Сәтбаев қаласындағы №27 мектеп ғимаратында орналасқан №38 сайлау учаскесінде сайлау үдерісі жоғары деңгейде ұйымдастырылып, тұрғындар өз азаматтық міндеттерін белсенді атқарды.
Аталған учаскеде барлығы 2197 сайлаушы тіркелген. Сағат 14:00-дегі мәлімет бойынша олардың 987-сі дауыс беріп, өз таңдауын жасады. Бұл – тұрғындардың сайлау науқанына деген белсенділігін аңғартатын көрсеткіш.
Комиссия мүшелері дауыс беруге мүмкіндігі шектеулі азаматтардың да өз таңдауын жасауына жағдай қарастырды. Атап айтқанда, үйден дауыс беруге өтініш білдірген 5 сайлаушының мекенжайына арнайы жасақталған комиссия мүшелері барып, азаматтардың дауыс беру құқығын жүзеге асыруына мүмкіндік жасады.
№38 сайлау учаскесінде дауыс беру барысы тек ұйымдасқандығымен ғана емес, сайлаушыларға деген құрметпен де ерекшеленді. Учаске ашылған сәтте алғаш болып дауыс берген Дархан Нарын Талғатұлын комиссия төрағасы Әсем Алпысова арнайы құттықтап, сыйлық табыстады.
Комиссия төрағасы Әсем Алпысова мұндай игі бастамалардың мәніне тоқталып, сайлаушылардың белсенділігіне ризашылығын білдірді.
– Сайлау – әр азамат үшін маңызды күн. Біз үшін сайлаушылардың учаскеге келіп, өз таңдауын еркін жасауы үлкен мәнге ие. Сондықтан алғашқы болып дауыс берген азаматты құттықтап, жастардың және аға буын өкілдерінің белсенділігін атап өтуді жөн көрдік. Бұл – сайлауға деген құрметтің, азаматтық белсенділіктің жақсы үлгісі, – деді комиссия төрағасы Әсем Алпысова.
Сонымен қатар биыл 18 жасқа толып, сайлауға алғаш рет қатысып отырған Назым Бекжігітоваға да арнайы сый-сияпат көрсетілді. Жас сайлаушы үшін бұл күннің орны ерекше. Себебі кәмелет жасына толып, алғаш рет дауыс беру – азаматтық жауапкершіліктің басталғанын сезіндіретін маңызды сәт.
Сайлау учаскесінде аға буын өкілдерінің белсенділігі де назар аударды. Балалары мен немерелерін ертіп келген 86 жастағы Төлеу Жақсыбаеваға да құрмет көрсетіліп, сыйлық табысталды. Бұл ретте жасы үлкен сайлаушының отбасымен бірге келіп, дауыс беруі кейінгі ұрпаққа азаматтық жауапкершіліктің өнегесін көрсеткендей.
– Назымның биыл алғаш рет дауыс беруі – біз үшін қуанышты жағдай. Ал Төлеу апамыздың балалары мен немерелерін ертіп келуі – үлкен тәрбие. Мұндай сәттер сайлаудың тек дауыс беру ғана емес, ұрпақ сабақтастығын қалыптастыратын маңызды қоғамдық шара екенін көрсетеді. Біз осы азаматтарға алғысымызды білдіріп, шағын сыйлықтарымызды табыстадық, – деді Әсем Алпысова.
Жалпы, №38 сайлау учаскесінде дауыс беру үдерісі ұйымшылдықпен өтті. Комиссия мүшелері сайлаушыларға қажетті жағдай жасап, дауыс беру тәртібінің сақталуын қамтамасыз етуде. Ал тұрғындардың белсенділігі олардың азаматтық жауапкершілік танытып, ел өміріндегі маңызды қоғамдық-саяси үдеріске өз үлестерін қосып отырғанын көрсетеді.
Сайлау – әр дауыстың маңызы бар күн. Өйткені азаматтың таңдауы елдің ертеңіне қатысты ортақ шешім қалыптастыруға ықпал етеді. Сондықтан №38 сайлау учаскесіндегі тұрғындардың белсенділігі – азаматтық ұстаным мен қоғамдық жауапкершіліктің жарқын көрінісі.
Ізбасар Ойбас.
Шарайна

