Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының жобасы – елдің саяси-құқықтық жүйесін жаңғыртудағы батыл қадам. Бұл құжат қазіргі заман талаптарына жауап беріп қана қоймай, алдағы ұрпақтың құқығы мен мүмкіндіктерін қорғауға бағытталған ұзақмерзімді инвестиция іспеттес.
Пропорционалды сайлау жүйесінің енгізілуі саяси партиялардың дамуына серпін беріп, жастарға саясатқа тек бақылаушы емес, нақты қатысушы болуға мүмкіндік береді. Жаңа жалпыұлттық диалог алаңы – Қазақстан Халық Кеңесінің құрылуы да жастардың ой-пікірін билікке тікелей жеткізуге жол ашады.
Конституция жобасында Вице-президент институтының енгізілуі мемлекеттік басқаруды жетілдіріп, елдің халықаралық байланыстарын нығайтуға, жастардың ғылым, білім және мәдениет саласындағы жаһандық процесстерге белсенді қатысуына мүмкіндік береді. Сонымен қатар адвокатураның құқықтық мәртебесі, зияткерлік меншік құқығын қорғау, кінәсіздік презумпциясы мен «Миранда ережесінің» бекітілуі әр азаматтың заң алдындағы қорғалуын қамтамасыз етеді.
Жаңа Ата Заң заманауи құқықтық тілмен жазылып, құқықты түсінуді жеңілдетеді, жастардың құқықтық сауаттылығын арттыруға ықпал етеді. Жалпы, бұл құжат әділетті, ашық және жауапты мемлекет қалыптастыруға, азаматтардың белсенділігін арттыруға нақты жол ашып отыр. Ендігі міндет – жастар осы мүмкіндіктерді тиімді пайдаланып, ел дамуына үлес қосуы.
Жұлдызай Сыздықова,
Жастар ресурстық орталығы директорының орынбасары.
