Пятница, 30.10.2026

СӘТБАЕВТЫҚТАР ӨЗ ТАҢДАУЫН ЖАСАДЫ

23 тамыз, жексенбі күні елімізде Қазақстан Республикасы Құрылтайы депутаттарының сайлауы өтті. Ел тарихындағы алғашқы Құрылтай сайлауы ретінде айрықша маңызға ие саяси науқанға Ұлытау облысының тұрғындары да белсенді қатысты. Таңғы сағат 07:00-де басталған дауыс беру кешкі 20:00-ге дейін жалғасып, азаматтарға өздерінің конституциялық құқықтарын жүзеге асырып, ел болашағына қатысты таңдау жасауға мүмкіндік берілді.

Сайлау күні Сәтбаев қаласында да қоғамдық-саяси белсенділік айқын байқалды. Қаладағы жалпы білім беретін №15 және №16 мектептерде орналасқан №54, №55, №56 және №57 сайлау учаскелері таңнан бастап тұрғындарды қабылдап, өз жұмыстарын белгіленген тәртіппен жүргізді. Учаскелерге сайлаушылардың алғашқы легі таңмен таласа келсе, күн ортасына қарай дауыс беруге ниетті азаматтардың қарасы көбейді. Дауыс беру учаскелеріндегі ахуал да қалыпты болды. Сайлаушылардың еркін таңдау жасауына қажетті жағдайлар қарастырылып, учаскелік комиссия мүшелері дауыс беру рәсімінің талапқа сай өтуін қамтамасыз етті.

№55 учаскелік сайлау комиссиясының төрағасы Райхан Бапанова сайлау барысына тоқталып, тұрғындардың белсенділігін атап өтті.

– Сайлау күні учаскеге келген азаматтардың белсенділігі жоғары болды. Әртүрлі жастағы тұрғындардың дауыс беруге қатысуы да сайлаудың маңызды қоғамдық мәнін көрсетті. Сайлау учаскелерінде тұрғындардың өз таңдауын жасауына барлық жағдай жасалып, қауіпсіздік талаптары сақталды. Сонымен қатар, ерекше қажеттіліктері бар азаматтардың дауыс беруіне де қолайлы орта қалыптастыруға баса назар аударылды, – дейді комиссия төрағасы Райхан Бапанова.

Жалпы Ұлытау облысында Құрылтай депутаттарын сайлау үшін 127 сайлау учаскесі жұмыс істеді. Оның ішінде жабық учаскелер де бар. Өңір бойынша барлығы 138 362 азаматтың дауыс беруге құқығы болды.

Сәтбаев қаласындағы сайлау учаскелеріне елге еңбегімен танылған, қоғамдық өмірге белсенді араласатын азаматтармен қатар, бірнеше буын өкілдері де келді. Солардың қатарында «Мерейлі отбасы» байқауының жеңімпазы атанған Әбілқасымовтар отбасы да өз таңдауын жасау үшін №56 сайлау учаскесіне келді. Өнегелі отбасының сайлауға бірге қатысуы – азаматтық жауапкершіліктің отбасылық тәрбиемен тығыз байланысты екенін көрсететін жақсы үлгі. Өйткені ел өміріндегі маңызды мәселелерге бейжай қарамау, қоғам алдындағы жауапкершілікті сезіну, туған елдің болашағына алаңдау секілді қасиеттер ең алдымен отбасында қалыптасады. «Мерейлі отбасы» байқауы да отбасылық құндылықтарды дәріптеп, қоғамға үлгі болатын шаңырақтарды насихаттауды мақсат етеді. Сондықтан Әбілқасымовтар отбасының сайлау күні өз таңдауын жасауы қоғамдық белсенділікпен қатар, кейінгі буынға көрсетілген тағылымды өнеге болды.

Сәтбаевтағы сайлау учаскелерінде жастардың да белсенділігі байқалды. Ел тарихындағы маңызды саяси науқанға алғаш рет қатысып отырған жас сайлаушылар үшін бұл күннің орны бөлек. Ал аға буын өкілдері үшін ел өміріне араласу, өзінің азаматтық ұстанымын білдіру – бұрыннан қалыптасқан жауапкершіліктің жалғасы. Осылайша, бір сайлау учаскесінде бірнеше буын өкілдерінің бас қосуы қоғамдағы сабақтастықты да аңғартты. Ұлытау өңірінде сайлау күні мұндай көріністер көптеп кездесті. Мәселен, Сәтбаев қаласындағы №55 сайлау учаскесіне бірнеше буыннан бері кен өндірісінде еңбек етіп келе жатқан кеншілер әулетінің өкілдері келіп, өз таңдауларын жасаған. Кеншілер әулеті үшін еңбек дәстүрі ұрпақтан ұрпаққа жалғасса, елдің қоғамдық-саяси өміріне араласу да отбасылық жауапкершіліктің бір бөлігіне айналған.

Сайлаудың ашықтығы мен заң талаптарына сай өтуін бақылау мақсатында халықаралық байқаушылар да қатысты. Сайлау учаскелерінің жұмысымен танысып, дауыс беру барысын бақылау үшін ЕҚЫҰ (ОБСЕ) атынан келген халықаралық бақылаушылар Сәтбаев қаласындағы бірқатар учаскелерде болды. Олардың қатарында Норвегия мен Ресейден келген байқаушылар да бар. Халықаралық бақылаушылар сайлаушылардың дауыс беру тәртібін, учаскелік комиссиялардың жұмысын, сайлау рәсімдерінің сақталуын назарға алып, науқанның ұйымдастырылу барысымен танысты. Халықаралық бақылаушылардың қатысуы сайлау үдерісінің ашықтығы мен жариялылығын қамтамасыз етуге бағытталған маңызды қадамдардың бірі болды.

Сәтбаев – еңбек адамдарының қаласы. Сондықтан мұндағы тұрғындардың ел тағдырына қатысты маңызды мәселелерге белсенді араласуы заңды. Қала тұрғындарының сайлау күні көрсеткен белсенділігі де осы ұстанымның жалғасы іспетті. Қаладағы сайлау учаскелерінде сайлаушылардың қатысу көрсеткіші шамамен 80 пайызға жетті. Бұл көрсеткіш Сәтбаев тұрғындарының ел өміріндегі маңызды саяси үдеріске деген қызығушылығы мен азаматтық жауапкершілігінің жоғары екенін аңғартты.

23 тамыздағы Құрылтай сайлауы Сәтбаев тұрғындары үшін де елдік мәселелерге бейжай қарамайтындықтарын көрсеткен маңызды күн болды. Сайлау учаскесіне келген әр азамат өз таңдауын жасап қана қоймай, ел болашағына қатысты азаматтық ұстанымын білдірді. Ал қоғамның дамуы осындай жауапты әрі саналы таңдаулардан басталады. Сондықтан Сәтбаевтықтардың сайлау күні көрсеткен белсенділігі – қала тұрғындарының ел өміріне деген жауапкершілігі мен қоғамдық белсенділігінің айқын көрінісі.

Марал Шахаева.
Суреттерді түсірген автор.

Проверьте Также

ҰЛЫТАУ ОБЛЫСЫНЫҢ АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ТАУАРЫН ӨНДІРУШІЛЕРІ ҚЫТАЙЛЫҚ ӘРІПТЕСТЕРІНІҢ ТӘЖІРИБЕСІМЕН ТАНЫСТЫ

Ұлытау облысының ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерінен құралған делегация Қытай Халық Республикасының Шыңжаң өндірістік-құрылыс корпусы Халықаралық …