Пятница, 30.10.2026

ОБЛЫС ЖАҢАЛЫҚТАРЫ

СУ ТАЗАРТУ БЛОК-МОДУЛІ ІСКЕ ҚОСЫЛДЫ

Ұлытау ауданының Қарсақбай кентінде тұрғындарды сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету және су сапасын жақсарту мақсатында заманауи су тазарту блок-модулі іске қосылды.

Кешеннің өнімділігі – сағатына 500 литр. Барлық қажетті жабдық жылытылатын блок-контейнерге орналастырылып, жарықтандыру, жылыту, желдету және ішкі инженерлік жүйелермен толық қамтамасыз етілген. Кешен механикалық қоспалардан, еріген тұздардан, ауыр металдардан, органикалық қосылыстардан, бактериялар мен вирустардан тиімді тазартуға мүмкіндік береді. Нәтижесінде ауыз судың сапасы мен дәмдік қасиеттері жақсарады.

Жобаның басты мақсаты – Қарсақбай тұрғындарын санитариялық талаптарға сай сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету, су сапасын арттыру және халықтың санитариялық-эпидемиологиялық қауіпсіздігін күшейту.


АЛҒАШҚЫ ГЕОЛОГИЯЛЫҚ БАРЛАУ ЖҰМЫСТАРЫ БАСТАЛДЫ

Мемлекеттік бағдарлама аясындағы геологиялық барлау жұмыстары республика бойынша алғашқылардың бірі болып Ұлытау облысында қолға алынды.

ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев Ұлытау облысына жұмыс сапары барысында мемлекеттік бағдарлама аясында жүргізіліп жатқан геологиялық барлау жұмыстарының барысымен танысты.

Бүгінде геологиялық барлау – елдің минералдық-шикізат базасын нығайтуға бағытталған стратегиялық басымдықтардың бірі. Осы бағыттағы жұмыстардың маңызды бөлігі Ұлытау облысында жүзеге асырылуда. Өңірде заманауи аэрогеофизикалық зерттеулер жүргізілуде. «Қазақмыс Барлау» мамандары «Ұлытау №1», «Ұлытау №2» және «Ұлытау №3» учаскелерінде кешенді зерттеу жұмыстарын қолға алған. Атап айтқанда, аэромагниттік түсірілім, аэрогамма-спектрометрия және аэрогравиметрия әдістері қолданылуда.

Бұл технологиялар қысқа мерзім ішінде кең аумақтарды зерттеп, олардың заманауи геофизикалық моделін қалыптастыруға мүмкіндік береді. Жиналған деректердің негізінде өңірдің геологиялық құрылымы нақтыланып, пайдалы қазбаларға перспективалы учаскелер анықталады. Бұл өз кезегінде кейінгі іздеу-барлау жұмыстарының нақты бағыттарын белгілеуге жол ашады.


ҚҰС ФАБРИКАСЫ ІСКЕ ҚОСЫЛДЫ

Ұлытау облысында құс шаруашылығын дамытуға бағытталған жаңа инвестициялық жоба жүзеге асырылды.

«Ахтямов Р.Н.» шаруа қожалығы 50 000 басқа дейін құс ұстауға арналған заманауи құс фабрикасын салып, қажетті технологиялық жабдықтармен қамтамасыз етті. Жоба аясында құс фабрикасы азықтандыру, суару, жұмыртқа жинау, көң шығару және микроклиматты автоматты түрде қамтамасыз етуге арналған заманауи жабдықтармен жарақтандырылды.

Жаңа өндіріс өңірдегі жергілікті жұмыртқа өндірісін арттырып, азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға және агроөнеркәсіп кешенін дамытуға мүмкіндік береді.


«ЖАЙЛАУ» БАҒДАРЛАМАСЫ БАСТАЛДЫ

Ұлытау облысында мал шаруашылығын дамытуға бағытталған «Жайлау» бағдарламасы іске қосылды.

Бағдарлама аясында: асыл тұқымды аналық ірі қара және ұсақ мал сатып алуға; мал шаруашылығы базалары мен қора-жайлар салуға; қоршаулар орнатуға және ұңғымалар бұрғылауға; жайылымдық инфрақұрылымды дамытуға; күн электр панельдерін сатып алуға қаржыландыру қарастырылған.

Қаржыландыру шарттары: Ірі қара мал жобаларына – 350 млн теңгеге дейін; Ұсақ мал жобаларына – 200 млн теңгеге дейін.

Сыйақы мөлшерлемесі – жылына 6%-ға дейін. Мерзімі – 10 жылға дейін.

Негізгі талап – кемінде 150 бас ірі қара немесе 500 бас ұсақ мал болатын шаруашылық құру.

 

Облыс әкімдігінің баспасөз қызметі.

Проверьте Также

ҰЛЫТАУ ОБЛЫСЫНЫҢ АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ТАУАРЫН ӨНДІРУШІЛЕРІ ҚЫТАЙЛЫҚ ӘРІПТЕСТЕРІНІҢ ТӘЖІРИБЕСІМЕН ТАНЫСТЫ

Ұлытау облысының ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерінен құралған делегация Қытай Халық Республикасының Шыңжаң өндірістік-құрылыс корпусы Халықаралық …