Мемлекет басшысының кітап оқу мәдениетін қалыптастыру, көркем әдебиетке қызығушылықты арттыру бағытындағы бастамаларын қолдау мақсатында Сәтбаев қаласының Баубек Бұлқышев атындағы орталық кітапханасында «Кітап оқитын ұлт» жобасы аясында «Кітапханашылар не оқиды?» акциясы өтті.
Жобаның басты мақсаты – кітапханашылардың білімдерін жетілдіруіне мүмкіндік жасау. Әдеби шығармаларды терең талдау арқылы кітапханашылар оқырмандарға кітап таңдауда бағыт-бағдар беріп, олардың әдебиетке деген қызығушылығын арттыруды көздейді. Бірнеше ай бойы жүргізілген әдеби талдаулар барысында қазақ әдебиетінің таңдаулы туындылары жан-жақты талқыланып, шығармалардың мазмұны мен идеясы сараланды.
Жоба аясында қазақ әдебиетінің «Бақытсыз Жамал», «Махаббат, қызық мол жылдар», «Оң қол», «Гауһартас», «Жау тылындағы бала» секілді таңдаулы шығармаларына әдеби талдаулар жүргізілді және «Сүйікті үзіндім» айдарында қатысушылар өздеріне әсер еткен үзінділерімен бөлісті. Ал «Қыз Бәтіш пен Ерсейіт» повесі кітапхана қызметкерлері мен оқырмандардың, соның ішінде Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің 2-курс студенті Садірбек Құдайбергеннің қатысуымен талқыланды.
«Кітапханашылар не оқиды?» акциясы кітапханашылардың кәсіби біліктілігін арттырып қана қоймай, кітап оқу мәдениетін насихаттауға бағытталған тағылымды бастамаға айналды. Себебі кітапты терең таныған кітапханашы оны оқырманға да дұрыс ұсынып, қызығушылығын арттыра алады.
Жоба аясындағы жұмыстар жыл бойы жалғасып, оқырмандардың кітапқа деген қызығушылығын арттыруға бағытталады. Атап айтқанда, «Бір кітап – мың әсер» айдарында әдеби сұхбаттар ұйымдастырылып, оқырмандар оқыған шығармаларынан алған әсерлерімен бөліседі. «Мен ұсынатын кітап» кітап таныстырылымы арқылы оқырмандар өздеріне ерекше әсер қалдырған туындыларды таныстырады. Сонымен қатар, «Отбасымен бірге оқимыз» челленджі отбасылық кітап оқу дәстүрін насихаттауға, «Қызыққа толы беттер» ақпарат айдыны әдеби жаңалықтармен таныстыруға, ал «Кітаппен 7 күн» әдеби апталығы кітап оқу мен пікір алмасуды жандандыруға бағытталады.
Аталған іс-шаралар жыл бойы жоспарлы түрде өткізіліп, оқырмандардың тұрақты оқу дағдысын қалыптастыруға, әдеби-танымдық көкжиегін кеңейтуге және кітапхананың рухани-мәдени кеңістігін жандандыруға қызмет ететін болады.
Айжан Сарина,
оқырмандарға қызмет көрсету бөлімінің жетекшісі.
Шарайна
