Қала әкімі Кеңгірбай Смағұловтың жұмыс сапары барысында тұрғындардың өтініштері қаралып, абаттандыру және санитарлық тазалыққа қатысты бірқатар мәселе бойынша нақты тапсырмалар берілді. Әр бағыттағы жұмыстарды белгіленген мерзімде орындау жауапты мамандардың бақылауына алынды.
Жұмыс сапары барысында әлеуметтік желі арқылы өтініш білдірген тұрғынмен кездесу өтіп, Сәтбаев даңғылы бойындағы «Апорт» дүкенінің маңында жиналатын су мәселесі талқыланды.
Аталған аумақта суды арнайы қазаншұңқырға бұрып, қалған бөлігін сорғы арқылы шығару жоспарланып отыр. Тиісті инженерлік жұмыстарды ұйымдастыру бойынша тапсырма берілді. Мәселенің шешілу барысы жауапты қызметтер тарапынан бақылауда болып, жұмыстар белгіленген мерзімде аяқталуы тиіс.
Сауда нысандарына іргелес аумақтарды аралау кезінде тазалық талаптарының сақталуына қатысты бірқатар кемшілік анықталды. Кәсіпкерлік нысандардың иелеріне қоқыс пен құрылыс қалдықтарын жинау, аумақтарды тастар мен арамшөптерден тазарту бойынша тапсырмалар берілді. Анықталған кемшіліктерді қысқа мерзім ішінде жою міндеттелді. Орындалу жағдайы қайта тексерілетін болады. Бұл ретте сауда орындарына іргелес аумақтардың тазалығы бір реттік шарамен шектелмей, тұрақты назарда болуы қажет.
Қала әкімі жұмыс сапары кезінде «Сұңқар» спорт кешеніне де барып, нысанның қазіргі жағдайымен танысты. Кешеннің жай-күйіне қатысты мәселелер қаралып, анықталған кемшіліктер бойынша тиісті жұмыстарды ұйымдастыру жөнінде тапсырмалар берілді. Олардың орындалу барысы белгіленген тәртіппен бақылауға алынбақ.
Қала шетіндегі рұқсат етілмеген қоқыс орындарын жою мәселесіне де ерекше назар аударылды. Тексеру барысында анықталған қоқыс үйінділерін шығару және аумақтарды тазарту бойынша жауапты мамандарға нақты тапсырмалар берілді. Қоқыс үйінділерін жою жұмыстары белгіленген мерзімде жүргізіліп, тазартылған аумақтардың кейінгі жағдайы да бақылауда болады.
Жұмыс сапары барысында көтерілген мәселелердің барлығы тек анықтаумен шектелмей, оларды шешу бойынша жауапты қызметтерге нақты міндеттер жүктелді.
– Алдағы кезеңде су жиналатын аумақты ретке келтіру, сауда нысандары маңындағы тазалықты қамтамасыз ету және қала шетіндегі заңсыз қоқыс орындарын жою жұмыстарының орындалу барысы бақыланады.
Қала әкімдігі үшін басты міндет – тұрғындар көтерген мәселелерді уақытылы шешіп, қаланың санитарлық жағдайы мен абаттандырылу деңгейін тұрақты жақсарту, – деді Кеңгірбай Қоңырұлы жұмыс сапарын түйіндей келіп.
Ізтай Белгібайұлы.
Шарайна





