Осындай тақырыппен Қазақстан халқының Тілдері күніне орай Сәтбаев қаласының балалар және жасөспірімдер кітапханасында әдеби-сазды кеш өтті. Тағылымды кештің негізгі мақсаты жас ұрпақтың ана тіліне деген сүйіспеншілігін арттыру, тіл мәдениетін қалыптастыру, ұлттық құндылықтарды дәріптеу және отансүйгіштік сезімін нығайту болды.
Тіл – ұлттың жаны, халықтың рухани тұғыры. Атадан балаға аманат болып жеткен ана тіліміз – ғасырлар қойнауынан сыр шертетін асыл қазына. Қазақ халқының маңдайына біткен қос байлығы бар десек, оның бірі – ата-бабадан қалған қасиетті жеріміз болса, екіншісі – сол кең даланың төсінде талай ғасыр бойы қалыптасып, ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келе жатқан ана тіліміз.
Тіл – халықтың тарихы мен тағдыры, салт-дәстүрі мен дүниетанымы, қуанышы мен қайғысы тоғысқан рухани әлем. Ана тілін ардақтау – өзіңді, өз тарихыңды, тамырыңды құрметтеу. Сондықтан туған тілдің тағдырына алаңдау – елдің ертеңіне алаңдау, ал оның мәртебесін көтеріп, қолданыс аясын кеңейту – ұлт болашағына қызмет ету.
Әдеби-сазды кештің шымылдығын республикалық және облыстық байқаулардың жеңімпазы Досымжан Рахметолла ашып, «Ерке сылқым» күйін орындады. Күмбірлеген күйдің әуені кештің мазмұнын айшықтап, көрермендерге ерекше әсер сыйлады.
Кеш барысында Бауыржан Момышұлы атындағы №1 мектеп-гимназиясының кадет сыныбының оқушылары тіл тақырыбындағы өлеңдерін мәнерлеп оқып, ана тілге деген құрметтерін жыр жолдарымен жеткізді.
Қатысушылар назарына ұлы тұлғалардың тіл туралы айтқан тағылымды сөздері мен қанатты нақылдары қамтылған бейнеролик ұсынылды. Сондай-ақ кеш қонақтары мен оқушылардың білімін сынап, танымын кеңейту мақсатында интеллектуалды ойын ұйымдастырылды. Ахмет Байтұрсынұлының өмірі мен шығармашылығына арналған викторина барысында қатысушылар ұлт ұстазының өнегелі өмір жолы мен қазақ тіліне сіңірген өлшеусіз еңбегі туралы білімдерін ортаға салды.
Іс-шара соңында кітапхана директоры Гүлбану Шахманова кешке белсене қатысқан жиналғандарға Алғыс хаттар мен естелік сыйлықтар табыстады.
Тіл – өткен мен бүгінді жалғап тұрған алтын көпір. Ол – ұлттың рухани жадын сақтайтын, ұрпақты бір-бірімен сабақтастыратын қасиетті құндылық. Тіліне құрметпен қараған халық өзінің тарихын, мәдениетін және ұлттық болмысын да қадірлейді. Қазақ тілі – халқымыздың ғасырлар бойы сақтап келген баға жетпес мұрасы ғана емес, тәуелсіз Қазақстанның мемлекеттік тілі, ел бірлігін бекемдейтін ортақ құндылық. Сондықтан мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеріп, оның қадір-қасиетін дәріптеу – баршамызға ортақ міндет.
Марал Шахаева.
Суреттерді түсірген автор.
Шарайна




