Уақыттың жүйріктігіне таңғалмасқа шара жоқ. Кеше ғана оқырманымен алғаш қауышып, ақпарат кеңістігіне өз үнімен енген басылым бүгінде он жылдық белеске көтеріліп, өңір журналистикасының өзіндік орны бар басылымдарының біріне айналды. Өткен аптада Ұлытау облысының бұқаралық ақпарат құралдары арасындағы ең жас басылымдардың бірі – «Аймақ ақшамы» газетінің он жылдық мерейтойы жоғары деңгейде аталып өтіп, қалам мен парасатты ту еткен журналистер қауымының, ел ағалары мен зиялы қауым өкілдерінің басын қосқан тағылымды тойға ұласты. Бұл – бір басылымның ғана мерекесі емес, өңірдің рухани өміріне үлес қосып жүрген журналистика саласының абыройын асқақтатқан айтулы оқиға болды.
Он жыл – тарих үшін қас-қағым сәт болғанымен, газет үшін ізденіске толы, маңдай тер мен шығармашылық табандылықты талап ететін тұтас бір дәуір. Осы уақыт ішінде «Аймақ ақшамы» өз оқырманына жол тауып, Ұлытау өңірінің тыныс-тіршілігін, елдің мұң-мұқтажын, халықтың қуанышы мен жетістігін қағаз бетіне түсіріп келеді. Қоғамның үнін жеткізіп, ел мен биліктің арасындағы алтын көпірге айналу – мерзімді басылымның басты міндеті. Осы жауапты міндетті арқалаған газет ұжымы он жыл бойы өңір өмірінің сан алуан қырын қамтып, елдік мәселелерді көтеруге, азаматтардың еңбегін дәріптеуге, руханият пен мәдениетті насихаттауға күш салып келеді.
«Аймақ ақшамы» газетінің бас редакторы, белгілі журналист, Сәтбаев қаласының Құрметті азаматы Абдолла Дастанов ағамыз үшін бұл мерейтойдың орны бөлек болды. Өмірін журналистика саласына арнап, қалам мен қоғамның байланысын бекемдеуге үлес қосып келе жатқан тәжірибелі қаламгердің жетекшілігімен басылым өзіндік бағытын қалыптастырып, оқырманға ой салатын, өңірдің өзекті мәселелерін қозғайтын ақпарат алаңына айналды.
Мерейтой құрметіне жайылған салтанатты дастархан «Бақдәулет» мейрамханасында өтті. Журналистер мен қаламгерлердің, елге еңбегі сіңген азаматтардың басын қосқан жиын шынайы құрмет пен ізгі тілектің, жарасымды әзіл мен тағылымды әңгіменің ордасына айналды. Облыстың бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, сала ардагерлері, ел ағалары, мемлекеттік мекемелердің басшылары, Жезқазған мен Сәтбаев қалаларының ақын-жазушылары бас қосып, мерейтой иелерінің қуанышына ортақтасты.
Салтанатты жиында қос қаланың басшылары да мерейтой иесіне ізгі тілектерін арнады. Сәтбаев қаласының әкімі Кеңгірбай Смағұлов пен Жезқазған қаласының әкімі Мұрат Бөрібаев «Аймақ ақшамы» газетінің он жылдық мерейтойымен құттықтап, басылым ұжымына құрмет көрсетіп, естелік сыйлықтар табыстады. Ал Ұлытау облысы әкімінің құттықтауын облыс әкімінің орынбасары Бақытжан Жайлаубаев жеткізді. Ресми құттықтаулар мен ізгі тілектердің арқауында өңірлік баспасөздің маңызына деген құрмет, журналистер еңбегіне деген ризашылық жатты.
Мерейтойға жиналған қонақтар да құр алақан келмей, жүрекжарды лебіздерін білдіріп, құттықтау хаттары мен естелік сыйлықтарын табыс етті. Әрбір ақжарма тілек пен шынайы ықылас он жылдық жолдың бағаланғанын аңғартты. Құттықтаулардың көптігі – басылымның айналасына жинаған жақсы адамдарын, әріптестер арасындағы сыйластықты, ел ішіндегі беделін танытқандай. Әсіресе, ақындар мен өнер адамдарының мерейтойға арнайы келіп, жырдан шашу шашуы кештің көркін аша түсті. Сөз өнерінің өкілдері ақ тілектерін өлең жолдарымен өріп, газет ұжымының еңбегіне лайықты бағасын берді. Қалам мен өлеңнің қадірін білетін қауым үшін бұл – бір-біріне құрмет білдірудің ең әдемі үлгісі еді.
Салтанатты кеште мерейтой иесі, «Аймақ ақшамы» газетінің бас редакторы Абдолла Дастанов та сөз алып, қуанышты күнде бір дастарқан басына жиналған барша қонаққа шынайы ризашылығын білдірді. Газеттің он жылдық мерейтойын бірге атап өтіп, ақжарма тілектерін арнаған ел ағаларына, әріптестеріне, қаламдас достарына, зиялы қауым өкілдеріне, өнер адамдарына және барша тілеулестеріне алғысын айтты.
Кештің сәнін келтіріп, қонақтардың көңілін тербеген ерекше сәттердің бірі – Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртістері Ғалым Мұхамедин мен Береке Көшеновтің ән шашулары болды. Өнер иелері әсем әндерімен мерекелік дастарқанның ажарын ашып, көпшілікке көтеріңкі көңіл күй сыйлады.
Салтанатты кеш соңында көңілдерде қуаныш, жүректерде ізгі тілек, жүздерде ризашылықтың табы қалды. Журналистер қауымы бір-бірімен қауышып, ардагерлер өнегелі әңгімелерін өрбітіп, қаламгерлер жырдан шашу шашқан мерейтой шынайы шығармашылық мерекесіне айналды.
Жалпы, «Аймақ ақшамының» он жылдық мерейтойы – тек өткенді еске алып, жеткен жетістікті таразылайтын күн ғана емес, болашаққа бағыт белгілейтін белес. Ендеше, «Аймақ ақшамының» ақ парағы әрдайым ақиқатқа толып, әр нөмірі оқырманның жүрегіне жол тапсын! Қаламдарыңыз қарымды, ойларыңыз орамды, сөздеріңіз салмақты болсын! Он жылдықтың қуанышы еселеніп, келесі белестеріңіз бұдан да биік болғай!
Марал Шахаева.
Шарайна









