Пятница, 30.10.2026

ҚАЛА ИНФРАҚҰРЫЛЫМЫ ПЫСЫҚТАЛДЫ

Ұлытау облысының әкімі Есет Байкен жұмыс сапарымен Сәтбаев қаласына келіп, бірқатар әлеуметтік нысанның жай-күйімен, құрылыс және жөндеу жұмыстарының барысымен, сондай-ақ қаланы абаттандыру мәселелерімен танысты.

Өңір басшысы алдымен «Қызыл телпек» бөбекжайына барып, ғимараттың қазіргі жағдайын көрді. 1958 жылы пайдалануға берілген нысанда 2010 жылы күрделі жөндеу жүргізілген. Аралау барысында бөбекжай ғимаратын қайта жөндеу және ауласын абаттандыру қажеттігі айтылып, тиісті жұмыстарды келесі жылы қолға алу мәселесі қаралды.

Сондай-ақ Есет Байкен «Кеншілер даңқы» алаңын жаңғырту жоспарымен танысты. Бұдан бөлек, жедел жәрдем станциясы мен №2 өрт сөндіру бөлімінің ғимараттарын күтіп ұстау мәселелері назарға алынды. Атап айтқанда, 1969 жылы салынған №2 өрт сөндіру бөлімінің ғимаратында содан бері күрделі жөндеу жүргізілмегені атап өтілді. Нысанның техникалық жағдайын жақсарту қажеттігіне назар аударылды.

Жұмыс сапары барысында қала ауруханасының травматологиялық пункті құрылысының барысы да зерделенді. Сонымен қатар спорттық-сауықтыру кешеніндегі күрделі жөндеу жұмыстарының жай-күйі қаралды. Бұл нысандардың сапалы жұмыс істеуі қала тұрғындарына көрсетілетін медициналық және спорттық қызметтердің қолжетімділігі мен сапасын арттыруда маңызды рөл атқарады.

Өңір басшысы Б. Бұлқышев атындағы кітапхананың жағдайымен де танысты. Бұдан бөлек, тұрғын үй аулаларын абаттандыру және Сәтбаев даңғылындағы жолдың орташа жөндеу жұмыстарының барысы қаралды.

Жұмыс сапарының негізгі мақсаты – қаладағы әлеуметтік инфрақұрылым нысандарының жағдайын бағалау, өзекті мәселелерді анықтау және оларды шешу жолдарын қарастыру. Аралау қорытындысы бойынша ғимараттарды күтіп ұстау, жөндеу мен абаттандыру жұмыстарын сапалы әрі белгіленген мерзімде орындау қажеттігіне басымдық берілді.

Әлеуметтік нысандардың жай-күйін жақсарту, қалалық инфрақұрылымды жаңарту және тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыру – өңірді дамытудың маңызды бағыттарының бірі. Осы ретте анықталған мәселелерді кезең-кезеңімен шешу Сәтбаев қаласының көркеюіне және тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға ықпал етеді.

Ізтай Белгібайұлы.

Проверьте Также

ПОСЛАНИЕ ПРЕЗИДЕНТА: НОВЫЕ ВОЗМОЖНОСТИ ДЛЯ РАЗВИТИЯ БИЗНЕСА

Коллектив Палаты предпринимателей области Ұлытау прослушал Послание Главы государства Касым-Жомарта Токаева.  Послание затрагивает важнейшие вопросы …