Пятница, 30.10.2026

ЗЕЙНЕТАҚЫ – БҮГІНГІ ЕҢБЕК, ЕРТЕҢГІ ТҰРАҚТЫЛЫҚ

Бүгінде зейнетақымен қамсыздандыру – азаматтардың әлеуметтік әл-ауқатын қамтамасыз ететін маңызды мемлекеттік жүйелердің бірі. Зейнет жасына жақындаған азаматтарды көбіне «Болашақ зейнетақым қанша болады», «Зейнетақы қалай есептеледі», «Еңбек өтілі мен жалақы мөлшері қаншалықты маңызды» секілді сұрақтар толғандырады. Әсіресе ресми еңбек ету, міндетті зейнетақы жарналарын тұрақты аудару және еңбек өтілін дұрыс рәсімдеу мәселелерінің маңызы зор. Осы және өзге де мәселелер жөнінде Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Ұлытау облысы бойынша Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитеті департаменті басшысының орынбасары Айдархан Құралай Мұқажанқызымен сұхбаттасқан едік.

– Құралай Мұқажанқызы, ең алдымен, оқырманға түсінікті болуы үшін зейнетақы төлемдерінің мөлшері нақты қандай факторларға байланысты екенін айтып өтсеңіз.

– Зейнетақы мөлшері әр азамат үшін жеке есептеледі. Оған ең алдымен еңбек өтілі, зейнетақы жүйесіне қатысу өтілі, зейнетақы тағайындау кезінде есепке алынатын табыс мөлшері және Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы жинақ көлемі әсер етеді. Қазақстандағы зейнетақымен қамсыздандыру жүйесі бірнеше құрамдас бөліктен тұрады. Негізгі үш бөлігін атап айтуға болады: мемлекеттік базалық зейнетақы төлемі, ынтымақты зейнетақы және БЖЗҚ-дан төленетін жинақтаушы зейнетақы. Сондықтан азаматтың болашақ зейнетақысының мөлшерін бір ғана көрсеткішпен байланыстыруға болмайды. Әр адамның еңбек жолы, жалақысы, жарна аудару кезеңдері әртүрлі болғандықтан, зейнетақысы да жеке есептеледі.

– Осы үш құрамдас бөліктің әрқайсысына жеке тоқталсақ. Базалық зейнетақы қалай есептеледі?

– Базалық зейнетақы төлемі зейнет жасына жеткен азаматтарға тағайындалады және оның мөлшері зейнетақы жүйесіне қатысу өтіліне байланысты болады. 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап базалық зейнетақының ең төменгі мөлшері ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70 пайызына тең, яғни 35 596 теңге болып белгіленді. Ал зейнетақы жүйесіне қатысу өтілі 10 жылдан асқан әрбір толық жыл үшін базалық төлем 2 пайызға ұлғаяды. Бұл ретте оның мөлшері ең төменгі күнкөріс деңгейінің 118 пайызынан аспайды. 2026 жылы 34 жыл және одан көп өтілі бар азаматтарға базалық зейнетақының ең жоғары мөлшері 60 005 теңгені құрайды. Зейнетақы жүйесіне қатысу өтіліне 1998 жылғы 1 қаңтарға дейінгі еңбек өтілімен қатар, міндетті зейнетақы жарналары және жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналары төленген кезеңдер де есепке алынады. Сонымен бірге заңнамада көзделген кейбір әлеуметтік кезеңдер, оның ішінде жұмыс істемейтін ананың бала күтіміне байланысты кезеңдері де есепке алынуы мүмкін.

– Ал ынтымақты зейнетақының (жасына байланысты зейнетақы) ерекшелігі неде?

Жасына байланысты зейнетақы төлемі Жасына байланысты ынтымақты зейнетақы төлемінің мөлшері 1998 жылғы 1 қаңтарға дейінгі еңбек өтіліне және 1998 жылғы 1 қаңтардан кейінгі жұмыс кезеңіндегі орташа айлық табысқа байланысты. Жасына байланысты зейнетақы төлемін тағайындау кезінде 1998 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша кемінде алты ай еңбек өтілі ескеріледі. Төлем мөлшері заңнамада белгіленген кезеңдегі еңбек өтілі мен орташа айлық табыс ескеріле отырып есептеледі. Демек, расталған еңбек өтілі мен ресми табыстың болуы жасына байланысты зейнетақы мөлшеріне тікелей әсер етеді.

– Қазіргі таңда көпшілік үшін БЖЗҚ-дағы жинақтың маңызы ерекше. Жинақтаушы зейнетақы қалай қалыптасады?

– Жинақтаушы зейнетақы азаматтың Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы жеке зейнетақы шотында қалыптасқан қаражатына байланысты. Мұнда міндетті зейнетақы жарналарының мөлшері мен тұрақтылығы, зейнетақы жүйесіне қатысу ұзақтығы және инвестициялық кіріс маңызды рөл атқарады. Сондықтан азаматтың ресми жұмыс істеуі және оның табысынан міндетті зейнетақы жарналарының уақытылы әрі тұрақты аударылуы – болашақ зейнетақысының қалыптасуындағы негізгі факторлардың бірі.

– Кей азаматтар «ресми жұмыс істеп жүрмін, бірақ зейнетақы жинағым уақытылы аударылмайды» деп алаңдайды. Мұндай жағдайда не істеу керек?

– Ең алдымен азамат өзінің жеке зейнетақы шотындағы мәліметтерді тексеруі қажет. Жұмыс берушінің жарнаны уақытылы және толық көлемде аударып отырғанына назар аударған жөн. Егер еңбек қызметі туралы мәліметтерде немесе зейнетақы жарналарында сәйкессіздік байқалса, оны зейнет жасына жеткенге дейін анықтап, тиісті құжаттармен растау маңызды. Өйткені еңбек өтілі мен жарналар туралы мәліметтерді кейін қалпына келтіру белгілі бір уақыт пен құжаттарды қажет етуі мүмкін.

– Ал еңбек өтілі туралы мәліметтері сақталмаған азаматтар не істеуі керек?

– Бұл да маңызды мәселе. Әсіресе бұрынғы кәсіпорындарда, ұйымдарда жұмыс істеген азаматтар өздерінің еңбек өтіліне қатысты құжаттарын алдын ала реттеп алғаны дұрыс. Еңбек кітапшасындағы жазбалар, мұрағаттық анықтамалар және заңнамада көзделген өзге де құжаттар еңбек өтілін растауға негіз бола алады. Сондықтан зейнет жасына таяған азаматтарға құжаттарын соңғы сәтте емес, алдын ала тексеріп, қажетті мәліметтердің толықтығына көз жеткізуді ұсынамыз.

– Зейнетақымен қамсыздандыру мәселесі бойынша қайда жүгінуге болады?

– Азаматтар зейнетақы тағайындау және есептеу мәселелері бойынша кеңес алу үшін «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының Халыққа қызмет көрсету орталықтарына бару керек, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің Ұлытау облысы бойынша департаментіне жүгіне алады. Мамандар азаматтарға қолданыстағы заңнама шеңберінде қажетті түсіндірме береді. Ең бастысы – түсініксіз мәселе туындаған жағдайда ақпаратты бейресми дереккөздерден емес, уәкілетті органдардан нақтылап алған жөн.

Зейнетақы – адамның көп жылғы еңбегінің нәтижесі. Сол себепті бүгінгі еңбек тәртібі мен қаржылық жауапкершілік ертеңгі әлеуметтік тұрақтылықтың негізі болмақ.

– Ақпаратыңызға рахмет!

 Сұхбаттасқан Марал Шахаева.

Проверьте Также

ҰЛТТЫҚ МҰРАНЫ ҰЛЫҚТАҒАН ҰЛЫТАУЛЫҚ БРЕНД

17 жылдық тәжірибесі бар креатор-дизайнер, «Graf» баспаханасының негізін қалаушы, Еуразиялық дизайнерлер одағының мүшесі Арайлым Есембекова …