Кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта ата-анасының немесе заңды өкілінің қадағалауынсыз көшеде жүруі тек заң бұзу емес, түрлі келеңсіз жағдайлардың орын алуына да себеп болуы мүмкін. Сол себептен жасөспірімдер арасында қылмыстың алдын алу мақсатында Сәтбаев қаласының аумағында өткен айдың 24 мен 26 аралығында кең ауқымды «Түнгі қаладағы балалар» атты жедел профилактикалық іс-шарасы өткен болатын.
Балалардың тәрбиесі мен қауіпсіздігіне тек құқық қорғау органдары ғана емес, тұтас қоғам жауапты. Әсіресе, бұл жерде ата-ананың рөлі айрықша. Бала – ел болашағы. Олардың қауіпсіз ортада өсуі, дұрыс қалыптасуы, жауапкершілікті сезінуі ата-ана мен қоғамның бірлескен еңбегіне байланысты.
Іс-шара барысында ювеналды полиция тобының инспекторлары мектептердің тәрбие ісі жөніндегі орынбасарларымен, әкімшілік өкілдері және қоғамдық көмекшілермен бірлесіп көшелерді, саябақтарды, жастар көп жиналатын ойын-сауық орындары мен компьютерлік ойын-сауық орталықтарын аралап, рейдтік қадағалау жұмыстарын жүргізді. Сонымен қатар, есепте тұратын жайсыз отбасылар мен жасөспірімдер тұрғылықты мекен-жайлары бойынша мобильді топпен бірлесіп тексеріліп, қылмыстың алдын алу мақсатында профилактикалық түсіндірме жұмыстары жүргізілді.
Үш күндік рейдің нәтижесінде түнгі уақытта сағат 23.00-ден таңғы 6.00-ге дейін заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз тұрғын жайдан тыс жерде жүргені үшін бірнеше жасөспірімдер полиция бөліміне жеткізіліп, заңды өкілдеріне ҚР ӘҚбК-нің 442 бабының 2 бөлімі бойынша 6 хаттама, осы баптың 3 бөлімі бойынша 3 хаттама, 435 бап бойынша 1 хаттама, жалпы саны – 12 хаттама толтырылды. «Қамқор» әлеуметтік қолдау орталығына 3 бала және Маруа Құлышева атындағы балаларды қолдау орталығына 2 бала орналастырылды.
– Бүгінгі өткізіліп жатқан іс-шараның мақсаты – кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта үлкендердің қарауынсыз жүруінің алдын алу, жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтарды болдырмау, сондай-ақ ата-аналардың жауапкершілігін арттыру. «Түнгі қаладағы балалар» акциясы аясында түнгі уақытта ата-анасы немесе заңды өкілінің қарауынсыз қоғамдық орындарда жүрген балалар мен жасөспірімдерді анықтап, әрбір жағдайды жеке зерделейміз. Олардың тұрғылықты мекен-жайы, отбасылық және әлеуметтік жағдайы мұқият тексеріледі. Егер тәртіп бұзған немесе құқық бұзуға бейім және арнайы есепте тұрған жасөспірімдер кездессе, олармен профилактикалық әңгіме жүргіземіз. Олардың бос уақытты қалай өткізетіні, қызығушылықтары, мінез-құлқы мен ортаға бейімделу ерекшеліктері ескеріле отырып, ата-аналарына нақты ұсыныстар мен кеңестер беріледі, – деді Сәтбаев қаласы полиция бөлімі бастығының орынбасары Қайрат Смағұлов.
Қазіргі таңда қоғамда жасөспірімдердің тәрбиесі мен қауіпсіздігі – күн тәртібінен түспейтін өзекті мәселелердің бірі. Осы орайда «Түнгі қаладағы балалар» жедел профилактикалық іс-шарасы тек рейд емес, бұл болашағымызды қорғауға бағытталған маңызды қадам. Уақытысында айтылған бір ауыз ескерту – болашақта орын алуы мүмкін қайғылы оқиғаның алдын алады.

Марал Шахаева.
Суреттерді түсірген автор.
