Сәтбаевта жылыту маусымына дайындық жұмыстары жалғасып жатыр. Қаладағы жылу және электр желілерінде жоспарлы жөндеу жүргізіліп, көппәтерлі тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандардың әзірлігі пысықталуда. Бүгінде 630 көппәтерлі үйдің 600-і дайындық актісін алды.
Қала әкімі Кеңгірбай Смағұловтың қатысуымен өткен жиында жылу және электрмен жабдықтау кәсіпорындарының, білім бөлімі мен әкімдік мамандарының жылыту маусымына дайындығы туралы есептері тыңдалды.
Қысқы кезеңге әзірлік барысында №1 жылу станциясында негізгі жөндеу жұмыстары толық аяқталды. Жылу желілеріндегі жоспарлы жөндеу шаралары да атқарылды. Қазіргі уақытта №2, №3 және №4 жылу желілерін толтыру және олардың тығыздығын сынау жұмыстары аяқталған. Ал №1 жылу желісін толтыру жұмыстары жалғасуда. Алдағы күндері жылу желілерін гидропневматикалық шаю жұмыстары басталады. Бұл – жылу жүйесін қысқы жүктемеге дайындаудың маңызды кезеңдерінің бірі.
Жылыту маусымына дайындық тек жылу инфрақұрылымымен шектелмейді. Электр желілері нысандарында да жоспарлы жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Атап айтқанда, кернеуі 6–0,4 кВ әуе және кабельдік желілер, сондай-ақ күштік электр жабдықтары жөнделіп жатыр. Бұл жұмыстардың негізгі мақсаты – қысқы кезеңде электрмен жабдықтаудың тұрақтылығын қамтамасыз ету.
Жылыту маусымының сәтті өтуінде тұрғын үй қорының дайындығы ерекше маңызға ие. Қаладағы 630 көппәтерлі тұрғын үйдің 600-і дайындық актісін алған. Бұл ретте қалған үйлер бойынша тиісті жұмыстарды белгіленген мерзімде аяқтау қажет.
Әлеуметтік нысандардың барлығы жылыту маусымына толық дайын. Оның ішінде білім беру нысандарының әзірлігі де қамтамасыз етілген.
Сонымен қатар жеке тұрған кәсіпкерлік нысандардың дайындығы күнделікті бақылауда. Кәсіпкерлік бөлімі олардың жылыту маусымына әзірлігіне тұрақты мониторинг жүргізіп келеді.
Жылыту маусымына дайындық – бірнеше мекеменің ғана емес, жылу беруші кәсіпорындардан бастап тұрғындар мен кәсіпкерлерге дейінгі барлық тараптың ортақ жауапкершілігін талап ететін жұмыс. Қазір негізгі міндет – қалған техникалық шараларды сапалы аяқтап, жылу желілерін сынақтан өткізу және тұрғын үй қорының толық әзірлігін қамтамасыз ету.
Қала басшысы тиісті қызметтерге дайындық жұмыстарын белгіленген мерзімде аяқтауды тапсырды. Алдағы уақытта жылу және электр желілерінің, тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандардың әзірлігі бақылауда болады.
Жылыту маусымының уақытылы әрі тұрақты басталуы – бүгінгі дайындық жұмыстарының сапасына тікелей байланысты. Сондықтан әрбір нысанның әзірлігі мен инженерлік желілердің техникалық жағдайы күн тәртібіндегі басты мәселелердің бірі болып қала бермек.
Ізбасар Ойбас.
Шарайна
