Пятница, 30.10.2026

ҰЛЫТАУДА ҮЗДІК ҰСТАЗДАР ҰЛЫҚТАЛДЫ

Ұстаз – ұрпаққа білім беріп қана қоймай, оның жүрегіне ізгілік пен адамгершіліктің дәнін себетін, елдің ертеңін қалыптастыратын ұлы тұлға. «Ұстаз – ұлттың шамшырағы» деген сөздің мәні де осында. Себебі білімді ұрпақтың қалыптасуы, ең алдымен, сапалы білім мен тағылымды тәрбиені қатар алып жүрген білікті педагогке байланысты. Осы орайда облыста ұстаздар күніне арналған «Ұстаз – ұлттың шамшырағы» атты салтанатты жиын өтіп, білім саласының үздіктері ұлықталды.

Мерекелік шараға облыс әкімі Есет Байкен қатысып, барша ұстаздар қауымын кәсіби мерекесімен құттықтады. Аймақ басшысы өз сөзінде мұғалім еңбегінің ел болашағы үшін айрықша маңызға ие екенін атап өтіп, білім саласын дамыту мен педагогтердің кәсіби әлеуетін арттыру бағытындағы жұмыстардың алдағы уақытта да жалғаса беретінін жеткізді.

Ұстаздық – үлкен жауапкершілікті, үздіксіз ізденісті және жүрек жылуын талап ететін мамандық. Күн сайын жүздеген баланың тағдырына ықпал етіп, олардың қабілетін ашуға, арманына қанат бітіруге еңбек етіп жүрген педагогтердің еңбегі қашанда құрметке лайық. Салтанатты жиында осы абыройлы міндетті жоғары деңгейде атқарып жүрген бірқатар ұстазға мемлекеттік және ведомстволық марапаттар табысталды.

Білім беру саласының үздіктері «Құрмет» орденімен, «Еңбек ардагері», «Ыбырай Алтынсарин», «Ерен еңбегі үшін» медальдарымен марапатталды. Сондай-ақ Оқу-ағарту министрлігінің «Орта білім беру ісінің үздігі» Құрмет дипломы мен Алғыс хаттары табысталып, бірқатар педагог Ұлытау облысының Құрмет грамотасына ие болды. Бұл марапаттар – ұстаздардың жылдар бойғы табанды еңбегіне, кәсіби шеберлігіне және білім беру ісіне қосқан елеулі үлесіне берілген жоғары баға.

Іс-шараның тағы бір айтулы жаңалығы – білім саласындағы озық тәжірибесімен ерекшеленген мамандардың еңбегін ынталандыру мақсатында «Ұлытау білім үздігі» номинациясының жеңімпаздарына 1 миллион теңгеден сыйақының берілуі болды. Ал үздік нәтижелерімен танылған білім беру ұйымдарына жалпы құны 6 миллион теңгелік Сертификаттар табысталды.

Білім сапасын арттыру – бір күндік міндет емес, жүйелі әрі ұзақ мерзімді жұмысты қажет ететін маңызды бағыт. Осыны назарға алған облыс басшылығы педагогтердің кәсіби дамуына, әдістемелік қолдау көрсетуге және заманауи білім беру ортасын қалыптастыруға басымдық беріп отыр.

– Біз алдағы уақытта да ұстаздардың кәсіби дамуына, білім беру сапасын арттыруға және балаларға қолайлы орта қалыптастыруға басымдық береміз. Осы бағытта 2027 жылдан бастап облыстық әдістемелік орталықтың жұмысы жаңа форматқа көшіп, «Ұлытау ұстазы» оқу-әдістемелік орталығы мен Ұстаздар үйін ашу жоспарланып отыр. Сонымен қатар педагог кадрларға сұранысты ескере отырып, жоғары колледж мәртебесін беру және «Логопедия» бағыты бойынша қолданбалы бакалавриат бағдарламасын іске қосу көзделуде, – деді облыс әкімі Есет Байкен.

Бұл бастамалардың әрқайсысы аймақтағы білім беру жүйесін жаңа сапалық деңгейге көтеруге бағытталған. Әсіресе педагогтерге арналған арнайы оқу-әдістемелік орталықтың ашылуы ұстаздардың біліктілігін арттырып, тәжірибе алмасуына және заманауи әдіс-тәсілдерді меңгеруіне мүмкіндік бермек.

Өскелең ұрпақтың жан-жақты дамуы да аймақтың білім беру саясатындағы басым бағыттардың бірі. Алдағы жылы балалардың спорттық, шығармашылық және әскери-патриоттық әлеуетін дамытуға бағытталған қосымша білім беру орталығын ашу жоспарланып отыр. Сонымен қатар, барлық мектепте оқушылардың бос уақытын мазмұнды ұйымдастыруға арналған Community орталықтарын іске қосу көзделуде. Мұндай орталықтар балалардың қарым-қатынас мәдениетін қалыптастырып, шығармашылықпен айналысуына, түрлі жобалар мен қоғамдық бастамаларға қатысуына қолайлы орта қалыптастырмақ. Яғни мектеп тек білім беретін орын емес, баланың тұлғалық дамуына жан-жақты жағдай жасайтын әлеуметтік ортаға айнала түспек.

Мұғалімдер күніне арналған мерекелік жиын осындай мазмұнды бастамалармен қатар, көтеріңкі көңіл күй мен ерекше әсерге ұласты. Ұстаздарға арналған арнайы композиция көпшілікке мерекелік көңіл күй сыйласа, эстрада жұлдыздарының концерттік бағдарламасы кештің көркін қыздырды.

Облысымызда білім саласына жасалып жатқан осындай қолдау мен жаңа жобалар ұлағатты ұстаздардың қанатын қатайтып, дарынды шәкірттердің талабын ұштап, өңірдің білім кеңістігін жаңа белестерге бастайтыны сөзсіз.

Марал Шахаева.

Проверьте Также

ҰЛТТЫҚ МҰРАНЫ ҰЛЫҚТАҒАН ҰЛЫТАУЛЫҚ БРЕНД

17 жылдық тәжірибесі бар креатор-дизайнер, «Graf» баспаханасының негізін қалаушы, Еуразиялық дизайнерлер одағының мүшесі Арайлым Есембекова …