Пятница, 30.10.2026

СӘТБАЕВ ҚАЛАСЫНЫҢ ӘКІМІ МҰРАТ БӨРІБАЕВТЫҢ ҚАЛА ТҰРҒЫНДАРЫНА ҮНДЕУІ

Құрметті сәтбаевтықтар!

Қадірлі ата-аналар, ардақты қала тұрғындары және жас достар!

Біздің ортақ мақсатымыз – Сәтбаев қаласын жайлы, көрікті әрі тұрғындарға қолайлы мекенге айналдыру. Осы бағытта қаладағы қоғамдық кеңістіктерді абаттандыру, демалыс орындарын жаңғырту және тұрғындардың бос уақытын тиімді өткізуіне жағдай жасау бойынша жүйелі жұмыстар жүргізілуде.

Сол игі бастамалардың бірі ретінде Ұлы Жеңіс мерекесі қарсаңында «Жеңіс» саябағындағы жаңа субұрқақ пайдалануға берілді. Бұл нысан қала тұрғындары мен қонақтарының демалысын көркейтіп, саябақтың сәнін арттыру мақсатында салынды. Алайда өкінішке қарай, іске қосылғанына көп уақыт өтпей жатып, субұрқақ бірнеше рет істен шықты. Мұның басты себебі – субұрқақтың өз мақсатына сай пайдаланылмауы. Кейбір балалар субұрқақты ойын алаңына және суға шомылатын орынға айналдырып, оның ішінде велосипед жуып, самокат тепкен жағдайлар тіркелді. Соның салдарынан нысанның техникалық жабдықтарына зақым келіп, қайта жөндеу жұмыстарын жүргізуге тура келді.

Құрметті тұрғындар!

Заманауи субұрқақ – жай ғана су шашатын құрылғы емес. Оның құрамында түрлі түсті жарық шамдары, электр желілері, су айналымын қамтамасыз ететін күрделі техникалық жүйелер орнатылған. Сондықтан субұрқақ ішінде ойнау немесе шомылу тек жабдықтардың бұзылуына ғана емес, балалардың қауіпсіздігіне де қатер төндіреді.

Осыған байланысты барлық ата-аналарды балаларына қоғамдық орындардағы тәртіп ережелерін түсіндіруге шақырамын. Субұрқақ ойын алаңы немесе бассейн емес. Ол жаздың ыстық күндерінде саябаққа келушілерге жайлы орта қалыптастыратын сәулеттік және демалыс нысаны болып табылады.

Құрметті ата-аналар!

Балаларыңыздың қауіпсіздігі ең алдымен өз қолдарыңызда. Сондықтан қоғамдық орындарда олардың әрекеттеріне назар аударып, ортақ мүлікке ұқыпты қараудың маңызын түсіндіріңіздер. Егер субұрқақ ішінде ойнап жүрген балаларды байқасаңыздар, ескерту жасап, тәртіп сақтауға шақыруларыңызды сұраймын.

Қадірлі жерлестер!

Қаладағы саябақтар, субұрқақтар, балалар алаңдары мен басқа да қоғамдық кеңістіктер – баршамызға ортақ игілік. Оларды күтіп ұстау мен сақтау тек коммуналдық қызметтердің ғана емес, әрбір тұрғынның азаматтық жауапкершілігі болып табылады.

Біз қаламызды көркейту үшін жұмыс істеп жатырмыз. Ал оның тазалығы мен сақталуы әрқайсымыздың мәдениетімізге, жанашырлығымызға және жауапкершілігімізге байланысты.

Қоғамдық тәртіп талаптары бұзылған жағдайда заңнамаға сәйкес тиісті шаралар қолданылатынын ескертемін.

Баршаңызды ортақ мүлкімізге жанашырлықпен қарап, қаламыздың көркеюіне бірге үлес қосуға шақырамын.

Проверьте Также

ҰЛТТЫҚ МҰРАНЫ ҰЛЫҚТАҒАН ҰЛЫТАУЛЫҚ БРЕНД

17 жылдық тәжірибесі бар креатор-дизайнер, «Graf» баспаханасының негізін қалаушы, Еуразиялық дизайнерлер одағының мүшесі Арайлым Есембекова …