«Нива» автокөліктері табысталды
Жаңаарқа ауданының ауылдық округтерінде қызмет атқаратын ветеринариялық дәрігерлерге жаңа «Нива» автокөліктерінің кілттері сыйға тартылды.
Жаңа қызметтік көліктер ветеринар мамандардың елді мекендер мен шалғай қоныстарға дер кезінде барып, өз міндеттерін тиімді әрі сапалы атқаруына мүмкіндік береді. Бұл – ветеринария саласының материалдық-техникалық базасын нығайтуға және мамандардың жұмыс жағдайын жақсартуға бағытталған маңызды қолдау.
Ауруханаға аудан-аралық мәртебе берілді
Енді Жаңаарқадағы медициналық мекеме аудан тұрғындарымен қатар Жәйрем кенті мен Қаражал қаласының халқына да қызмет көрсетпек. Осыған байланысты аурухананың емдеу ғимараты кеңейтіліп, қосымша медициналық құрал-жабдықтармен жарақтандырылуда.
Сондай-ақ бейінді мамандарды өңірге тарту жұмыстары қолға алынды. Ауданаралық аурухана мәртебесіне көшуге дайындық шеңберінде жаңадан шұғыл қабылдау және медициналық сұрыптау ғимаратының құрылысы басталды. Бұдан бөлек, жыл соңына дейін заманауи медициналық құралдармен жабдықталған оңалту орталығы ашылады. Қазірдің өзінде емдеу мекемесі созылмалы бүйрек ауруларын емдейтін аппараттармен толықты.
Мекеменің материалдық-техникалық базасымен қатар кадрлық әлеуетін арттыру жұмыстары да қатар жүріп жатыр. Биылдың өзінде аурухана жоғары білікті 8 маманмен толықты. Өзге өңірлерден келген жас мамандарға 8 млн теңге көлемінде көтермеақы мен қызметтік баспана берілді.
Реновация жобасы басталды
Жезқазған қаласында Пушкин-Байқоңыров көшелері бойындағы апатты және тозығы жеткен тұрғын үйлерді бұзу жұмыстарының бірінші кезеңіне ресми түрде бастау берілді. Үш кезеңнен тұратын жоба аясында алғашқы кезеңде төрт ескі тұрғын үй сүріліп, олардың орнына заманауи тұрғын үй кешенінің құрылысы басталады.
201,3 млн АҚШ долларын құрайтын ауқымды жоба 2026-2029 жылдары жүзеге асырылады. Осы кезең аралығында тозығы жеткен тоғыз екі қабатты тұрғын үйді бұзу жоспарланған. Олардың орнына заманауи талаптарға сай, биіктігі 11 қабатқа дейінгі көпқабатты тұрғын үй кешендері салынады.
Реновация барысында тұрғындардың мүддесін қамтамасыз етуге ерекше көңіл бөлінеді. Бұзылатын үйлердің барлық тұрғындары жаңа тұрғын үй кешендерінен пәтермен қамтамасыз етіледі.
Жобаның инвесторлары – Silk Road Yuntuo (Xi’an) Commercial Service Co., LTD және Build Stroy Group компаниялары.
Екі әлеуметтік нысан ашылды
Егінді ауылында тұрғындар үшін маңызды екі нысан – жаңа медициналық пункт пен ветеринариялық пункттің ашылу салтанаты өтті.
Салтанатты шараға Ұлытау ауданы әкімінің орынбасары Алмаз Қайырбекұлы, Ұлытау ауданының прокуроры Еркен Дастанұлы, ауыл ақсақалдары, қоғамдық кеңес өкілдері, медицина және ветеринария саласының мамандары, сондай-ақ ауыл тұрғындары қатысты.
Медициналық және ветеринариялық пункттердің іске қосылуы – Егінді ауылы тұрғындары үшін көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қолжетімділігін арттыруға бағытталған маңызды қадам. Жаңа нысандар халық игілігіне беріліп, ауыл тұрғындарының қажеттіліктеріне қызмет ететін болады.
Облыс әкімдігінің баспасөз қызметі.
Шарайна
