Пятница, 30.10.2026

КӘСІПКЕРЛІККЕ ЖОЛ АШҚАН КУРС

Сейсенбі күні қаламызда кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған маңызды іс-шаралардың бірі – «Әлеуметтік кәсіпкер» оқыту курсын сәтті аяқтаған тыңдаушыларға салтанатты түрде сертификат тапсыру рәсімі өтті. Аталған шара қоғамдағы әлеуметтік мәселелерді кәсіпкерлік арқылы шешуге ниетті азаматтарды қолдауға және олардың бастамаларын дамытуға арналды.

Салтанатты жиынға қала әкімі Мұрат Бөрібаев, Ұлытау облысы «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының директоры Гүлмира Қаженова және палата директорының орынбасары, курс эксперті Маржан Жәуен қатысты.

Бағдарлама «Кәсіпке бағыт» құралы аясында «Кәсіпкерлік әлеуетті арттыру» бағыты бойынша ұйымдастырылды. Оқыту курсының негізгі мақсаты – халықтың әлеуметтік осал топтарына, жұмыссыз азаматтарға, жас кәсіпкерлер мен өз кәсібін жаңа деңгейге шығаруға ниетті тұрғындарға әлеуметтік кәсіпкерліктің қыр-сырын үйрету, олардың бизнес жүргізу дағдыларын жетілдіру және қоғамға пайдалы жобаларды жүзеге асыруға бағыт беру.

Курс бірнеше кезеңнен тұрды. Тыңдаушылар әлеуметтік кәсіпкерліктің негізгі қағидаларымен танысып қана қоймай, өз жобаларын әзірлеу бойынша тәжірибелік тапсырмалар орындады. Оқу барысында қатысушыларға бизнес-жоспар әзірлеу, маркетингтік стратегия құру, қаржылық сауаттылық, инвестиция тарту жолдары, мемлекеттік қолдау тетіктері, гранттық бағдарламаларға қатысу, сондай-ақ әлеуметтік жобалардың тиімділігін бағалау мәселелері кеңінен түсіндірілді. Сонымен қатар курс аясында қатысушылар табысты әлеуметтік кәсіпкерлік жобалардың тәжірибесімен танысып, өз өңірлеріндегі әлеуметтік мәселелерді шешуге бағытталған тың идеялар ұсынды.

Іс-шара барысында сөз сөйлеген қала әкімі Мұрат Бөрібаев әлеуметтік кәсіпкерліктің қоғам үшін маңызы зор екенін атап өтті.

– Әлеуметтік кәсіпкерлік – тек табыс табудың жолы ғана емес, бұл қоғамға қызмет етудің нақты үлгісі. Бүгінде мемлекет тарапынан әлеуметтік бағыттағы жобаларға қолдау күшейіп келеді. Осындай курстар азаматтардың жаңа мүмкіндіктерге жол ашып, халықтың әл-ауқатын арттыруға ықпал етеді. Сіздердің әрқайсыңызда қоғамға пайда әкелемін деген ынта бар. Сол тың идеяларыңыз бен бастамаларыңыз болашақта нақты іске асып, қаламыздың дамуына зор үлес қосады деп сенемін, – деді қала басшысы.

Шара соңында барлық тыңдаушыларға «Әлеуметтік кәсіпкерлік» оқыту курсын аяқтағанын растайтын арнайы Сертификаттар табысталды. Қатысушылар ұйымдастырушыларға алғыстарын білдіріп, алған білімдерін алдағы уақытта өз кәсіптерін дамытуға және қоғам игілігіне бағытталған әлеуметтік жобаларды жүзеге асыруға пайдаланатындарын жеткізді.

Әлеуметтік кәсіпкерлікті дамыту – өңір экономикасын нығайтудың маңызды бағыттарының бірі. Сондықтан әлеуметтік кәсіпкер – қоғамдағы мәселелерге бейжай қарамайтын, жауапкершілігі жоғары азамат. Бұл курс қатысушыларға тек теориялық білім беріп қана қоймай, өз жобаларын іске асыруға қажетті тәжірибе жинауға мүмкіндік берді.

Марал ШАХАЕВА.
Суреттерді түсірген автор.

Проверьте Также

ҰЛЫТАУ ОБЛЫСЫНЫҢ АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ТАУАРЫН ӨНДІРУШІЛЕРІ ҚЫТАЙЛЫҚ ӘРІПТЕСТЕРІНІҢ ТӘЖІРИБЕСІМЕН ТАНЫСТЫ

Ұлытау облысының ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерінен құралған делегация Қытай Халық Республикасының Шыңжаң өндірістік-құрылыс корпусы Халықаралық …