Пятница, 30.10.2026

ЕЛ АҒАЛАРЫНА ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛДІ

Жақында облыс әкімі Дастан Рыспековтың қатысуымен Ұлытау облысы ардагерлер ұйымының ІІ конференциясы өтіп, оған облыс басшылығы, ардагерлер ұйымының мүшелері, қоғам қайраткерлері, мемлекеттік органдардың өкілдері қатысты.

Жиында арнайы шақырылған қонақ – «Ардагерлер ұйымы» РҚБ Орталық кеңесі төрағасының орынбасары Өмірзақ Озғанбайұлы сөз сөйлеп, ардагерлер қозғалысының қоғамдағы маңызына тоқталды.

Облыс әкімі өз сөзінде жиынның маңыздылығына тоқталып, бұл басқосудың алдағы республикалық ардагерлер ұйымының ХІ съезіне дайындықтың маңызды кезеңі екенін атап өтті. Сондай-ақ, ардагерлердің ел бірлігі мен ұрпақ тәрбиесіндегі ерекше рөліне назар аударып, олардың өмірлік тәжірибесі әрдайым құнды екенін жеткізді. Одан әрі облыс әкімі бірқатар ардагерлерді белсенді қоғамдық қызметі, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлесі үшін Ұлытау облысының Құрмет грамотасымен марапаттады.

Іс-шара аясында «Ардагерлер ұйымы» РҚБ Орталық кеңесі төрағасының орынбасары Өмірзақ Озғанбайұлы бір топ ақсақалдарды «Құрметті ардагер» төсбелгісімен марапаттап, олардың қоғамдағы елеулі еңбегіне жоғарғы баға берді. Осы марапат иелерінің қатарында Сәтбаев қалалық ардагерлер ұйымының төрағасы Алаш Тұрлыбек ағамыздың болуы – біз үшін үлкен мақтаныш. Алаш ағамыздың саналы ғұмырын ел игілігіне арнап, ардагерлердің бірлігін нығайтуға, кейінгі буынға өнеге боларлық тағылымды істер атқаруға қосқан үлесі орасан зор. Ол кісінің табандылығы мен жанашырлығының арқасында талай игі бастамалар жүзеге асып, қоғамдық жұмыстардың өрісі кеңейді.

Конференция қорытындысы бойынша Облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы болып Мұрат Сүтенұлы Қазамбаев тағайындалды.

Өз тілшіміз.

Проверьте Также

ҰЛЫТАУ ОБЛЫСЫНЫҢ АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ТАУАРЫН ӨНДІРУШІЛЕРІ ҚЫТАЙЛЫҚ ӘРІПТЕСТЕРІНІҢ ТӘЖІРИБЕСІМЕН ТАНЫСТЫ

Ұлытау облысының ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерінен құралған делегация Қытай Халық Республикасының Шыңжаң өндірістік-құрылыс корпусы Халықаралық …