Баубек Бұлқышев атындағы орталықтандырылған кітапхана жүйесінде жақында жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың туғанына 180 жыл толуына арналған «Ұлы дала абызы» атты аймақтық мәнерлеп оқу байқауы өтті. Ақиық ақынның әдеби мұрасын насихаттау, жас ұрпақтың көркем сөз оқу мәдениетін қалыптастыру және ұлттық рухани құндылықтарды дәріптеу мақсатында ұйымдастырылған байқауға қала мектептерінің 8-11 сынып оқушылары мен колледж студенттері қатысты.
Жамбыл Жабаев – есімі қазақ əдебиетінде алтын əріптермен қалған алып жыршы, шұрайлы жырдан өшпес мұра қалдырған дүлдүл ақын. Өзінің ғасырға жуық ғұмырында халқының мұңын мұңдап, жоғын жоқтаған, жырымен елге рух берген ұлы тұлға. Оның ақыл-ойға, парасатқа, терең тарихқа, мөлдір сырға, нəзік сезімге толы асыл мұрасы – бүгінгі ұрпаққа өнеге, ұлттық рухтың мәңгілік темірқазығы.
Алып та биік, айдынды да айбынды жыр жампозына арналған аталмыш байқаудың міндеттері ұлы ақынның шығармаларын кеңінен таныту, қатысушылар арасында талантты жастарды анықтау және қолдау, сахналық мәдениет пен сөйлеу шеберлігін жетілдіру болды. Сайыс шарттары бойынша қатысушылар ақынның жырларын, толғауларын немесе айтыс үзінділерін жатқа, мәнерлеп орындауға тиіс еді.
Байқау қорытындысында ақын Қанат Мусин төрағалық еткен қазылар алқасының шешімімен Бас жүлде мен 70 мың теңгелік Сертификатты Әлкей Марғұлан атындағы жалпы білім беретін мектептің 10 сынып оқушысы Ұлту Марлен жеңіп алды.
Жүлделі І орынды №5 мектептің 9 сынып оқушысы Қуандық Мағаз иеленсе, ІІ орынды Бауыржан Момышұлы атындағы мектеп-гимназиясының 9 сынып оқушысы Назым Науанова және Ы.Алтынсарин атындағы мектептің 9 сынып оқушысы Іңкәр Утеубай өзара бөлісті. Ал ІІІ орын «Денсаулық» медициналық колледжінің студенті Әдемай Турман мен Қаныш Сәтбаев атындағы мектептің оқушысы Мансұр Едігеге бұйырды.
Сонымен қатар, бірқатар қатысушылар «Көркемсөз шебері», «Жырмен тербеген жүрек», «Сахна сөзінің шебері» секілді арнайы номинациялармен марапатталды. Барлық жеңімпаздарға ұйымдастырушылар тарапынан Дипломдар және ақшалай Сертификаттар табысталды.
«Жамбыл жырлары теңіз түбінде шашылып жатқан маржан секілді. Оны жинап алып халқының қолына беру – біздің әрқайсымыздың азаматтық борышымыз» деп жалынды жазушы, дарынды драматург, білікті ұстаз Сәкен Сейфуллин өз заманында айтып кеткен еді. Жамбыл – жырдың толассыз бұлағы, өшпес өнегесі, тозбайтын асылы. Сондықтан Ұлы ақын жасампаз ұрпақпен сырласындай, қимасындай мәңгі бірге жасай береді.
Марал Шахаева.
Суреттерді түсірген автор.
