Воскресенье, 5.04.2026

КІТАП ОҚУҒА ШАҚЫРАМЫЗ!

Қазіргі заманда технология дамығанымен кітаптың маңызы ешқашан кеміген емес. Осы орайда Сәтбаев қаласының Отбасылық оқу кітапханасы тағы да бірнеше жаңа кітаптармен өз қорын толықтырды. Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің «Мәдениет және өнер саласындағы бәсекелестікті жоғарылату, қазақстандық мәдени мұраны сақтау,зерделеу мен насихаттау және архив ісінің іске асырылу тиімділігін арттыру» бағдарламасына сәйкес «Әдебиеттің әлеуметтік маңызды түрлерін сатып алу, басып шығару және тарату» кіші бағдарламасы бойынша жарық көрген кітаптарды назарға ұсынамыз.

Яшкүрқызы Ө. «Су астындағы сұмдық. Детективті әңгімелер жинағы».
Балалар әдебиеті баспасы. 2025 жыл-224 бет.

Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, Қазақстанның құрметті жазушысы Өріс Яшкүрқызының қазақ әйелдерінің қылмыстары туралы детективті жанрда жазылған екінші кітап. Байлық пен мансап, қорлықтың, билікке құмартудың, қызғаныш пен көре алмаушылықтың, отбасылық, тұрмыстық қатыгездіктің салдарын көркемдеп әдеби образдар желісімен шынайы баяндалған.

Келімбетов Н. «Үміт үзгім келмейді: Хикаят-монолог».
Алматы: «Sana Publishing», 2025 ж.-324 бет.

Автор басынан кешкен қиындықтарға мойымай, тағдырға қарсы тұрудың, рухани беріктіктің үлгісін көрсетеді. Ауру азабы, жалғыздық сезімі, өмірдің мәні туралы толғаныстар шығарманың өзегіне айналады. Соған қарамастан, жазушы өмірге деген махаббатын, жақындарының қолдауын, адамдық сенімнің күшін жоғары қояды. Шығарманың негізгі идеясы – қандай қиын жағдайда да үмітті жоғалтпау, рухтың тәннен биік тұратынын дәлелдеу.

Кеңшілікұлы А. «Жүрек сөзі. Эсселер, әдеби зерттеулер мен мөлтек сырлар».
Алматы: Атамұра, 2024 ж.-320 бет.

«Жүрек сөзі» – адам бойындағы ішкі сезім, адамгершілік, адалдық пен мейірім туралы ой қозғайтын тағылымдық шығарма. Автор жүрек ұғымын жай ғана мүше емес, адамның рухани әлемінің айнасы ретінде бейнелейді. Автор адамды тазалыққа, ізгілікке, шындықты жүрекпен сезіне білуге шақырады.

Орақбаев А. «IQUP/ Мүмкіндік».
Алматы: «IQUP» баспасы, 2023.-168 бет.

«Мүмкіндік» – адам өмірінде кездесетін таңдау сәті, өзін-өзі дамыту, жауапкершілік туралы ой қозғайтын тәрбиелік шығарма. Шығармада әр адамға өмірде түрлі мүмкіндік берілетіні, бірақ сол мүмкіндікті байқап, дұрыс пайдалана білу маңызды екені баяндалады.

Петров Г. «Мінсіз мұғалім».
Алматы: «Sana Publishing», 2025.-64 бет.

«Мінсіз мұғалім» – ұстаз тұлғасын биік қоятын, мұғалімнің адамгершілік болмысы мен кәсіби жауапкершілігін суреттейтін тағылымдық шығарма. Автор мұғалімнің әрбір сөзі мен ісі оқушы тағдырына әсер ететінін айта отырып, ұстаздың шын ықыласы, сабырлылығы, білімге деген адалдығы ең басты қасиет екенін алға тартады. Негізгі идеясы – мінсіз мұғалім болмайды, бірақ соған ұмтылу – ұстаздық парыз.

Жануарлар: балаларға арналған энциклопедия.
Алматы «Аруна» баспасы, 2025.-88 бет.-Сер.: «Қызықты деректер».

Қоршаған ортаны, әлемдегі бізге беймәлім құбылыстардың құпия сырларын ашуға құмар. Энциклопедиядан балалар жануарлардың түрлері, тіршілік ету ортасы, қоректенуі, мінез-құлқы, адам өміріндегі маңызы және жойылып бара жатқан жануарлар туралы қызықты әрі пайдалы мәліметтер алады.

Дүйсенбин П. «Жұмбақ жұлдыз жымыңы: Ертегі – хикаяттар».
Алматы: «Ана тілі» баспасы, 2025.-312 б.

Кітапта балалар мен жасөспірімдерге арналған ертегілер мен қиял-ғажайып ертегі-хикаяттары топтастырылған.

Игнатовски Рэйчел. «Ғылымдағы әйелдер. Әлемді өзгерткен 50 ғалым –әйел».
Алматы: «Мазмұндама» қоғамдағы қоры – 2021.-128 б.

Бұл – ғылым тарихында із қалдырған әйгілі әйелдер туралы танымдық кітап. Еңбек жас оқырмандарға арналғанымен, барлық жастағы адамдарға түсінікті әрі қызықты тілмен жазылған. Ғылымға қызығатын балалар мен жасөспірімдерге шабыт беретін, білімге құштарлықты арттыратын, тәрбиелік мәні жоғары кітап.

Досжан С. «Бала шақтан – болашаққа. Ғұмырнамалық – танымдық повесть».
Алматы: ЖШС РПБК «Дәуір», 2025.-160б.

Кітап тәрбиелік-танымдық бағыттағы прозалық еңбек. Автор адамның тұлға болып қалыптасу жолын бала кезден бастап, есейіп, болашаққа қадам басқанға дейінгі өмір кезеңдері арқылы көрсетеді. Кітаптың негізгі идеясы – балалық шақтан алған тәрбие мен білім адамның болашағын айқындайды деген ой.

Данабаев Қ. «Сағыныш екен бала кез…: повестер».
Қарағанды: «Gasym баспа үйі», 2024.-198 б.

Кітапта автор ауылдағы баланың өмірін, сол кезеңнің аңғал да таза сезімдерін шынайы әрі әсерлі түрде бейнелейді. Шығармада баланың күнделікті тіршілігі, ойындары, достарымен қарым қатынасы, ата-ана мен ауыл адамдарының қамқорлығы суреттеледі. Сонымен қатар, уақыттың тез өтіп, сол бақытты күндердің қайта оралмайтыны туралы ой да беріледі.

Біз ұсынған кітаптар күйбең тіршіліктен бір сәтке арылып, кітап әлеміне кіріп тынығуға зор мүмкіндік береді. Зерттеулер бойынша, кітап оқу стресс деңгейін төмендетеді. Сондықтан, келіңіздер, кітап алып оқыңыздар!

Сәтбаев қаласының Отбасылық оқу кітапханасы.

О Админ

Проверьте Также

СОЦВЫПЛАТЫ К ПРАЗДНИКУ

По информации акимата города Сатпаев, в рамках праздничных мероприятий предусмотрена выплата единовременной социальной помощи женщинам, …