Ақпан айының соңында аяздың күшеюіне байланысты тұрғын үйлерде жылудың жеткіліксіздігі байқалды. Бұл тұрғындардың наразылығын туғызып, әлеуметтік желілерде пікірталасқа себеп болды.
Осыған орай Сәтбаев қаласының әкімі Мұрат Бөрібаев өзінің «Фейсбук» парақшасында тұрғындардан түскен өтініштерге жауап берді.
– Жеке сектордағы тұрғын үйлерде жылудың жеткіліксіздігіне қатысты тұрғындардан бірқатар өтініштер түсті. Солардың бірі – Бұлқышев көшесі, 33-үй тұрғындарының шағымы. Тұрғынның айтуынша, биылғы қыс мезгілінде жылу сапасы көңілден шықпаған, – дейді Мұрат Ерболатұлы өз жазбасында.
– Мәселе бойынша СЖСЖК мекемесі тексеріс жүргізіп, үйдің ішкі жылу жүйесін жаңарту қажеттілігін анықтады. Үй қаланың шеткі бөлігінде орналасқандықтан, жылу желісінің соңғы нүктелерінің бірі болып, сапаға әсер ететіні белгілі болды. Алдағы уақытта жеке секторды кезең-кезеңімен газдандыру жоспарланған, сондықтан қазіргі кезде тек ағымдағы жөндеу және техникалық қызмет көрсету жұмыстары жүргізілуде.
Сонымен қатар, Жеңіс көшесінде жылу құбырының жарылуы салдарынан 8 тұрғын үй уақытша жылусыз қалған еді. Құбырдың 5 метрлік бөлігін ауыстыру арқылы жылу жүйесі толық қалпына келтірілді.
Жалпы, тұрғындардың мұндай өтініштері әрдайым назарда болады және барлық мәселелер кезең-кезеңімен шешімін табады, дейді шаһар басшысы.
«Шарайна» ақпарат.
