Пятница, 30.10.2026

ТҰРҒЫНДАР БЕЛСЕНДІЛІК ТАНЫТТЫ

Сайлау – әр азаматтың ел болашағына қатысты өз таңдауын білдіретін маңызды қоғамдық-саяси науқан. Дауыс беру арқылы әр адам өзінің азаматтық ұстанымын танытып қана қоймай, мемлекет пен қоғамның алдағы даму бағытына қатысты пікірін білдіреді. Сондықтан сайлауға қатысу – азаматтық жауапкершіліктің маңызды көрінісі.

Сәтбаев қаласындағы Жасөспірімдер мен балалар спорт мектебінің ғимаратында орналасқан №40 сайлау учаскесінде де дауыс беру үдерісі ойдағыдай өтті. Учаскеде барлығы 1497 сайлаушы тіркелген. Түске дейін олардың 478-і келіп, өз таңдауын жасады. Сайлаушылардың қатарында әр буын өкілдері бар. Учаскеге алғашқылардың бірі болып келген 1972 жылы туған Жанулла Қылышов бюллетенін жәшікке бірінші болып тастады. Бұл оның азаматтық белсенділігін көрсетіп, сайлаудың алғашқы сәтінен-ақ тұрғындардың жауапкершілікпен қатысып жатқанын аңғартты. Ал биыл 18 жасқа толған Анатолий Иванцов үшін бүгінгі күннің орны ерекше. Ол алғаш рет сайлауға қатысып, өз таңдауын жасады. Жас азаматтың дауыс беруі – еліміздегі жаңа буын өкілдерінің қоғамдық өмірге араласып, азаматтық көзқарасын білдіре бастағанының көрінісі.

№40 сайлау учаскесінің комиссия төрағасы Біржан Мұқановтың айтуынша, тұрғындар дауыс беруге белсенді қатысқан.

– Сайлаушылар өз құқықтарын жауапкершілікпен пайдаланып, белсенділік танытуда. Әсіресе әр жастағы азаматтардың учаскеге келіп, өз таңдауын жасауы қуантады. Бұл тұрғындардың ел өміріне бейжай қарамайтынын көрсетеді, – дейді комиссия төрағасы.

Сайлаушылардың барлығына бірдей жағдай жасау да назардан тыс қалған жоқ. Учаскеге келуге мүмкіндігі жоқ екінші топтағы мүгедек Күлсайран Әбдіғожина үйден дауыс беруге өтініш білдірген. Осыған сәйкес комиссия мүшелері оның дауыс беру құқығын жүзеге асыруына қажетті жағдай жасау үшін тиісті шараларды қолға алды.

Комиссия төрағасы мұндай жағдайдың өзі азаматтардың сайлау үдерісіне деген жауапкершілігін аңғартатынын атап өтті.

– Күлсайран Әбдіғожинаның учаскеге келе алмаса да, үйден дауыс беруге өтініш білдіруі – оның ел болашағына немқұрайды қарамайтынын білдіреді. Әр азаматтың дауысы маңызды. Сондықтан дауыс беруге мүмкіндігі шектеулі азаматтарға да өз таңдауын жасауға жағдай қарастырылған, – деді Біржан Мұқанов.

Осылайша, №40 сайлау учаскесінде дауыс беру белгіленген тәртіппен, ұйымшылдықпен өтті. Ал алғашқы болып дауыс берген тұрғындар мен сайлауға алғаш рет қатысқан жастардың белсенділігі, сондай-ақ денсаулығына байланысты учаскеге келе алмайтын азаматтардың өз таңдауын жасауға ұмтылысы – сайлаудың қоғам өміріндегі маңызын айқындай түседі.

Сайлау – бір күндік науқан ғана емес, әр азаматтың ел болашағына деген жауапкершілігін білдіретін маңызды қоғамдық үдеріс. №40 учаскесіндегі тұрғындардың белсенділігі де осы жауапкершіліктің нақты көрінісі болып отыр.

Досан Дулығалы.

Проверьте Также

ҰЛЫТАУ ОБЛЫСЫНЫҢ АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ТАУАРЫН ӨНДІРУШІЛЕРІ ҚЫТАЙЛЫҚ ӘРІПТЕСТЕРІНІҢ ТӘЖІРИБЕСІМЕН ТАНЫСТЫ

Ұлытау облысының ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерінен құралған делегация Қытай Халық Республикасының Шыңжаң өндірістік-құрылыс корпусы Халықаралық …