Пятница, 30.10.2026

ТІЛ ТАЛАПТАРЫН САҚТАУ — ОРТАҚ МІНДЕТ

Мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту, оның қоғамдық өмірдің барлық саласында қолданылуын қамтамасыз ету –  маңызды міндеттердің бірі. Тіл мәселесі тек мемлекеттік органдардың немесе тіл мамандарының ғана емес, әрбір азаматтың, кәсіпкерлік субъектінің және ұйымның ортақ жауапкершілігін талап етеді.

Қазақстан Республикасының «Тіл туралы» Заңында тілдерді қолданудың құқықтық негіздері көрсетілген. «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» Заңының 21-бабында: Деректемелер мен көрнекі ақпараттың мәтіндері орфография нормалары және мәтіннің тең түпнұсқалы аудармасы сақтала отырып жазылады.

Мемлекеттік емес ұйымдардың маңдайшалары мемлекеттік тілде, қажет болған кезде орыс және (немесе) басқа тілдерде де орналастырылады. Тәжірибеде кездесетін негізгі мәселелердің бірі –  көрнекі ақпараттағы қателер, мәтіндердің сапасыз аударылуы, мемлекеттік тілдегі ақпараттың толық берілмеуі немесе тілдік нормалардың сақталмауы. Мұндай жағдайлардың алдын алу үшін түсіндіру жұмыстары жүргізілуде.

Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 75-бабында тіл туралы заңнаманы бұзғаны үшін жауаптылық көзделген. Дегенмен тіл саласындағы жұмыстың негізгі мақсаты – тек құқық бұзушылықты анықтап, жауапкершілікке тарту емес. Ең бастысы – заң талаптарының сақталуына жағдай жасау, азаматтар мен кәсіпкерлерге қажетті түсіндіру жұмыстарын жүргізу және мемлекеттік тілдің қоғамдық ортадағы қолданысын кеңейту.

Осы бағытта «Сәтбаев қаласының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі» ММ «Тіл-құрал» оқу-әдістемелік орталығының мамандары кәсіпкерлік нысандарға, ұйымдарға және мекемелерге әдістемелік көмек көрсету, көрнекі ақпараттардың тілдік сауаттылығын арттыру, анықталған кемшіліктер бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Бұл – кәсіпкерді жазалау емес. Бұл – қазақ тіліндегі ақпараттың сауатты әрі сапалы болуын қамтамасыз етуге бағытталған жұмыс.

Асылжан Шахманова,
«Тіл-құрал» оқу-әдістемелік орталығының қазақ тілі оқытушысы.

Проверьте Также

ҰЛЫТАУ ОБЛЫСЫНЫҢ АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ТАУАРЫН ӨНДІРУШІЛЕРІ ҚЫТАЙЛЫҚ ӘРІПТЕСТЕРІНІҢ ТӘЖІРИБЕСІМЕН ТАНЫСТЫ

Ұлытау облысының ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерінен құралған делегация Қытай Халық Республикасының Шыңжаң өндірістік-құрылыс корпусы Халықаралық …