Пятница, 30.10.2026

«БАЛАЛАРЫМЫЗ ЕҢ ЖАҚСЫСЫНА ЛАЙЫҚ»

Сәтбаев қаласында тұрғындардың, әсіресе балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруға арналған жаңа аттракциондар паркі салынып жатыр. Қаланың төменгі бөлігіндегі «Жеңіс саябағында» жүзеге асырылып жатқан жоба – шаһар тарихындағы осындай форматтағы алғашқы ірі бастамалардың бірі.

Қазіргі таңда паркте бес заманауи аттракцион орнатылып, монтаж жұмыстары аяқталуға жақын. Мамандар электр желілеріне қосу жұмыстарын жүргізуде. Жоба келесі жылы да жалғасып, демалыс орны жаңа ойын және ойын-сауық элементтерімен толықтырылады. Сонымен қатар, жоба аясында жаңа жұмыс орындары ашылады. Мердігер ұйымның мәліметінше, шамамен 10 адам тұрақты жұмыспен қамтылып, олардың жалақысы 200 мың теңгеден кем болмайды.

Сәтбаев қаласының әкімі аталған жобаның балалардың қауіпсіз әрі сапалы демалысын қамтамасыз етуге бағытталғанын атап өтті.

– «Жеңіс саябағында» бой көтеріп жатқан аттракциондар паркін арнайы барып көрдім. Бұл – Сәтбаев қаласының тарихында алғаш рет жүзеге асып жатқан маңызды жоба. Қаланың төменгі бөлігінде орналасқан жаңа демалыс орны, ең алдымен, балаларымыздың қуанышы үшін салынуда. Биыл мұнда бес аттракцион орнатылуда, монтаж жұмыстары аяқталуға жақын. Қазір электр желісіне қосу мәселесі шешілуде. Келесі жылы парк жаңа элементтермен толықтырылады.

Біздің балаларымыз ең жақсысына лайық. Біз олардың сапалы демалысы мен бақытты балалық шағы үшін жұмысты жалғастырамыз, – деді қала әкімі.

Жаңа демалыс саябағы пайдалануға берілгеннен кейін Сәтбаев тұрғындары мен қала қонақтарының сүйікті демалыс орындарының біріне айналады деп күтілуде.

Ізтай Белгібайұлы.

Проверьте Также

ҰЛЫТАУ ОБЛЫСЫНЫҢ АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ТАУАРЫН ӨНДІРУШІЛЕРІ ҚЫТАЙЛЫҚ ӘРІПТЕСТЕРІНІҢ ТӘЖІРИБЕСІМЕН ТАНЫСТЫ

Ұлытау облысының ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерінен құралған делегация Қытай Халық Республикасының Шыңжаң өндірістік-құрылыс корпусы Халықаралық …