Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында 2026 жылдың бірінші жартыжылдығындағы еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары мен республикалық бюджеттің атқарылу нәтижелері қаралды.
Жиында Ұлытау облысының әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері жоғары бағаланып, өңір бірқатар негізгі бағыт бойынша республикадағы көшбасшылар қатарынан көрінді.
2026 жылдың қаңтар-маусым айларының қорытындысы бойынша Ұлытау облысындағы экономиканың өсуі 17 пайызды құрап, бұл көрсеткішпен өңір Қазақстан бойынша 2-орынға тұрақтады. Сонымен қатар, жекелеген салалардағы даму қарқыны бойынша Ұлытау облысы республикада 1-орынға шықты. Атап айтқанда құрылыс жұмыстарының өсуі – 3,3 есе және жеке инвестициялар көлемі – 2,2 есе. Ал тұрғын үйді пайдалануға беру көрсеткіші бойынша өңір 14 пайыздық өсіммен республикада 3-орынды иеленді.
Бұл нәтижелер Ұлытау облысында инвестициялық белсенділіктің артып, құрылыс саласының қарқынды дамып келе жатқанын және өңір экономикасының тұрақты өсімін айқын көрсетеді.
Құрылыс жұмыстары әкім бақылауында
Облыс әкімі Дастан Рыспеков Ұлытау ауданына жұмыс сапарымен барып, Жезді кентіне кіреберісте тұрғындардың сұранысы негізінде салынып жатқан арканың құрылысымен танысты. Өңір басшысы нысанның сәулеттік келбеті заман талабына сай, сапалы әрі көрнекі деңгейде орындалуы қажет екенін атап өтіп, мердігерге жұмысты белгіленген мерзімде аяқтауды тапсырды.
Одан кейін облыс әкімі Қарсақбай кентінде қоныс аударушы мамандарға арналған тұрғын үй құрылысының барысын бақылады. Өңір басшысы аудан әкімдігіне кенттегі бос тұрған үйлерді қалпына келтірудің тиімді тетіктерін қарастырып, нақты ұсыныстар енгізуді міндеттеді.
Жұмыс сапары барысында облыс әкімі Қарсақбай кентінде жаңадан орнатылған су тазарту сүзгісінің жұмысымен танысты. Бұл жоба тұрғындарды сапалы ауыз сумен қамтамасыз етуге бағытталған маңызды бастама екенін атап өтті.
Келесі кезекте өңір басшысы облыстық маңызы бар Қарсақбай – Байқоңыр автомобиль жолының құрылысын бақылады. Облыс әкімі аталған жолдың Бұланты шайқасының 300 жылдығы қарсаңында қолға алынған стратегиялық маңызы зор жоба екенін айтты. Сонымен қатар бұл бағыт өңірдің оңтүстік және батыс өңірлерімен көлік қатынасын жақсартатын маңызды дәліз екенін атап өтіп, жол құрылысын биыл толық аяқтап, пайдалануға беруді тапсырды. Сондай-ақ жұмыс сапасына ерекше мән берілетінін, жобаны қаржыландыру мәселесінде ешқандай кедергі болмайтынын жеткізді.
Сапар аясында облыс әкімі Бұланты шайқасы тарихи-мемориалдық кешеніне барып, нысанның қазіргі жай-күйін көрді. Өңір басшысы кешен аумағын абаттандыру жұмыстарын жедел бастау үшін жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеуді, аумақты сумен қамтамасыз ету мақсатында ұңғыма қазу жұмыстарын және жобаны қаржыландырудың нақты тетіктерін қарастыруды тапсырды.
Бұдан кейін өңір басшысы Байқоңыр ауылында мамандарға арналған тұрғын үй мен жабық футбол ангарының құрылысын бақылады. Облыс әкімі барлық жұмыстың сапалы, белгіленген мерзімде және бекітілген кестеге сәйкес жүргізілуін қатаң бақылауда ұстауды тапсырды.
Жаңа ветеринариялық пункт ашылды
Жаңаарқа ауданының Мұқажан Жұмажанов атындағы ауылында заманауи модульдік ветеринариялық пункт ашылды.
Жалпы аумағы 68 шаршы метрді құрайтын жаңа ғимарат ветеринариялық қызмет көрсетуге қажетті барлық жағдаймен қамтамасыз етілген. Нысан толық жиһазбен жабдықталып, кондиционер орнатылған және өрт қауіпсіздігі жүйесімен қамтылған.
Бұл нысан – Ұлытау облысында биыл пайдалануға берілген 22 модульдік ветеринариялық пункттің бірі. Қазіргі таңда 2026 жылға жоспарланған барлық ветеринариялық нысандардың құрылысы толық аяқталып, мемлекеттік ветеринариялық ұйымдардың теңгеріміне өткізілді.
Айта кетейік, Ұлытау облысы ветеринариялық пункттердің құрылысын алғаш болып толық аяқтаған өңір атанды. Биыл жалпы құны 570 миллион теңгені құрайтын 22 ветеринариялық нысан салынса, 2027 жылы 836,5 миллион теңгеге тағы 31 ветеринариялық пункттің құрылысын жүзеге асыру жоспарланып отыр.
Облыс әкімдігінің баспасөз қызметі.
Шарайна



