЛСЫН! ЖЕРЛЕСТЕРІМІЗ МАРАПАТТАЛДЫ

Еңбек күні қарсаңында Астана қаласында Премьер-министр Олжас Бектеновтің қатысуымен «Еңбек – ел мұраты» атты тағылымды іс-шара өтті. Елімізде Мемлекет басшысының бастамасымен 2013 жылдан бері аталып келе жатқан Еңбек күніне орай ұйымдастырылған жиында еңбек адамдарына құрмет көрсетіліп, өндірістің үздік мамандары мен еңбек ардагерлері марапатталды.

Іс-шара барысында Премьер-министр Олжас Бектенов Мемлекет басшысының еңбек адамына айрықша мән беретінін атап өтті. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Әр азаматтың өмірде өз орнын тауып, отбасын адал еңбекпен асырауына және елінің дамуына үлес қосуына жағдай жасау – ортақ міндетіміз» деп айқындап берді. Мемлекет басшысы ұсынған «Адал азамат» тұжырымдамасында да еңбекқорлық, жауапкершілік, білімге ұмтылу секілді қасиеттерге ерекше мән беріліп келеді.

Ел көлемінде еңбек адамын ұлықтаған айтулы жиында Ұлытау облысының екі азаматы жоғары мемлекеттік марапатқа ие болды. «Құрмет» орденімен 36 жылдық еңбек өтілі бар «Жәйрем» кен-байыту комбинаты» АҚ «Жәйрем» кенішінің бұрғылау қондырғысының машинисі Кеңес Ысқақов және 37 жыл бойы еңбек еткен «Сәтбаев жылу, сумен жабдықтау кәсіпорны» ЖШС жүргізушісі Бекжан Сыздықов марапатталды. Бұл – өндірістің қайнаған ортасында ұзақ жылдар бойы табанды еңбек етіп, өз кәсібіне адалдығын танытқан азаматтарға көрсетілген зор құрмет. Кәсіби білімі мен мол тәжірибесін ел игілігіне арнаған жерлестеріміздің мемлекеттік марапатқа ие болуы – олардың еңбегіне берілген лайықты баға.

Салтанатты шарада Ұлытау облысының атынан қатысқан Жанқоразовтар еңбек әулеті де жоғары нәтижеге қол жеткізді. «Еңбек жолы» республикалық конкурсының қорытындысы бойынша Жанқоразовтар әулеті «Үздік еңбек әулеті» номинациясында ІІ орынға ие болды.

Астана төрінде өткен «Еңбек – ел мұраты» шарасында Ұлытау өңірі азаматтарының еңбегі еленіп, мемлекеттік деңгейде құрмет көрсетілуі – жерлестеріміз үшін ғана емес, бүкіл облыс жұртшылығы үшін зор мақтаныш. Мемлекеттік деңгейде көрсетілген бұл құрмет – Ұлытау өңірінде маңдай терімен ел дамуына үлес қосып жүрген еңбек адамдарының қажырлы еңбегіне берілген жоғары баға. Жерлестеріміздің жетістігі құтты болып, олардың өнегелі еңбек жолы кейінгі буынға үлгі болғай!

Марал Шахаева.

Проверьте Также

ҰЛЫТАУ ОБЛЫСЫНЫҢ АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ТАУАРЫН ӨНДІРУШІЛЕРІ ҚЫТАЙЛЫҚ ӘРІПТЕСТЕРІНІҢ ТӘЖІРИБЕСІМЕН ТАНЫСТЫ

Ұлытау облысының ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерінен құралған делегация Қытай Халық Республикасының Шыңжаң өндірістік-құрылыс корпусы Халықаралық …