«Қартын сыйлаған елдің қазынасы мол» деп өсиет еткен қазақ қашанда қарттарын қадірлеп өскен ұлт. Үлкенді сыйлау мен оларға құрмет көрсету – ата-бабадан келе жатқан салтымыз. Тәжірибесі мол аға буынның өмір жолы өскелең ұрпақ үшін аса құнды. Сондықтан xалқымыз ертеден-ақ үлкенге құрмет көрсетуді өсиет етіп, ұрпақтар арасындағы сабақтастыққа, үйлесімге ерекше мән берген.
1 қазан – Халықаралық қарттар күні мерекесі қарсаңында №16 жалпы білім беретін мектептің 5«А» сынып оқушылары қала тұрғыны, қарт апа Меңдіғазинова Ғания Ғаббасқызының үйіне арнайы барып, мерекесімен құттықтап қайтты. Сынып жетекшісі Бимакаева Раушан Жұматқызы бастап барған оқушылар Ғания апаға түрлі азық-түлікке толы себеттерді табыстап, құрмет пен ілтипат көрсетті.
Ғания апа кезінде 30 жылдан аса Жезқазған қаласындағы тоқу фабрикасында тігінші болып еңбек еткен. Кейін ол жабылған соң, қаламыздағы Абай атындағы №4 лицей-мектебінде еден жуушы болып істеді. Қазіргі таңда егде жастағы апа үйде, бейнетінің зейнетін көріп отыр.
– Бұл мереке – аға ұрпақтың қоғам өміріне қосқан үлесіне шынайы ризашылық білдіретін және ардагерлерге қамқорлық көрсететін айрықша күн. Сіздердің жүріп өткен жолдарыңыз, еткен еңбектеріңіз – ұрпақ үшін үлгі-өнеге. Ақылы – дария, білімі – теңіз, өмірлік тәжірибесі мол сіздерден тәлім-тәрбие алған іні-қарындастарыңыз өздеріңіз бастаған игілікті істерді жалғастыруда. Ғания апа, Сізді мерейлі мерекеңізбен шын жүректен құттықтай отырып, деніңізге саулық, ұзақ ғұмыр, отбасыңызға бақ-береке, ырыс-несібе тілейміз, – деп Раушан Жұматқызы сынып атынан жүрекжарды тілегін жеткізді.
Кездесуде оқушылар дайындап әкелген өнерлерін ортаға салып, домбырамен күй орындап, қадірлі қарияға мерекелік көңіл күй сыйлады.
Халқымыздың асыл қасиеттерін дәріптеу, инабаттылыққа, жақсы мен жаманды ажырата білуге тәрбиелеу мақсатында өткізілетін осындай игі іс-шаралар жасөспірімдердің бойында үлкенге құрмет пен қамқорлықты, ізгілік пен мейірімділікті қалыптастыруға жол ашары сөзсіз.

Марал Шахаева.
Суретті түсірген автор.
