Пятница, 30.10.2026

ҚОҚЫС ОРЫНДАРЫ ЖОЙЫЛУДА

Сәтбаев қаласының тазалығы мен көріктілігі – ортақ жауапкершілік. Осы орайда қала сыртындағы рұқсат етілмеген қоқыс орындарын жою бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүргізілуде.

Жалпы, қала аумағынан тыс жерлерде жиналған тұрмыстық және басқа да қалдықтарды тазарту жұмыстарын ЖК «Усабеков» атқаруда. Жұмыс барысында қоқысты жинау және шығару үшін тиегіш пен самосвал арнайы техникасы жұмылдырылған. Жүргізіліп жатқан жұмыстардың нәтижесінде күн сайын 30 тоннаға дейін қоқыс шығарылуда. Бұл – қоршаған ортаның тазалығын сақтап, қала маңындағы аумақтардың санитарлық жағдайын жақсартуға бағытталған маңызды шара.

Алайда рұқсат етілмеген қоқыс орындарының қайта пайда болуы – өзекті мәселе. Қалдықтарды белгіленбеген жерлерге төгу қоршаған ортаға зиян келтіріп қана қоймай, қолданыстағы заңнама талаптарын бұзу болып табылады. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, көлік құралдарын пайдалана отырып стихиялық қоқыс орындарын қалыптастырғаны үшін әкімшілік жауапкершілік көзделген. Атап айтқанда, ҚР ӘҚБтК-нің 344-бабының 2-1-бөлігіне сәйкес, құқық бұзушылық жасаған тұлғаның санатына қарай 100-ден 1000 АЕК-ке дейін айыппұл салынуы мүмкін.

Сондай-ақ ҚР ӘҚБтК-нің 505-бабына сәйкес, абаттандыру қағидаларын бұзғаны үшін 20-дан 100 АЕК-ке дейін, ал осыған ұқсас құқық бұзушылықты қайталап жасаған жағдайда 30-дан 300 АЕК-ке дейін айыппұл қарастырылған.

– Тазалықты сақтау тек арнайы қызметтердің жұмысы емес, әр тұрғынның ортақ міндеті. Қоқысты белгіленбеген орындарға тастамай, қалдықтарды арнайы белгіленген орындарға шығару – қоршаған ортаға деген жауапкершіліктің көрінісі. Таза қала – ортақ еңбектің нәтижесі. Сәтбаевтың тазалығы әрқайсымыздың жауапкершілігімізден басталады, – дейді ЖК «Усабеков» директорының орынбасары Нұрбол Әлібеков.

Проверьте Также

ҰЛЫТАУ ОБЛЫСЫНЫҢ АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ТАУАРЫН ӨНДІРУШІЛЕРІ ҚЫТАЙЛЫҚ ӘРІПТЕСТЕРІНІҢ ТӘЖІРИБЕСІМЕН ТАНЫСТЫ

Ұлытау облысының ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерінен құралған делегация Қытай Халық Республикасының Шыңжаң өндірістік-құрылыс корпусы Халықаралық …