Пятница, 30.10.2026

ЕҢБЕК АДАМДАРЫНА ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛДІ

Сәтбаев қаласында Еңбек күніне орай «Еңбек адамы – ел мақтанышы» атты салтанатты шара өтті. Мерекелік жиынның басты мақсаты – адал еңбегімен ел дамуына үлес қосып жүрген азаматтардың еңбегін дәріптеп, жұмысшы мамандықтардың мәртебесін арттыру.

Шара барысында қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуына өз еңбегімен үлес қосып жүрген түрлі сала мамандарына құрмет көрсетілді. Кен өндірісі, коммуналдық шаруашылық, энергетика, абаттандыру, қоғамдық көлік және басқа да маңызды салаларда еңбек етіп жүрген азаматтар Сәтбаев қаласы әкімінің Алғыс хаттары мен ақшалай сыйақыларына ие болды.

Салтанатты жиында жұмысшы мамандарды даярлау мен кәсіби білім беруге қосқан үлесі үшін «Қазақмыс» корпорациясының Технологиялық колледжіне де арнайы марапат табысталды. Бұл – еңбек нарығына қажетті білікті кадрларды даярлаудың және жастарды техникалық мамандықтарға баулудың маңызын айқындайтын ерекше бағалау.

Шарада қала әкімі Кеңгірбай Смағұлов еңбек адамдарына жылы лебізін білдіріп, олардың қоғамдағы маңызды рөліне тоқталды. Әкім қаланың әрбір жетістігінің артында өз ісіне жауапкершілікпен қарайтын, маңдай терімен еңбек етіп жүрген азаматтардың еңбегі жатқанын атап өтті. «Еңбек – ел дамуының берік негізі. Күн сайын өз кәсібіне адалдық танытып, қаланың тыныс-тіршілігін қамтамасыз етіп жүрген жұмысшылардың еңбегі зор құрметке лайық», деді шаһар басшысы өз сөзінде.

Салтанатты шара осы еңбекті елеп-ескеріп, кәсіби мамандарға қолдау көрсетудің маңызын тағы бір мәрте көрсетті. Еңбек адамына құрмет – адал еңбекке құрмет. Ал Сәтбаевтың бүгінгі жетістігі мен ертеңгі дамуы осындай еңбекқор азаматтардың қажырлы еңбегімен тікелей байланысты.

Ізбасар Ойбас.

Проверьте Также

ҰЛЫТАУ ОБЛЫСЫНЫҢ АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ТАУАРЫН ӨНДІРУШІЛЕРІ ҚЫТАЙЛЫҚ ӘРІПТЕСТЕРІНІҢ ТӘЖІРИБЕСІМЕН ТАНЫСТЫ

Ұлытау облысының ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерінен құралған делегация Қытай Халық Республикасының Шыңжаң өндірістік-құрылыс корпусы Халықаралық …