Пятница, 30.10.2026

СӘТБАЕВТЫҚТАР БАСПАНАЛЫ БОЛДЫ

Елімізде тұрғындарды баспанамен қамтамасыз ету – мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі. Соңғы жылдары бұл салада жүйелі реформалар жүзеге асырылып, тұрғын үйге мұқтаж азаматтарды қолдаудың жаңа тетіктері кезең-кезеңімен енгізілуде. Соның нәтижесінде әлеуметтік осал топтағы азаматтардың тұрғын үйге қолжетімділігі артып келеді.

Осыған сәйкес заңнамаға енгізілген өзгерістер негізінде «Тұрғын үй жағдайларын жақсартуға бағытталған мемлекеттік қолдау шараларын іске асыру қағидалары» бекітілді. Жаңа тәртіп бойынша тұрғын үй кезегінде тұрған әлеуметтік осал санаттағы азаматтар жергілікті атқарушы органдар арқылы жалға берілетін тұрғын үйлермен қамтамасыз етіледі. Сонымен қатар, 2 және 5 пайыздық жеңілдетілген несиелік бағдарламалар арқылы баспана алу мүмкіндігі қарастырылған.

Тағы бір маңызды жаңашылдық – тұрғын үй кезегін жүргізу, кезекте тұрған азаматтарды түгендеу және баспаналарды бөлу жұмыстары толықтай «Отбасы банк» арқылы жүзеге асырылады. Бұл тұрғын үйді бөлудің ашықтығын қамтамасыз етіп, мемлекеттік қолдау шараларының тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.

Сәтбаев қаласында өткен салтанатты рәсім – осы өзгерістердің нақты нәтижесі. Бұл күні тұрғын үй кезегінде ұзақ жылдар тұрған 30 отбасы жаңа қоныстың кілтін алып, көптен күткен армандарына қол жеткізді. Жаңа пәтерлер халықтың әлеуметтік осал топтары мен заңнамада көзделген өзге де санаттағы азаматтарға берілді.

Жаңадан пайдалануға берілген тұрғын үйлер Сәтбаев даңғылындағы №104/4 және №104/5 мекенжайларында орналасқан. Айта кетейік, өткен жылы Сәтбаев қаласының әкімдігі тұрғын үй кезегінде тұрған әлеуметтік осал топтар үшін 60 пәтер сатып алған болатын. Оның алғашқы 30 пәтері мамыр айында өз иелеріне табысталған болса, енді қалған 30 отбасы да қоныс тойын тойлап отыр.

Жаңа пәтерлердің кілтін қала әкімі Мұрат Бөрібаев табыстап, қоныс иелерін жүрекжарды лебізімен құттықтады.

– Мамыр айында 30 отбасының қуанышына ортақ болған едік. Бүгін сол игі бастаманың жалғасы ретінде тағы 30 жанұяға жаңа баспананың кілтін табыстап отырмыз. Әр отбасының жайлы да қауіпсіз баспанада өмір сүруі – мемлекетіміздің басты міндеттерінің бірі. Сондықтан қаламыздағы тұрғын үй қорын жаңғырту және тұрғындарды баспанамен қамтамасыз ету жұмыстары алдағы уақытта да өз жалғасын табады, – деді қала басшысы.

Жаңа қоныс иелерінің бірі Айжан Саркенова үшін бұл күн ұмытылмас сәттердің біріне айналды. Ол он жылдан астам уақыт күткен арманының орындалғанын ерекше тебіреніспен жеткізді.

– Қаншама жылдан бері тұрғын үй кезегінде тұрдым. Осы жылдар бойы өз баспанамыз болады деген үмітімізді үзген жоқпыз. Бүгін міне, көптен күткен үйіміздің кілтін алып, ерекше қуанышқа бөленіп отырмыз. Бұл – біздің отбасымыз үшін тарихи күн. Осындай мүмкіндік жасап, қолдау көрсеткен мемлекетімізге, облыс және қала басшылығына шынайы алғысымды білдіремін. Барша баспанаға мұқтаж отбасылардың да арманы орындалсын, – дейді Айжан ханым.

Аталған жоба Ұлытау облысы әкімдігі мен «Отбасы банк» арасындағы ынтымақтастық туралы келісім аясында жүзеге асырылып келеді. Бұл бастама өңір тұрғындарының өмір сапасын жақсартып, әлеуметтік тұрақтылықты нығайтуға бағытталған маңызды жобалардың бірі саналады.

Жалпы, Ұлытау облысы құрылған уақыттан бері өңірде 400 мың шаршы метрге жуық тұрғын үй пайдалануға берілді. Ал биыл тағы 73 мың шаршы метр тұрғын үйдің құрылысы аяқталады деп жоспарланып отыр. Соның нәтижесінде жыл соңына дейін облыс бойынша 900-ге жуық отбасы жаңа баспанаға қол жеткізеді деп күтілуде.

Әр табысталған пәтер – жай ғана төрт қабырға емес. Ол – бір отбасының жаңа өмірге жасаған қадамы, балалардың шат күлкісі естілетін шаңырақ, ертеңгі күнге деген сенімнің белгісі. Сондықтан Сәтбаевтағы қоныс тойы – тек 30 отбасының ғана емес, тұтас қаланың қуанышы. Мемлекет қолға алған тұрғын үй саясатының нақты нәтижесі осындай игі істер арқылы көрініс тауып, халықтың әл-ауқатын арттыруға қызмет ете беретіні сөзсіз.

Марал Шахаева.
Суреттерді түсірген автор.

Проверьте Также

ҰЛЫТАУ ОБЛЫСЫНЫҢ АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ТАУАРЫН ӨНДІРУШІЛЕРІ ҚЫТАЙЛЫҚ ӘРІПТЕСТЕРІНІҢ ТӘЖІРИБЕСІМЕН ТАНЫСТЫ

Ұлытау облысының ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерінен құралған делегация Қытай Халық Республикасының Шыңжаң өндірістік-құрылыс корпусы Халықаралық …