Пятница, 30.10.2026

КИЕЛІ ТҮРКІСТАНҒА ТАҒЫЛЫМДЫ САПАР

Республика күні қарсаңында ардагерлерге көрсетілетін құрмет пен қамқорлық – ел егемендігін қалыптастыруға үлес қосқан аға буынға деген шынайы ықыластың белгісі. Өйткені бүгінгі тәуелсіз Қазақстанның іргесін бекемдеуге, өндіріс пен өңірдің өркендеуіне, ұрпақ тәрбиесіне өлшеусіз үлес қосқан ардагерлердің еңбегі әрдайым құрметке лайық. Елдің өсіп-өркендеуіне бар күш-жігерін арнаған аға буын өкілдерін ұдайы назарда ұстап, олардың лайықты демалысына, рухани тынығуына жағдай жасау – қоғамның ортақ міндеті.

Осы орайда Сәтбаев қаласындағы ардагерлерге көрсетіліп келе жатқан қолдаудың маңызы зор. «Қазақмыс» корпорациясы мен жергілікті әкімдік тарапынан жасалып жатқан қамқорлықтың арқасында аға буын өкілдері бас қосып, араласып-құраласып, тарихи орындарды аралап, рухани серпіліс алуға мүмкіндік алып келеді. Соның жарқын көрінісінің бірі – қазан айының 5-і күні Сәтбаев қаласынан Түркістанға ұйымдастырылған үш күндік рухани-танымдық сапар.

Бұл игі бастаманы Сәтбаев қалалық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Алаш Мырқалұлы көтеріп, қалалық ішкі саясат бөлімінің басшысы Амангелді Қайратұлының қолдауымен жүзеге асырды. Сапарды ұйымдастыруға «Қазақмыс» корпорациясы Ардагерлер кеңесінің Сәтбаев филиалының басшысы Абулайыс Молақов та атсалысты. Ең бастысы, бұл жолы ардагерлерді өндіріс ардагері немесе қала зейнеткері деп бөліп-жармай, барлығын бір ортаға біріктіріп, ортақ сапарға шығару көзделді. Мұның өзі аға буынның ынтымағын арттырып, өзара сыйластық пен бірлікті нығайтқан тағылымды қадам болды.

Сапарға қатысушылардың қатарында сексеннің сеңгіріне шықса да сергектігін жоғалтпаған ардақты дәрігер Мағзұм Қожахметов пен ауыл шаруашылығы, ветеринария салаларында қырық жылдан астам еңбек еткен Үсенғали Айтбаев ақсақалдардың болуы өзгелерге жігер беріп, сапардың мәнін аша түсті. Өмір бойы елге қызмет еткен осындай азаматтардың жүріп өткен жолы – кейінгі ұрпаққа өнеге, ал олардың белсенділігі мен өмірге деген құштарлығы көпке үлгі.

Үш күнге созылған саяхат қасиетті Отырар өңіріндегі Арыстанбап кесенесінен басталды. XII ғасырда өмір сүрген, сопылық ілімнің көрнекті өкілі Қожа Ахмет Ясауидің ұстазы әрі рухани тәлімгері болған Арыстанбап әулиенің кесенесі – халқымыздың рухани тарихындағы айрықша орындардың бірі. Ардагерлер осы киелі мекенде мәңгілік тыныс тапқан ұлт жанашыры Өзбекәлі Жәнібектің де рухына тағзым етіп, дұға бағыштады. Ата-бабадан жалғасқан дәстүрге сай Арыстанбап пен Қожа Ахмет Ясауи бабалардың рухына бағыштап мал атап, Құран оқытты.

Келесі аялдама – түркі дүниесінің рухани орталығы саналатын Қожа Ахмет Ясауи кесенесі. ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енген бұл тарихи ескерткіштің асқақ келбеті, сәулет өнеріндегі ерекшелігі саяхатшыларды ерекше әсерге бөледі. Кесенеде ауқымды жөндеу жұмыстары жүріп жатқанына қарамастан, оның тарихи маңызы мен рухани құндылығы айқын сезілді.

Одан әрі ардагерлер көне Отырар қалашығындағы археологиялық қазбаларды тамашалап, халқымыздың терең тарихына бойлады. Кезінде ғылым мен мәдениеттің, сауда мен өркениеттің ірі орталығы болған Отырардың орны өткеніміздің қаншалықты бай екенін тағы бір мәрте аңғартты. Мұндай сапарлар аға буынның өзіне рухани азық беріп қана қоймай, ұлттық тарих пен мәдени мұраны келер ұрпаққа насихаттаудың да маңызды жолы екені сөзсіз.

Түркістанның бүгінгі заманауи келбеті де саяхатшыларды таңғалдырды. Арнайы гид маман жайлы көлікпен қаланы аралата жүріп, көрікті ғимараттардың тарихын таныстырды. Олардың әрқайсысының еліміздің әр өңірі тарапынан сыйға тартылғаны айтылып, бұл бастаманың ел бірлігі мен ортақ мақтаныштың жарқын көрінісі екені байқалды.

Әсіресе, Орталық Азияда теңдесі жоқ «Керуен-сарай» көпфункционалды туристік кешеніне барған сапар қатысушыларға ерекше әсер сыйлады. Су арнасының бойына орналасқан кешен шығыстың көне мәдениетін, «Мың бір түн» ертегілеріндегі ғажайып әлемді көз алдыға әкелгендей болды. Ардагерлер заманауи музейлерді аралап, Түркістанның бүгінгі тыныс-тіршілігімен танысты. Ал кешкі уақытта мың құбылған музыкалы субұрқақтың көрінісі саяхатшылардың көңілін көтеріп, сапардың әсерін еселей түсті.

Бұл сапардың басты ерекшелігі – тек тарихи орындарды аралап, көрікті жерлерді тамашалаумен шектелмегенінде. Ол ардагерлердің басын қосып, бұрыннан таныс жандардың қайта қауышуына, жаңа достық байланыстардың қалыптасуына мүмкіндік берді. Күнделікті тіршіліктен бір сәт алыстап, қасиетті мекендерді аралап, әңгіме-дүкен құрып, бірге уақыт өткізу аға буын үшін үлкен қуаныш болды. Осындай шаралар арқылы ардагерлерге деген құрмет сөз жүзінде ғана емес, нақты іспен де көрсетіледі.

Сапардың ең көңілді сәттерінің бірі қайтар күніне тұспа-тұс келді. Таңғы астан кейін Мағзұм Қожахметов ақсақал сапарлас серіктерінің әрқайсысына арнап шығарған әзілге толы өлеңдерін оқып берді. Жұрт ду күлкіге кенеліп, ақсақалдың тапқырлығы мен өнеріне ризашылық білдірді. Бұл сәт сапардың ажарын аша түскені анық. Киелі Түркістаннан рухани азық алып, көңілдері көтерілген ардагерлер туған өлкеге көтеріңкі көңіл-күймен оралды.

Әрине, осындай игі шаралардың жүзеге асуына ұйымдастырушылардың еңбегі зор. Сапарға ұйытқы болған Ардагерлер кеңесіне, «Қазақмыс» корпорациясының Сәтбаев филиалына және қолдау көрсеткен жергілікті әкімдік өкілдеріне қатысушылардың алғысы шексіз. Әсіресе, жол бойы бірге болып, сапардың үйлесімді өтуіне атсалысқан қалалық ішкі саясат бөлімінің сектор меңгерушісі Айдана Ғабитқызының еңбегі жоғары бағаланды. Ардагерлерді қонақүйге орналастырудан бастап, ас-суын ұйымдастыруға дейінгі шаруалардың барлығы олардың жайлылығы мен көңіл күйіне деген қамқорлықты көрсетті.

Республика күні – еліміздің егемендік жолындағы тарихи таңдауын, ұлттық бірлігін, тәуелсіздікке деген ұмтылысын айшықтайтын мереке. Осы мереке қарсаңында ардагерлердің ел дамуына қосқан үлесін ерекше атап өткен жөн. Бүгінгі бейбіт өміріміз бен өндірісі өркендеген өңіріміздің қалыптасуында аға буынның маңдай тері, қажырлы еңбегі мен азаматтық жауапкершілігі жатыр. Олар ел экономикасының дамуына, өндіріс орындарының нығаюына, қалаларымыздың көркеюіне атсалысып қана қойған жоқ, ұлттық құндылықтарымызды сақтап, жас ұрпаққа тәлім-тәрбие беруге де зор үлес қосты.

Сондықтан ардагерлерге қамқорлық жасау – өткенге тағзым етіп қана қою емес, ел болашағына қызмет ететін маңызды іс. «Қазақмыс» корпорациясы мен жергілікті әкімдік тарапынан көрсетіліп келе жатқан қолдау осы сабақтастықтың жалғасы. Ардагерлердің басын қосатын мәдени-танымдық шаралар, тарихи орындарға сапарлар мен түрлі кездесулер олардың қоғам өмірінен шет қалмай, белсенді өмір сүруіне жол ашады.

Сапар соңында ардагерлердің бірі: «Келер жылы амандық болса, осындай көңіл-күймен бас қаламыз Астананы да тамашаласақ, арманымыз болмас еді», – деген ізгі тілегін білдірді. Бұл сөздің астарында туған еліне деген сүйіспеншілік, жаңа жерлерді танып-білуге деген құлшыныс және осындай қамқорлықтың жалғаса беруіне деген сенім жатыр.

Расында да, елдің мерейін өсіріп, тәуелсіздігіміздің тұғырын бекемдеуге үлес қосқан ардагерлер әрдайым назарда болуы тиіс. Оларға құрмет көрсету – бір күндік науқан емес, ұрпақтан ұрпаққа жалғасатын адамгершілік парыз. Республика күні бізге осыны тағы бір мәрте еске салады. Аға буынның еңбегін бағалап, олардың өмірлік тәжірибесін кейінгі ұрпаққа жеткізу арқылы ғана елдігімізді нығайтып, ұлттық бірлігімізді бекемдей түсеміз.

Жәми Тұрсынбай,|
«Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС жанындағы Ардагерлер кеңесінің мүшесі.

Проверьте Также

ҰЛЫТАУ ОБЛЫСЫНЫҢ АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ТАУАРЫН ӨНДІРУШІЛЕРІ ҚЫТАЙЛЫҚ ӘРІПТЕСТЕРІНІҢ ТӘЖІРИБЕСІМЕН ТАНЫСТЫ

Ұлытау облысының ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерінен құралған делегация Қытай Халық Республикасының Шыңжаң өндірістік-құрылыс корпусы Халықаралық …