Пятница, 30.10.2026

МЕМРӘМІЗДЕРДІ ПАЙДАЛАНУ ТАЛАПТАРЫ ТҮСІНДІРІЛДІ

Сәтбаев қаласында Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздерін пайдалану және орналастыру талаптарын түсіндіруге арналған семинар-тренинг өтті. Іс-шараның негізгі мақсаты – мемлекеттік рәміздердің заңнамада және ұлттық стандарттарда белгіленген талаптарға сәйкес қолданылуын қамтамасыз ету, сондай-ақ жауапты қызметкерлердің осы бағыттағы білімін жетілдіру.

Сәтбаев қаласының мемлекеттік мекемелері мен білім беру ұйымдарының басшылары, қалалық қорғаныс және төтенше жағдайлар бөлімдерінің өкілдері, сондай-ақ мемлекеттік рәміздерге жауапты қызметкерлер қатысқан іс-шараға Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің Архив, құжаттама және кітап ісі комитеті Геральдикалық жұмыс басқармасының басшысы Гүлдана Маликқызы Аргенова арнайы спикер ретінде келіп, мемлекеттік рәміздерді пайдалану мен орналастырудың белгіленген тәртібі жөнінде жан-жақты түсіндірме берді.

Семинар барысында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы, Мемлекеттік Елтаңбасы және Мемлекеттік Әнұранын қолдану талаптарына ерекше назар аударылды. Атап айтқанда, мемлекеттік рәміздерді ғимараттарда орналастыру тәртібі, олардың сыртқы келбетіне қойылатын талаптар, рәміздердің өлшемдері мен орналасу ерекшеліктері, сондай-ақ мемлекеттік мекемелер мен ұйымдарда оларды дұрыс әрі талапқа сай пайдалану мәселелері кеңінен қарастырылды. Қатысушыларға мемлекеттік рәміздерді орналастыру ұлттық стандарт талаптарын сақтау қажеттігі түсіндіріліп, тәжірибеде жиі кездесетін мәселелер бойынша нақты мысалдар келтірілді. Сонымен қатар мемлекеттік рәміздердің елдің егемендігі мен бірлігін айқындайтын маңызды мемлекеттік атрибуттар екені атап өтілді.

Семинар-тренинг барысында қатысушылар өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, мемлекеттік рәміздерді пайдалану тәртібіне қатысты нақты жауаптар алды. Бұл өз кезегінде мемлекеттік мекемелер мен ұйымдарда рәміздерді белгіленген талаптарға сәйкес орналастыру мен қолдану мәдениетін одан әрі қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Мемлекеттік рәміздерді құрметтеу – ел азаматтарының патриоттық санасын қалыптастырудың маңызды негіздерінің бірі. Осы бағыттағы түсіндіру және ақпараттық жұмыстарды жүйелі түрде жүргізу мемлекеттік рәміздердің мәртебесін арттыруға және оларды қолдану талаптарының сақталуын қамтамасыз етуге ықпал етеді.

Аманкелді Ақшал.

Проверьте Также

ҰЛЫТАУ ОБЛЫСЫНЫҢ АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ТАУАРЫН ӨНДІРУШІЛЕРІ ҚЫТАЙЛЫҚ ӘРІПТЕСТЕРІНІҢ ТӘЖІРИБЕСІМЕН ТАНЫСТЫ

Ұлытау облысының ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерінен құралған делегация Қытай Халық Республикасының Шыңжаң өндірістік-құрылыс корпусы Халықаралық …