Воскресенье, 5.04.2026

БЕЙБІТ КҮННІҢ БАТЫРЛАРЫ!

Жыл сайын 19 қазан күні азаматтық қорғаныс, өртке қарсы күрес және суда құтқару қызметі мамандарының төл мерекесі ретінде аталып өтеді. 1995 жылы елдің табиғи және техногендік төтенше жағдайлары мен азаматтық қорғаныс саласындағы уәкілетті орган ретінде жұмысын бастаған комитет бүгінгі күні еліміздің қауіпсіздігін қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарып келеді. Құтқарушылар күні – азаматтық қорғау органдарының еңбегін, батылдығын және адалдығын атап өтетін ерекше күн. Мамандыққа адалдық таныту, ерлікке және кез келген сынаққа дайын болу – төтенше жағдай қызметі мамандарына қойылатын басты талап. Халқымыздың игілігі мен табиғатымыздың құндылықтарын түрлі қауіп-қатерден қорғап, мыңдаған адамның ғұмырын сақтап қалған батырлардың ерен еңбегі әрдайым ең жоғары бағаға лайық.

 Жүректілік пен батылдықты талап ететін, нағыз ер азаматтарға тән мамандықтардың бірі – өрт сөндіруші қызметі. Тілсіз жау салғырттықты кешірмейді. Оқыс жағдай кезінде жылдам шешім қабылдап, табандылық таныту – маңызды. Сондықтан өлім мен өмірдің арасында арпалысып жүрген өрт сөндірушілердің құрал-сайманы сақадай сай, даярлықтары жоғары деңгейде болуы керек.

Сәтбаев қаласының №2 өрт сөндіру бөлімінде тілсіз жаумен бетпе-бет келіп, адам өмірін құтқаруда көзсіз ерлікке баратын бүгінгі күннің батырлары жұмыс істейді. Бөлім бастығы Өміржан Әбілқасымов басшылық ететін ұжымда жалпы саны 58 қызметкер еңбек етеді. Олардың ішінде бөлім мен қарауыл бастықтары, инженерлер мен диспетчерлер және қатардағы өрт сөндірушілер бар. Олар тәуліктің қай кезінде болмасын қиындыққа тап болған жандарға көмек көрсетуге дайын тұрады. Кез келген уақыттағы дабылға құлақтары түрік, көңілдері сергек.

Өртті тез сөндіру үшін ержүрек адам болумен қатар үнемі физикалық тұрғыдан дайын болып, өрт қауіпсіздігі ережелерін, өрт сөндіру техникасын және отпен күресу амалдарын білетін білікті маман болуы қажет. Сол себепті олар тәулік бойы жаттығып, жедел құтқару шараларына үздіксіз дайындық үстінде. Сол үшін қызметіне адал жауынгерлер салауатты өмір салтын ұстанып, спорттық іс-шаралармен белсенді айналысады. Жыл бойы республика, облыс, қала көлемінде өткізілетін спартакиадаларға қатысып, түрлі сайыстардан жүлделі орындар алып жүр. Солардың айқын бір дәлелі – жақында облыстық жарыстан І орын жеңіп алғандары. Төтенше жағдайлар министрлігінің 30 жылдығы және 19 қазан Құтқарушылар күніне орай ұйымдастырылған бұл сайыс Ұлытау облысы төтенше жағдайлар департаментінің және өртке қарсы қызметі бөлімшелерінің арасында өтті. Байқау өрт сөндіру бөлімдерінің кәсіби даярлығын арттыруға және үздіктерді анықтауға бағытталды. Сайысқа Жезқазған, Қаражал, Сәтбаев қалалары мен Ұлытау, Жаңаарқа аудандарынан келген командалар қатысып, өздерінің шеберлігі мен төзімділігін дәлелдеді. Олар жауынгерлік киімді белгіленген уақытқа сай кию, оқу мұнарасының үшінші қабатына үш иінді сатымен көтерілу, жауынгерлік қанат жаю түрлері бойынша жарысқа түсті. Нәтижесінде жалпы командалық есепте Сәтбаев қаласының №2 өрт сөндіру бөлімінің №1 кезекші қарауылы жоғарғы көрсеткіштер көрсетіп, «Үздік қарауыл» атағын жеңіп алды.

– Құтқарушы мамандығын игерген адамның ең басты міндеті – азаматтарды қауіп-қатерден арашалау. Біз күнделікті кезекшілікке шыққанда түрлі жағдайларға кезігіп, тосыннан тұтанатын қызыл жалынмен арпалысамыз. Осындай қызметте жүрген соң, түрлі жағдайлар орын алып жатады. Оқиға орнында өрт сөндірушілер бірінші болып әрекет етуді де мақсат тұтады. Медициналық топ келгенге дейін зардап шеккендерге көмек көрсетеміз, бұл көбінесе адамдардың өмірін сақтап қалудың шешуші факторы болып табылады. Сондай сәттерде психологиялық және физикалық тұрғыда мықты болу – әрбір өрт сөндірушінің міндеті. Өрт сөндіру – ұжымдық жұмыс. Оттың арасында жүргенде біздің бірлігіміз бекем, ынтымағымыз жарасқан, – дейді қарауыл бастығы, азаматтық қорғау қызметінің аға лейтенанты Абай Шахманов. Өрт сөндіруші мамандығының жауапкершілігін толықтай сезінетін жалынды жас жігіттің бойында рухтың жігері есіп тұрғаны анық сезілді.

Әрбір өрт сөндіруші – қаһарман. Өз қызметтеріне адал болған олардың жұмыстағы өмірі – әрбір сәт сайын қатерге толы. Өзгенің өмірі үшін отқа түсуден тайынбайтын, жоғары кәсібилік пен жанқиярлықты талап ететін өрт сөндірушінің жұмысы – нағыз ерлік. Өмір мен өлімнің арасында жүріп, ел үшін ерен еңбек сіңіріп жүрген азаматтар алғыс пен құрметке лайық.

Бүгінгінің батырына айналған еңбек адамдарының мерейі әрдайым үстем болуға тиіс.

                   

Суретте солдан оңға қарай: бөлімше командирі, азаматтық қорғау старшинасы Алмас Тұраров,

аға өрт сөндіруші-құтқарушы, а/қ сержанты Азат Тоған,

жүргізуші-қызметкер, а/қ аға сержанты Ержан Құлашев,

қарауыл бастығы, а/қ аға лейтенанты Абай Шахманов,

аға өрт сөндіруші-құтқарушы, а/қ сержанты Болатбек Қадыров,

өрт сөндіруші-құтқарушы, а/қ кіші сержанты Нұрбол Тлепберген.

Марал Шахаева.

Суреттерді түсірген автор.

 

О

Проверьте Также

АНАҒА ҚҰРМЕТ – ҚОҒАМҒА ТАҒЗЫМ

8 Наурыз – Халықаралық әйелдер күніне орай Сәтбаев қаласында мерекелік салтанатты жиын өтті. Қаладағы Ш. …

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *