Өткен демалыс күндері Сәтбаев қаласы кеншілер қауымының кәсіби мерекесін – Кеншілер мен байытушылар күнін ерекше сән-салтанатпен атап өтті. Еңбек адамын ұлықтап, өндіріс саласының маңдай терімен ел экономикасына үлес қосып жүрген жандарға құрмет көрсетуге арналған мерекелік шара қала тұрғындары мен қонақтарына көтеріңкі көңіл күй сыйлап, көпшілікке жарқын әсер қалдырды. Орталық алаңға жиналған 25 мыңға жуық адам Сәтбаевтың мерекелік шырайын айшықтап, кеншілер қаласының бірлігі мен ұйымшылдығын тағы бір мәрте танытты.
Сәтбаев үшін бұл мерекенің орны бөлек. Өйткені қаланың тарихы мен тағдыры өндіріс саласымен біте қайнасып жатыр. Талай буынның қажырлы еңбегімен қалыптасқан кеншілер шаһары бүгінде дәстүрі мен кәсіби сабақтастығын сақтап, еңбек адамын дәріптеуді жалғастырып келеді.
Мерекелік концерттің шымылдығын «Жас Дарын» байқауының жеңімпаздары ашып, көрерменге вокалдық және аспаптық шығармалардан бастап, заманауи әрі ұлттық нақыштағы хореографиялық композицияларға дейін сан алуан өнер үлгілерін ұсынды. Үлкен сахнаға көтерілген жас өнерпаздар көпшілікке өздерінің талантын паш етіп қана қоймай, еліміздің белгілі өнер жұлдыздарымен бір сахнада өнер көрсету мүмкіндігіне ие болды. Бұл – жас қатысушылар үшін шығармашылық жолдағы маңызды қадам, үлкен тәжірибе әрі жүректе ұзақ сақталатын жарқын естелік. Көптеген бала үшін бұл – үлкен сахнаға алғаш рет шығып, мыңдаған көрерменнің алдында өнер көрсету мүмкіндігі. Сахнадағы толқыныс пен жауапкершілікке қарамастан, жас таланттар өз өнерлерін сенімді түрде ұсынып, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.
Одан әрі мерекелік бағдарлама көпшілік асыға күткен үлкен гала-концертке ұласты. Кеш бойы сахнада елімізге танымал «жұлдыздар» өнер көрсетіп, Сәтбаев тұрғындары мен қала қонақтарына көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Көрермендер алдында қазақ эстрадасының белгілі әншілері Мақпал Исабекова, Мирас Жүгінісов, Мархаба Сәби, «МузАрт» тобы, Қайрат Нұртас, The Jigits, Ерназар және «А-Студио» сынды өнер ұжымдары мен орындаушылар ән шырқады.
Бірнеше сағатқа созылған музыкалық кеште әр буынның талғамына сай әндер орындалып, көрермен әншілермен бірге ән айтып, сүйікті әндеріне қосылып отырды. Әуезді ән, әсерлі әуен, сахнадағы жарқын қойылымдар мен мыңдаған көрерменнің ыстық ықыласы мерекелік кештің ерекше атмосферасын қалыптастырды. Осылайша, кеншілер қаласының орталық алаңы сол күні үлкен өнер ордасына айналып, бір кештің аясында бірнеше буын өкілін ортақ қуанышқа бөледі.
«Елім деп соқсын жүрегің» әнімен аяқталған мерекелік кештің соңғы нүктесін қала аспанын түрлі түске бояған мерекелік отшашу қойды. Жарқыраған оттар түнгі Сәтбаевтың шырайын кіргізіп, көпшілікке ерекше әсер сыйлады. Осылайша, Сәтбаевтағы Кеншілер мен байытушылар күні еңбек адамын ұлықтаған, жас таланттарға жол ашқан, өнер мен мәдениетті тоғыстырған айтулы мерекеге айналды. Бұл күн қала тұрғындарының жадында әсем әнімен, жарқын қойылымдарымен, мыңдаған адамның шаттығымен және туған елге деген ыстық ықыласымен есте қалары сөзсіз.
Марал Шахаева.
Шарайна



