Пятница, 30.10.2026

ЖОЛ ҚҰРЫЛЫСЫ ЖАҢА ДЕҢГЕЙГЕ КӨТЕРІЛУДЕ

Қала көшелерін жөндеу және көлік инфрақұрылымын дамыту жұмыстары Сәтбаев қаласында қарқынды түрде жалғасуда. Бұл туралы облыс әкімінің орынбасары Алмас Ыдырысов сейсенбі күні коммуникациялар алаңында өткізген брифингте баяндады.

Алмас Серікболұлының айтуынша Ұлытау облысының автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы – 2 711,7 шақырым. Оның ішінде республикалық маңызы бар – 989 шақырым, облыстық – 860,7 шақырым, аудандық – 310,1 шақырым, қалалар мен аудандардың ішкі көшелері – 551,9 шақырымды құрайды.

Сәтбаев қаласы осы инфрақұрылымның маңызды бөлігіне айналып отыр. Биыл қала аумағында 19 көшеде орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Жалпы ұзындығы 17 шақырымды құрайтын бұл жұмыстарға 1 899 млн теңге қаражат бөлінді. 18 көше бойынша мердігер ұйымдар анықталып, жөндеу жұмыстары басталды. Сонымен қатар, Абай көшесіне орташа жөндеу жұмыстарына мемлекеттік сатып алу конкурсы өткізілді, нәтижесі мамыр айында белгілі болады. Қала көшелерінде ағымдағы жөндеу жұмыстары үшін қосымша 330 млн теңге бөлініп, 30 мың шаршы метр аумаққа жөндеу жүргізілуде.

Брифингте баяндамашы нақты жобалар мен инфрақұрылымдық жаңалықтар жайында да айтып өтті. Аэропорт бағыты арқылы өтетін теміржол өткелі көпірін орташа жөндеуден өткізіп, биыл пайдалануға беру жоспарлануда. Жұмыстарға жергілікті бюджеттен 780,9 млн теңге қарастырылған. Сондай-ақ, «Сәтбаев – Малшыбай – Жошыхан Домбауыл кесенесі» жол құрылыс жобасы биыл толық аяқталуы көзделуде.

Өңірдегі жол сапасын арттыруға арналған жұмыстар сапа бақылау орталығы арқылы қатаң тексеріліп, қолданылатын асфальт-бетон зауыттары мен материалдардың сапасы алдын ала тексеріліп, оң қорытындысы алынғаннан кейін ғана іске қосылады. Сапаны қамтамасыз ету мақсатында облыста 13 жаңа асфальт-бетон зауыты және 3 қиыршық тас өңдеу зауыты жұмыс істейді. 2025 жылдан бастап қала көшелерінде жаңа технология – қиыршықты мастикалық асфальт (ШМА) төсеу жұмыстары жүргізілуде. Бұл жабынды жолдың ұзақ мерзімділігін қамтамасыз етіп, сапасын едәуір арттырады.

Автомобиль жолдарында қауіпсіздік шаралары да күшейтілуде: маусымдық шектеулер енгізілген учаскелерде ауыр салмақты көліктердің қозғалысы тұрақты бақылауға алынған, екі жылжымалы бақылау посты жұмыс істейді. 2025 жылы 467 хаттама рәсімделген болса, 2026 жылдың бес айында 155 хаттама толтырылып, түсіндіру жұмыстары жүргізілді.

Бирфингте мәлім болғанындай, Сәтбаев қаласындағы жол құрылыс жұмыстары алдағы жылдары да жалғасатын болады. Ағымдағы жылы 30 шақырым жол учаскесін қайта жаңарту және 61 шақырым жолға ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарлануда. Бұл жолдар қиыршық тас төсеу арқылы тегістеліп, болашақта асфальт жабындысы төселетін болады.

Жалпы, жол инфрақұрылымын жақсарту жобалары қаланың дамуына тың серпін береді, көлік қозғалысын жеңілдетеді және тұрғындардың қауіпсіздігін арттырады. Сәтбаев қаласы бойынша жол жөндеу жұмыстары мен инфрақұрылымдық жаңғырту қаланың келбетін айтарлықтай жақсартып, сапалы көлік байланысын қамтамасыз ететін маңызды қадам болып отыр.

Ізтай Белгібайұлы.

Проверьте Также

ҰЛЫТАУ ОБЛЫСЫНЫҢ АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ТАУАРЫН ӨНДІРУШІЛЕРІ ҚЫТАЙЛЫҚ ӘРІПТЕСТЕРІНІҢ ТӘЖІРИБЕСІМЕН ТАНЫСТЫ

Ұлытау облысының ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерінен құралған делегация Қытай Халық Республикасының Шыңжаң өндірістік-құрылыс корпусы Халықаралық …