Ұлытау өңірінде кітап оқу мәдениетін өркендетіп, руханияттың шамшырағын сөндірмей келе жатқан кітапхана мамандарының кәсіби шеберлігін шыңдауға арналған «Кітапханашы – креатив шебері» атты облыстық байқау өтті. «Кітап оқитын ұлт» жобасы аясында ұйымдастырылған тағылымды шараның түпкі мақсаты – кітапхана ісіне жаңашылдық дарытып, тың бастамаларға жол ашу, сондай-ақ жасанды интеллект мүмкіндіктерін тиімді пайдаланудың жолын көрсету.
Байқауға облыстан жеті кітапханашы қатысып, өзара тәжірибе алмасып, кәсіби ізденістерінің жемісін ортаға салды. Қатысушылар кітапхана жұмысын жандандыруға бағытталған тың жобаларын таныстырып, заманауи технологияларды меңгеру бағытындағы ізденістерімен бөлісті. Көнеден жеткен рухани қазынаны бүгінгі заманның озық жетістіктерімен ұштастыруға ұмтылған мамандардың бастамалары байқаудың мазмұнын байыта түсті.
Облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы мәдениет және өнер бөлімінің басшысы Данагүл Алшымбаеваның айтуынша, кітапханашы – оқырманға білім нәрін сеуіп, рухани байлықтың кілтін ұсынатын айрықша мамандық иесі. «Сондықтан мұндай байқаулар олардың шығармашылық қарымын танытып қана қоймай, тың идеялардың жүзеге асуына да мүмкіндік береді», – деді ол.
Бүгінде кітапхана – тек кітап сақтайтын орын емес, ой мен білім тоғысқан, ізденіс пен пікір алмасуға жол ашатын рухани орда. Заман ағымына сай цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектінің мүмкіндіктері де кітапхана қызметінің көкжиегін кеңейтіп, оқырманмен байланыстың жаңа арналарын қалыптастыруда. Осы орайда байқау кітапхана ісіне жаңаша көзқарас қалыптастырып, мамандардың кәсіби шеберлігін шыңдауға сеп болды.
Сәтбаев қаласындағы Баубек Бұлқышев атындағы орталықтандырылған кітапхана қызметкері Айжамал Ходжакулиева көпшілік назарына «Оқырман ойы» атты жобасын ұсынды. Оның айтуынша, әр оқырманның көкейінде жүрген ойы мен бөлісер пікірі бар. Алайда сол ойлардың барлығы бірдей көпшілікке жете бермейді. Жобаның мақсаты – оқырмандарды ашық әңгімеге тартып, олардың кітапқа қатысты пайым-пікірлерін подкаст арқылы көпшілікке жеткізу, оқыған шығармаларын бірге талқылау. Осылайша кітапхана тек кітап оқитын мекен ғана емес, тағылымды әңгіме өрбіп, ойлы пікір қалыптасатын ортаға айналмақ.
Ұйымдастырушылардың пайымынша, осындай ізгі бастамалар кітапхана саласына тың серпін беріп, оқырман қауымның ынта-ықыласын арттыруға жол ашады. Өйткені кітап – ғасырлар қойнауынан жеткен асыл мұра, ал кітапханашы – сол рухани қазынаны келер ұрпаққа жалғаушы дәнекер. Заман талабына бейімделген жаңашыл жобалар арқылы кітап оқу дәстүрін дәріптеу, жас буынның зердесіне білім сәулесін түсіру – бүгінгі кітапхана ісінің басты мұраты.
Гүлім Қуанышова.
Шарайна
