Пятница, 30.10.2026

ЖАҢА КОНСТИТУЦИЯ КҮШІНЕ ЕНДІ

2026 жылдың 1 шілдесінен бастап Қазақстан Республикасында жалпыхалықтық референдумда қабылданған жаңа Конституция толық көлемде күшіне енді. Бұл оқиға елдің саяси жүйесі мен мемлекеттік басқару құрылымында ауқымды өзгерістердің басталуын білдіреді. Сарапшылардың бағалауынша, бұл тек құқықтық жаңару ғана емес, сонымен бірге қоғамның даму бағытын айқындайтын тарихи бетбұрыс.

 Адам құқығы – басты құндылық

Жаңа Ата заңның негізгі өзегіне адам, оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары қойылған. Конституцияның 1-бабында бұл қағида нақты бекітіліп, мемлекеттің ең қымбат қазынасы – адам екені айқын көрсетілген. Осыған сәйкес, мемлекеттік саясаттың басты мақсаты азаматтардың құқықтарын қорғау, олардың өмір сапасын арттыру және әлеуметтік әділеттілікті қамтамасыз ету болып қала береді.

Бұл ұстаным мемлекеттік органдардың барлық шешімдері мен әрекеттерінің орталығына азамат мүддесін қояды. Яғни, енді кез келген басқарушылық бастама ең алдымен халықтың игілігі мен әл-ауқатына әсері тұрғысынан бағаланатын болады.

Жалпы, жаңа Ата заң 11 бөлім мен 96 баптан тұрады. Оның құрылымы мемлекет пен қоғам арасындағы қарым-қатынасты құқықтық тұрғыдан нақты реттеп, ел дамуының ұзақ мерзімді бағытын айқындайды.

 Саяси жаңғырудың жаңа кезеңі

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент палаталарының бірлескен отырысында сөйлеген сөзінде 1 шілдеден бастап мемлекеттік басқару жүйесін түбегейлі жаңғырту ресми түрде басталатынын атап өтті. Президенттің айтуынша, бұл өзгерісті қарапайым әкімшілік реформа ретінде қабылдауға болмайды, өйткені ол елдің саяси дамуына тікелей әсер ететін терең трансформациялық үдеріс болып табылады.

Президент сондай-ақ жаңа Конституцияның күшіне енуі – ұлт тағдырына ықпал ететін тарихи кезең екенін атап өтіп, алдағы уақытта бірқатар маңызды саяси шешімдер қабылданатынын жеткізді. Соның ішінде құрылтай сайлауын өткізуге қатысты арнайы Жарлықтың қабылдануы да саяси бәсекелестікті арттырып, ашық демократиялық процестерді нығайтатыны айтылды.

Ашықтық пен әділдік қағидаты

Жаңа саяси кезеңде басты талаптардың бірі – ашық, адал және әділ бәсекені қамтамасыз ету. Бұл қағида саяси партиялар арасындағы өзара ықпалдастықты күшейтіп қана қоймай, азаматтардың саяси процеске қатысу белсенділігін де арттыруға бағытталған.

Саяси жүйедегі өзгерістердің түпкі мақсаты – қоғамдағы сенімді нығайту және мемлекеттік институттардың тиімділігін арттыру. Осы арқылы елде демократиялық құндылықтардың жаңа деңгейге көтерілуі көзделіп отыр.

Мемлекеттік басқарудағы жаңа бағдар

Жаңа Конституцияға сәйкес мемлекеттік басқару жүйесі адам факторы мен әлеуметтік жауапкершілікке негізделеді. Бұл дегеніміз – барлық деңгейдегі билік құрылымдары халықтың қажеттілігін ескеріп, шешім қабылдауда ашықтық пен есептілік принциптерін ұстануы тиіс.

Мұндай тәсіл мемлекеттік органдардың жұмысын сапалық тұрғыдан жаңартып, азаматтар мен билік арасындағы өзара сенімді күшейтеді.

Түйін

Жаңа Конституцияның күшіне енуі Қазақстан үшін жаңа тарихи кезеңнің басталуын білдіреді. Бұл өзгеріс тек құқықтық жүйені жаңартумен шектелмей, мемлекеттік басқару мәдениетін, саяси бәсекелестікті және азаматтардың құқықтарын қорғау деңгейін жаңа сатыға көтеруге бағытталған.

Ел дамуының жаңа кезеңінде басты назар – адам және оның әл-ауқаты. Осы ұстаным жаңа Қазақстанның саяси-құқықтық негізін қалыптастыратын басты қағида ретінде бекіп отыр.

Ізбасар Ойбас.

Проверьте Также

ҰЛЫТАУ ОБЛЫСЫНЫҢ АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ТАУАРЫН ӨНДІРУШІЛЕРІ ҚЫТАЙЛЫҚ ӘРІПТЕСТЕРІНІҢ ТӘЖІРИБЕСІМЕН ТАНЫСТЫ

Ұлытау облысының ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерінен құралған делегация Қытай Халық Республикасының Шыңжаң өндірістік-құрылыс корпусы Халықаралық …