Пятница, 30.10.2026

ӨМІРДІ ӨЛЕҢМЕН ӨРНЕКТЕГЕН

Адамның ғұмыры – жүріп өткен жолы ғана емес, жүрекке түйген сырлары, көңілге ұялаған сезімдері, кейінгі ұрпаққа қалдырған рухани мұрасы. Ал ақынның өмірі – өлеңмен өрілген өрнекті ғұмыр, жүректің үнін сөзге айналдырып, уақыттың тынысын жырға қосқан тағдыр. Осындай тағылымды ғұмыр иесі, кеншілер қаласының Құрметті азаматы, жергілікті ақын Жақсылық Омаровтың 70 жас мерейтойына орай Б.Бұлқышев атындағы орталықтандырылған кітапханада «Өмір» атты поэзиялық кеш өтті. Жыр мен жүрек тоғысқан тағылымды басқосуда ақынның өнегелі өмір жолы, шығармашылық әлемі мен азаматтық болмысы кеңінен сөз болып, өлеңсүйер қауым бір сәтке руханияттың мөлдір әлеміне бойлады.

Жақсылық Адамбекұлы Омаров – Сәтбаев қаласының Құрметті азаматы, маңдай терін кен даласына сіңірген еңбек адамы әрі көңілінің көкжиегін өлеңмен кеңейткен ақын. Оның ғұмыр жолында шахтаның қараңғы қойнауындағы ауыр еңбек пен жыр әлемінің жарық сәулесі қатар өрілді. Жер астында кен қазған қолдың жүрек түкпіріндегі нәзік сезімдерді сөзбен кестелеп, өмірдің ащысы мен тұщысын, адамдықтың биігі мен уақыттың үнін өлеңге айналдыруы – ақын болмысының бір қыры. Кеншінің қайсар рухы мен ақынның сыршыл жүрегі бір арнада тоғысқан осынау тағдыр жолы оның шығармашылығына өзіндік өрнек, өзгеше тыныс дарытқандай.

Поэзиялық кешке кенші ақын, Сәтбаев қаласының Құрметті азаматы Мұса Тілеуов, «Аймақ ақшамы» газетінің редакторы, қаламгер Абдолла Дастанов, еңбек ардагері, медицина және ақпарат саласының ардагері Майра Жаппасбаева, кітапхана басшысы Асыл Қойшыбаева, кітапхана ұжымы мен оқушылар қатысты.

Кеш шымылдығы ақынның өмірі мен шығармашылық жолынан сыр шертетін бейнероликпен ашылды. Экраннан сыр ақтарған сәттер, жылдар бедері мен өмір белестері жиналған қауымды Жақсылық Омаровтың жан әлеміне жақындата түсті. Өмірдің талай сынынан өтіп, еңбекпен шыңдалған ақынның әрбір белесі оның өлеңдерінен де өз өрнегін тапқандай әсер қалдырды.

Кештің көркін аша түскен сәттердің бірі – Бауыржан Момышұлы атындағы мектеп-гимназияның 7«А» сынып оқушыларының ақын өлеңдерін мәнерлеп оқуы болды. Жас өрендердің балаң дауыстарымен өрілген жыр жолдары залға ерекше әсер сыйлады. Ақынның жүрегінен шыққан сөздердің жас ұрпақтың жүрегіне жетуі – әдебиеттің өміршеңдігін танытқан әдемі көрініс. Өйткені өлеңнің ғұмыры оны жазған сәтпен шектелмейді, ол оқылған сайын жаңғырып, тыңдаған сайын жаңа бір сезімнің есігін ашады.

Жиын барысында қадірлі қонақтар ақынға ақжарма тілектерін арнап, естеліктерден сыр шертті. Ақынның мерейін үстем етіп сый-сияпаттар табысталды. Ізгі ниет пен шынайы құрметке толы әңгімелер ақынның адамдық болмысын, айналасына сыйлаған жылуын айшықтай түсті. Айтылған әрбір тілек пен ақтарылған әрбір естелік мерейтой иесінің еңбегіне берілген лайықты бағадай естілді.

Кештің тағы бір тағылымды тұсы – оқушылар мен ақын арасындағы еркін сырласу сәті еді. Жас буынның көкейіндегі сауалдарға жауап берген Жақсылық аға шығармашылыққа қалай келгенін, өлеңге деген ынтызарлықтың жүрегінде қалай оянғанын әңгімеледі. Ақындықтың дайын жолы болмайтынын, әрбір жырдың ар жағында өмірден түйген ой, көңілге түйген сезім, жүрекке жиналған сыр жататынын оның әңгімесінен аңғаруға болатындай.

Мерейтой иесі де көпшілік алдында кеншілер қаласына арналған өлеңдерін оқып, туған жерге деген ыстық ықыласын білдірді. Сәтбаев – оның өмір жолымен біте қайнасқан, еңбекпен есейіп, жүрегіне жақын мекенге айналған қала. Кеншілердің қайсар тірлігі, туған өлкенің тынысы, елге деген сүйіспеншілік ақын жырларында өзіндік үнмен өріледі. Туған жерді жырлау – оның көшелерін, ғимараттарын немесе табиғатын ғана суреттеу емес, сол өлкенің тағдырын өз тағдырыңдай сезіну, оның әрбір жетістігіне қуанып, әрбір тынысын жүрекпен қабылдау. Ақынның кеншілер қаласына арналған өлеңдерінен де осындай перзенттік ықылас пен азаматтық үннің лебі сезілді.

Жырмен өрілген кеш әсем күй мен мың бұралған бимен де ажарланды. Оқушылардың күй тартуы көңілге қоңыр әуен сыйласа, биші қыздың өнері басқосудың шырайын аша түсті.

Кеш бойы ақынның жарқын жүзі мен ашық мінезі айналасына шуақ шашып, жиналған жұртқа ерекше жылылық сыйлады. Әрбір әңгіме мен ақжарма тілек, әрбір оқылған өлең мен тартылған күй руханияттың адам өміріндегі орнын тағы бір мәрте сезіндірді. Ақынның мерейлі жасына арналған жүздесу – бір адамның мерекесін атап өту ғана емес, сөз өнеріне деген құрметті ұлықтап, ұрпақ пен ұлағатты өмір иесінің арасын жалғаған рухани көпірге айналды.

Жетпіс жас – өмірдің талай белесін артқа тастап, тағдырдың талай сабағын көңілге түйген кемел шақ. Бұл – маңдай термен келген абыройдың, жүрекпен жазылған жырдың, айналаға төгілген мейірімнің мерейі. Адамның шын байлығы да артында қалған дүние-мүлкімен емес, көңілге ұялатқан ізгілігімен, ел жадында сақталған еңбегімен, жүректерге жол тапқан сөзімен өлшенсе керек.

Өмір дегеніміз – бірде еңбекпен, бірде үмітпен, бірде сағынышпен өрілетін ұзақ дастан. Оның әр тарауында қуаныш та, мұң да, ізденіс пен табандылық та бар. Ал сол дастанның сырын өлеңге айналдыру – жүрекке жүктелген ерекше аманат. Жақсылық Омаровтың «Өмір» атты поэзиялық кеші осы ойды тереңдете түскендей. Ақынның ғұмыры мен жыры тоғысқан бұл кештен жұртшылық рухани әсер алып, көңілдеріне шуақ ұялатты. Өйткені жүректен шыққан сөз жүрекке жетеді, ал шынайы өлеңнің жаңғырығы уақыт көшінде жоғалмайды.

Марал Шахаева.
Суреттерді түсірген автор.

Жақсылық Адамбекұлы Омаров 1956 жылы Түркістан ауданына қарасты Жарас ауылында дүниеге келген.

Еңбек жолын Бабайқорған ауылында құрылысшы болып бастаған. 1985–1999 жылдары «Қазақмыс» корпорациясына қарасты Оңтүстік Жезқазған кенішінің №65 шахтасында еңбек еткен. Қазіргі таңда құрметті еңбек демалысында.

Жақсылық Омаров — өлең өлкесінде өзіндік қолтаңбасын қалыптастырған ақын. Оның «Жүрекжарды», «Аманатқа адалдық», «Жүрегімдегі жақұттар» және «Талтүс» атты жыр жинақтары жарық көрген.

Жүрегімді тыңдаймын

Ал, ағайын, қызыл тілім сөйлесін!
Бір Алламыз жақ пен тілді бергесін.
Айтарым бар туыс, туған, ағайын,
Тыңдаңыздар Адамбектің кіші ұлын.

Қиналумен еске аламын өткенді,
Қуаныштан қиналысым көп болды.
Тумай жатып жетім қалдым, қайтейін
Құдай, бірақ, ақырында жеткерді.

Соңғы демін алып қана ақырын,
Туған-туыс жинап барлық жақынын.
Асыл әкем маңдайымнан иіскепті,
(Сол сәтті әлі сезіп келе жатырмын).

«Сенің атың болсын, – дедім, – Жақсылық,
Мен тәрізді көрме өмірден таршылық.
Үкілеген үмітімсің, жалғастыр,
Ақындықтың кетем жолын тапсырып».

Солай депті… Сосын көзін жұмыпты,
Маған артып сенім менен үмітті.
Аманаты тәрізденіп әкенің,
Ұмытылмай осы сөзі жүріпті.

Бірақ, бәрін кеш түсініп, кеш білдік,
Жастық шақта ненің мәнін ескердік?
Тектен-текке өтіп кеткен күндерге,
Бармақ шайнап, басты шайқап өкіндік.

Оң-солымды жүре келе таныппын,
Бірде озып, бірде кейін қалыппын.
Оқырманым өзі берсін бағасын,
Ақынына айналдым ба халықтың?

«Жаз» дегенін жазып жүрмін Тәңірдің,
Жүрмін Қырда. Жырақта өскен ауылым.
Ағайынмын ауылдағы туысқа,
Мұндағының бәрі – менің бауырым.

Жора-жолдас, дос-жарандар елдегі,
«Сарыарқада жүре бермей, кел» дейді.
… «Бауырларды тастап кету мүмкін бе?»,
Деп соғады титтей жүрек мендегі.

Өмір

Қиын екен расында өмір деген,
Қателесер жеңіл ойлап, жеңіл жүрген.
Ғұмырдың талтүсіне жеттім бірақ,
Әр күнім өтіп жатыр күреспенен.

Бірде жасы жанардың тамшылайды,
Бірде көңіл күн болып ашылады.
Қызығы мен қиыны қатарласқан,
Өмірдің ойлап тұрсам сол ғой мәні.

Өмірге адам келеді бір-ақ рет,
Тағдыры не сыйласа, бәрін көред.
Қызығына қуанып, қиындыққа,
Шыдай алмай мүжілсек, кім болар ек?

Жамау-жамау жүрегім

Талай рет күнәға да батқанмын,
Соны бүгін санамалап жатпаймын.
Құдайыма тәубе айтамын әйтеуір,
Алпысымда ақыл кіріп жатқанын.

Үлкендердің ақылына көнбедім,
Жол көрсетсе иланбадым, сенбедім.
Алдым – тұман, болашағым бұлдыр боп,
Ертеңімнің не боларын білмедім.

«Дос» деп сендім байқамастан дұшпанға,
Нағыз достар өз жанымда тұрғанда.
Жалған намыс адастырды, қайтейін?
Қателіктен у ішпеген жан бар ма?

Жараланған жамау-жамау жүрегім,
Ар отына түсіп кейде жүремін.
Қателерге ұрынбас па ем кім білсін?
Ата-анам болғанда егер тірегім.

Көз алдымда жүрсең ғой… (ұлым Дидардың рухына)

Ақкөңіл, адал еді мінезің де,
Көтеріңкі күй ойнаушы еді көңілінде.
Қалайша күрт үзілді өмір жібі,
Осыны мұңлы жүрек түсінбеуде.

Өмір деген бар-жоғы бес күн жалған,
Өзіңмен бірге кетті неше арман.
Жығылдың-ау жете алмай арманыңа,
Қандай жауыз жолыңа тұзақ құрған?

Шыдағанмын, шыдап келем өміріме,
Алға баспай кейін тартып тірлігім де.
Өзімді өзім алдаумен жүрем кейде,
Шүкір деумен шаңырақ бірлігіне.

Көз алдымда жүрсең ғой, Құлагерім!
Талай-талай бәйгеден озар едің.
Табылмайсың қасымнан қайтем енді,
Мәңгіліктің елінде жолығарсың.

Шындығым

Шындығым бар кеудемде шырылдаған,
Таң қаламын кей жандарға соны ұқпаған.
Ар мен намыс ардақты – алтыныңнан,
Шындығым артық маған шыбын жаннан.

Жан емеспін сүттен ақ, судан таза,
Шындығым шырылдауда бермей маза.
Балалық балғын шақтан аманатқа,
Серт бергенмін қиянат жасамауға.

Ұмытып көргенім жоқ жақсылықты,
Жаныма жақындатпан арамдықты.
Пенделік болса бәлкім болған шығар,
Таптатқан жан емеспін ар-ұятты.

Жүректегі шындығым – ар-ұятым,
Адалдық күнде менің табынарым.
Басқадан жаңылсам да, бірақ, достар
Шындығымнан ешқашан жаңылмаймын.

«Мәңгілік Ел» көшесі (Сәтбаев қаласында «Мәңгілік Ел» кешені ашылғанда)

Тәуелсіздік арманы – «Мәңгілік Ел»,
Жыл сайын жасай берсін, жаңарып ел!
Ата-баба армандары орындалды,
Оған куә қазағым, кең байтақ жер!

Жараса қоймайтұғын қалаға тым,
Бұл көшеміз басқаша аталатын.
«Мәңгілік Ел» атауын алды бүгін,
Мәңгілік арманындай бабалардың.

Бәрі-бәрі Азаттық арқасында!
Армандар ақиқатқа жалғасуда.
Орнаттық нән ескерткіш төрге бүгін,
Қара қазан қойылған ортасына.

«Төрт құбыла» және де «Төрт босаға»,
Түгенделіп тұрғандай осы арада.
Мәңгілікке бет түзеп бара жатқан,
Байрағың биік болсын, Қазақия!

Өткен өмір ағысы ғой

Сағым сынды өткенге сағынышым,
Кім түсінер мендегі көңіл сырын.
Қайран жастық тәп-тәтті сәттерімен,
Еске түсіп жатады енді бүгін.

Үлгілі оқушысы ек «Үлгілінің»
Үмітін ақтадық па мұғалімнің?
Мен сыныпта едім ғой «староста»,
Сен басшысы едің ғой тазалықтың.

Әдемі еді ән айтқан дауысың да,
Саған жетер жан жоқ-ты ауылымда.
Жігіт біткен шетінен саған ғашық,
Болғанын көзім көрді расында.

Махаббат партадан дейді басталады,
Неге балаң сезімім айтылмады?
Жанымызды сан мәрте өртеді ғой,
Шарпыған жанарыңның жарқылдары.

Өтті жылдар, айрылды жолдарымыз,
Орындалды сан талай арманымыз.
Бір өкініш соншама қатар жүріп,
Қолыңнан бір ұстамай қалғанымыз.

Өтелмейді қарызың

«Ата-ана қадірін балалы болсаң білерсің»,
Мағынасын мәтелдің кеш түсінді жүрегім.
Өмірден көрген өкініш өзекті өртеп жатқанын,
Басқаларға қайтейін, түсіндіре алмай келемін.

Әңгімесін есітіп екі жастан шошыдым,
Өкінеді айыптаумен ата-ана тұрмысын.
«Пәленшенің ата-анасы әперіпті көлікті,
Қандай жақсы ата-ана бақытты ғой ол бүгін».

Осылайша кінә тағып аялаған ата мен анаға,
Түсінік жоқ, түйсік жоқ, баю ғана санада.
Түсінбеді ата-ананы еңбек еткен ерінбей,
«Қатарыңнан қалма» деп бәрін беріп балаға.

Білмегендер өмірде аялаған ата-ана бағасын,
Жетесіздер дайын тұрар жыртуға жағасын.
Түсініңдер, өтелмейді өмірде ата-ана қарызы,
Байлық қуып жастарым, қайда кетіп барасың?

Қадірлі Жақсылық Адамбекұлы!

Сізді мерейлі 70 жасқа толған мерейтойыңызбен шын жүректен құттықтаймыз!

Жетпіс жас – ғұмырдың асқар белесі, өмірлік тәжірибе мен парасаттылықтың, өнегелі жол мен абыройлы еңбектің айқын көрінісі. Сіз еңбек жолыңызды адалдықпен өріп, мағыналы ғұмырыңызбен кейінгі ұрпаққа үлгі болып келесіз. Құрылыс саласынан бастап кен өндірісіне дейінгі еңбек жолыңыз табандылық пен жауапкершіліктің жарқын үлгісі болса, ақындық өнеріңіз жүрек тереңіндегі сырларды жырға қосып, оқырманға рухани нәр сыйлап келеді. Қаламыңыз мұқалмай, шабыттың шалқарынан сусындап, жүрекжарды жырларыңызбен оқырмандарыңызды әлі де талай қуанта беруіңізге тілектеспіз.

Осы айтулы мерейтойыңызда Сізге зор денсаулық, ұзақ ғұмыр, отбасыңызға амандық пен береке, шаңырағыңызға шаттық тілейміз! Әр күніңіз қуанышқа толы болып, жақындарыңыздың ортасында сый-құрметке бөлене беріңіз. Алдағы ғұмырыңыз мәнді де сәнді болып, әлі талай жырларыңыз дүниеге келіп, шығармашылық мұраңыз ұрпақтан-ұрпаққа жалғаса берсін!

Құрметпен, Сәтбаев қалалық «Шарайна» газетінің ұжымы.

Проверьте Также

ҰЛЫТАУ ОБЛЫСЫНЫҢ АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ТАУАРЫН ӨНДІРУШІЛЕРІ ҚЫТАЙЛЫҚ ӘРІПТЕСТЕРІНІҢ ТӘЖІРИБЕСІМЕН ТАНЫСТЫ

Ұлытау облысының ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерінен құралған делегация Қытай Халық Республикасының Шыңжаң өндірістік-құрылыс корпусы Халықаралық …