Қаланың тазалығы – коммуналдық қызметтердің ғана міндеті емес, ол қоғамның мәдениеті мен азаматтық жауапкершілігінің айқын көрсеткіші. Қоғамдық кеңістіктің келбеті тұрғындардың өмір сүру сапасына, инвестициялық тартымдылыққа және қаланың беделіне тікелей ықпал етеді. Сондықтан әрбір нысанның айналасындағы тәртіп – жеке кәсіпкердің ғана емес, бүкіл қаланың абыройына әсер ететін маңызды фактор.
Ерден көшесі мен Тәуелсіздік даңғылына жүргізілген мониторинг бірқатар кәсіпкерлік нысандарының аумағында санитарлық талаптардың сақталмай отырғанын көрсетті. Көлік жуу орындары мен дөңгелек жөндеу бекеттерінің маңында пайдаланылған дөңгелектер шашылып жатыр, аумақтар ретсіз. Кейбір гараждардың жанында жерді заңсыз пайдалану фактілері де кездесті. Бұл жайттар қалалың ортақ сапасын төмендетіп, тұрғындар үшін қолайсыз жағдай қалыптастырады.
– Бүгінде қаланы басқаруда заң талаптарын орындатудың барлық тетігі бар. Алайда басты мақсат – әкімшілік жаза қолдану емес, кәсіпкерлердің әлеуметтік жауапкершілігін арттыру. Себебі таза әрі тәртіпті орта ең алдымен тұрғындардың өз ұстанымынан басталады.
Қазіргі заманғы қалалардың дамуы инфрақұрылыммен ғана емес, қоғамдық мәдениетпен де өлшенеді. Өз нысанының айналасын күтіп ұстаған әрбір кәсіпкер қаланың көркеюіне үлес қосады, ал немқұрайлылық керісінше бүкіл қаланың имиджіне кері әсер етеді.
Сондықтан анықталған барлық заңбұзушылықтарды қысқа мерзімде жою және аумақтарды талапқа сай ретке келтіру – уақыт талабы. Таза қала – бір мекеменің емес, билік, бизнес және тұрғындардың ортақ жауапкершілігінің нәтижесі. Қаланың шынайы келбеті әрбір көшеден, әрбір ауладан және әрбір кәсіпкерлік нысанынан басталады, – дейді қала әкімі Мұрат Бөрібаев.
Ізбасар Ойбас.
Шарайна
