Воскресенье, 5.04.2026

Жаңа Конституция – ел болашағына бағытталған жүйелі реформа

Бүгін Қазақстан Республикасында жүзеге асырылып жатқан конституциялық реформалар жөнінде ой бөлісу – уақыт талабы. Себебі бұл өзгерістер еліміздің саяси және әлеуметтік өміріне түбегейлі ықпал етіп, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауды жаңа сапалық деңгейге көтеруді көздейді.

Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының жобасы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2025 жылғы 8 қыркүйекте халыққа арнаған Жолдауында айтылған бір палаталы Парламент құру бастамасына негізделгені белгілі. Осы идея аясында ауқымды конституциялық реформа жұмыстары басталып, 2026 жылғы 21 қаңтарда Президенттің №1157 Жарлығымен Конституциялық комиссияның құрамы бекітілді.

Комиссия құрамына шамамен 130 адам енді. Олардың қатарында Ұлттық құрылтай мүшелері, белгілі конституциялық құқық мамандары, бизнес және корпоративтік сектор өкілдері, қоғамдық ұйымдар мен құқық қорғау саласының мамандары, сарапшылар, медиа өкілдері, ғылым мен мәдениет қайраткерлері, Парламент депутаттары және мемлекеттік қызметшілер бар. Бұл – реформаның барынша кең қоғамдық негізде жүзеге асырылғанын көрсетеді.

Конституциялық реформалар аясында Қазақстан азаматтары мен қоғамдық ұйымдардан ұсыныстар қабылданып, жан-жақты талқылаулар жүргізілді. Қоғамдық пікір мен ұсыныстарды ескере отырып, жаңа Ата Заңның жобасы қалыптасты. Конституцияға өзгеріс енгізу – мемлекеттің іргетасы мен қоғамдық келісімге тікелей қатысты мәселе болғандықтан, бұл үдеріс ашық әрі жария форматта өтті. Комиссия жұмысы туралы ақпарат ресми сайттар мен әлеуметтік желілерде тұрақты түрде жарияланып, әрбір азамат үшін қолжетімді болды.

Конституциялық реформаның мақсаты мен мазмұнына тоқталсақ, Мемлекет басшысы атап өткендей, басты міндет – Қазақстанның саяси жүйесін кешенді жаңғырту. Бұл өзгерістер елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына жаңа серпін беруге бағытталған. 2025 жылы құрылған жұмыс тобына құқықтанушылар, сарапшылар, саяси партиялар мен қоғамдық ұйымдардың өкілдері тартылып, халықтан түскен ұсыныстар мұқият сараланып, жүйеленді.

Жұмыс барысында Комиссия мүшелері Конституцияның барлық бөлімдерін және 77 бабын қамтитын, яғни Ата Заң мәтінінің 84 пайызына өзгерістер енгізу туралы ұсыныстар әзірледі. Осылайша Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясын әзірлеу жөнінде шешім қабылданды.

Реформалардың негізгі идеясы – мемлекет пен қоғам үшін маңызды құндылықтарды айқындау, адам құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз ету, мемлекеттік биліктің тиімділігін арттыру. Жаңа Конституцияның тұжырымдамалық ерекшелігі – адам құқықтары мен бостандықтарының мемлекеттің басты басымдығы ретінде жариялануы. Бұл – Қазақстанның құқықтық жүйесінде адам мүддесін бірінші орынға қоятын маңызды қадам.

Сонымен қатар Конституцияның жаңа мәтінінде әділеттілік, заң мен тәртіп, табиғатқа жауапкершілікпен қарау сияқты қағидаттар алғаш рет жоғары заңдық деңгейде бекітілді. Қазақстанның егемендігі мен тәуелсіздігі өзгермейтін құндылықтар ретінде айқындалып, бұл еліміздің халықаралық аренадағы дербестігін нығайта түседі.

Маңызды жаңалықтардың бірі – азаматтардың құқықтарын цифрлық кеңістікте қорғауға арналған жаңа норманың енгізілуі. Бұл заңның цифрлық дәуір талаптарына сай болуын қамтамасыз етеді. Сондай-ақ дін мен мемлекеттің ара-жігі нақты ажыратылып, білім беру мен тәрбие жүйесінің зайырлы сипаты заң жүзінде бекітілді.

Жаңа Конституция жобасында неке ер мен әйелдің ерікті әрі тең құқықты одағы ретінде айқындалады. Бұл шешім дәстүрлі құндылықтарды қорғауға және әйелдердің құқықтық кепілдіктерін күшейтуге бағытталған.

Парламент пен саяси жүйеге қатысты өзгерістер де айрықша мәнге ие. Жаңа Конституцияда 145 депутаттан тұратын бір палаталы Парламент құру көзделген. Бұл саяси институттардың тиімділігін арттырып, азаматтардың өкілді билікке қатысу мүмкіндігін кеңейтеді. Пропорционалды сайлау жүйесі партиялардың жауапкершілігін күшейтіп, кадрлық сапаны арттыруға ықпал етпек.

Сонымен бірге жаңа жалпыұлттық диалог алаңы ретінде Қазақстанның Халық Кеңесін құру ұсынылады. Бұл орган заң шығару бастамасы құқығына ие жоғарғы консультативтік институт ретінде халық мүддесін білдіретін маңызды құрылымға айналмақ. Конституцияда алғаш рет вице-президент институтының енгізілуі де қарастырылып, оның ішкі және сыртқы өзара іс-қимылдағы рөлі айқындалады.

Азаматтардың құқықтарын қорғауды күшейтетін маңызды жаңалықтардың қатарында адвокаттар мен адвокаттық қызметке арналған арнайы баптың енгізілуі, зияткерлік меншік құқығын қорғау нормалары және миранда ережесінің бекітілуі бар. Бұл өзгерістер құқықтық қорғанысты жаңа деңгейге көтеруге бағытталған.

Жалпы алғанда, Конституцияның жаңа редакциясының алғашқы жобасында Кіріспе, 11 бөлім және 95 бапты бекіту ұсынылады. Бұл құжат қоғамдағы өзекті мәселелер мен заманауи сын-қатерлерді ескере отырып, еліміздің саяси жүйесін жаңғыртуға арналған. Оның басты ерекшелігі – адам құқықтары мен бостандықтарына басымдық берілуі, елдің тұрақтылығы мен әлеуметтік әділеттілікті қамтамасыз етуі.

Қорыта айтқанда, Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы – мемлекеттің болашағына, халықаралық беделін нығайтуға және азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауға бағытталған ауқымды қадам. Бұл реформалар еліміздің саяси және әлеуметтік өмірін жаңа сапалық деңгейге көтеруге мүмкіндік береді. Ал түпкілікті шешімді Қазақстан халқы жалпыұлттық референдум арқылы қабылдайды.

Бауыржан Шыңғысов.
Ұлытау облыстық мәслихатының төрағасы,
Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның мүшесі.

О Админ

Проверьте Также

ЕҢБЕГІНЕ АДАЛ АРУЛАР

Өткен жылдың соңында Сәтбаев қаласында ашылған «Кір жуу орны» индустриялық қызмет көрсету комбинаты бүгінде бірнеше …

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *