Пятница, 30.10.2026

ЖЫЛУ МАУСЫМЫНА ДАЙЫНДЫҚ – БАСТЫ НАЗАРДА

Сәтбаев қаласында алдағы жылу маусымына дайындық жұмыстары қарқын алды. Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, жылу қазандықтарындағы жөндеу және дайындық шаралары 1 қыркүйекке дейін толық аяқталуы тиіс. Осыған байланысты жауапты мамандар жылу нысандарындағы жұмыстардың барысын тұрақты бақылауда ұстап отыр.

Жуырда №1 жылу қазандығына барып, қазандықтардың жаңа жылу маусымына әзірлік деңгейі тексерілді. Қазіргі таңда жылу станциясындағы төрт қазандықтың барлығында ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Негізгі мақсат – жылыту кезеңі басталғанға дейін жабдықтардың техникалық жағдайын толық тексеріп, анықталған ақауларды жою және жылу берудің тұрақты жұмысын қамтамасыз ету.

Жылу жүйесінің үздіксіз жұмыс істеуі – қала тұрғындарының жайлы өмір сүруінің басты шарттарының бірі. Сондықтан қазандықтардағы әрбір техникалық тораптың жарамдылығы мен сенімділігіне айрықша мән берілуде. Өткен жылы №1 және №4 қазандықтарда күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, газаходтар мен эмульгаторлар орнатылған болатын. Бұл жұмыстар жылу станцияларының техникалық мүмкіндігін арттырумен қатар, қоршаған ортаға тарайтын зиянды қалдықтарды азайтуға бағытталды. Бұған дейін Сәтбаев қаласында тұрғындарды алаңдатқан қара қар мәселесі де өзекті болған еді. Қазандықтарда атқарылған тиісті жұмыстардың нәтижесінде бұл мәселе біртіндеп оң шешімін тауып келеді. Жаңа жабдықтардың орнатылуы мен өндірістік процестердің реттелуі атмосфераға тарайтын қалдықтарды азайтуға мүмкіндік беріп отыр.

Қаладағы жылу жүйесінің тұрақтылығына әсер ететін тағы бір маңызды жоба – газдандыру жұмыстары. Қазіргі таңда Сәтбаев қаласына газ тарту жұмыстары қарқын алып келеді. Газдандыру толық жүзеге асқан жағдайда «Қазақ ауыл» аумағындағы тұрғын үйлер мен бизнес нысандары табиғи газға қосылады. Бұл өз кезегінде жылу беру станциясына түсетін жүктемені азайтуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар тұрғындардың тұрмыстық жағдайын жақсартып, экологиялық ахуалды оңтайландыруға да ықпал етпек.

Жылу маусымына дайындық барысында тек қазандықтардың техникалық жағдайы ғана емес, жылу желілерінің, инженерлік инфрақұрылымның және қосалқы жабдықтардың дайындығы да маңызды. Сондықтан жауапты қызметтердің алдында тұрған негізгі міндет – белгіленген жұмыстарды сапалы әрі уақытылы орындау. Қала тұрғындары үшін қыс мезгілінің жайлы өтуі тікелей осы дайындық жұмыстарының нәтижесіне байланысты. Осыған орай анықталған кемшіліктерді созбалаңға салмай жою, жөндеу жұмыстарын белгіленген мерзімде аяқтау және қазандықтардың қауіпсіз жұмысын қамтамасыз ету – басты талап.

Алдағы жылу маусымын тұрақты өткізу үшін барлық қажетті шаралар кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. 1 қыркүйекке дейін дайындықты толық аяқтау – негізгі меженің бірі. Бұл талаптың орындалуы қала тұрғындарын жылумен үздіксіз қамтамасыз етуге және жылыту кезеңінде болуы мүмкін тәуекелдердің алдын алуға мүмкіндік береді. Басты мақсат – Сәтбаев қаласының әр тұрғыны қысқы кезеңде сапалы әрі тұрақты жылумен қамтылуы. Сондықтан жылу маусымына дайындық жұмыстары алдағы уақытта да жіті бақылауда болады.

Ізтай Белгібайұлы.

Проверьте Также

ҚҰРЫЛЫС САЛАСЫНДАҒЫ КАМЕРАЛДЫҚ БАҚЫЛАУ: КӘСІПКЕРЛЕРГЕ ҚОЙЫЛАТЫН ТАЛАПТАР

Ұлытау облысының Кәсіпкерлер палатасында Құрылыс, логистика және көлік мәселелері жөніндегі салалық кеңестің отырысы өтті. Кездесудің …