Пятница, 30.10.2026

ҚАЛАНЫҢ ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕРІ ТАЛҚЫЛАНДЫ

Өткен аптада Сәтбаев қалалық қоғамдық кеңесінің кезекті отырысы өтіп, жиынға кеңес төрағасы Қайрат Смайлов жетекшілік етті. Отырыста қала тұрғындарын толғандыратын бірқатар өзекті мәселе қаралып, коммуналдық қызметтердің сапасы, алдағы жылыту маусымына дайындық, сондай-ақ мемлекеттік қызмет көрсету деңгейі жөнінде жан-жақты талқыланды.

Күн тәртібіндегі алғашқы мәселе – «Сәтбаев қаласы бойынша халық үшін тұрмыстық қатты қалдықтарды жинауға, тасымалдауға, сұрыптауға және көмуге арналған тарифтерді бекіту туралы» шешім жобасы болды. Аталған мәселе бойынша тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімінің басшысы Әшім Мұхамбетәлі баяндама жасап, қаладағы тұрмыстық қатты қалдықтарды жинау және шығару жұмыстарының қазіргі жағдайы мен тарифті қайта қарау қажеттілігіне тоқталды.

Оның айтуынша, биылғы жылдан бастап Сәтбаев қаласында қатты тұрмыстық қалдықтарды жинау және шығару жұмыстарын «Ұлытау Экосервис» компаниясы жүзеге асырып келеді. Қазіргі таңда қолданыстағы тариф абаттандырылған тұрғын үйлер үшін 309,99 теңгені, ал абаттандырылмаған тұрғын үйлер үшін 319,99 теңгені құрайды.

– Бүгінде қала бойынша тұрмыстық қалдықтардың көлемі жоғары деңгейде қалып отыр. Қалдық көлемінің артуына байланысты арнайы техникалардың жұмыс көлемі мен рейстер саны да көбейді. Бұл өз кезегінде жанар-жағармай шығындарының, техниканы пайдалану және күтіп-ұстау, жөндеу, қосалқы бөлшектер сатып алу секілді эксплуатациялық шығындардың өсуіне алып келеді. Сонымен қатар, қала аумағында санитарлық тазалықты сақтау мақсатында контейнерлер мен контейнерлік алаңдарды тұрақты түрде дезинфекциялау қажет. Қолданыстағы контейнерлердің тозған дөңгелектерін ауыстыру да күн тәртібінде тұр. Аталған жұмыстардың барлығы қосымша қаржылық шығындарды талап етеді. Осыған байланысты қолданыстағы тарифтің күшін жойып, қатты тұрмыстық қалдықтарды жинау және шығару қызметіне жаңа тариф белгілеу қажеттілігі туындап отыр, – деді Әшім Мұхамбетәлі.

Жаңа тарифтің мөлшерін есептеу жұмыстарын «Alua Clean» компаниясы жүргізген. Компания мамандары қолданыстағы тарифпен салыстырғанда едәуір жоғары мөлшерді ұсынғанымен, қоғамдық кеңес мүшелері бұл ұсынысқа қатысты өз пікірлерін білдірді.

Талқылау барысында кеңес мүшелері тарифтің шамадан тыс өсуі тұрғындардың әлеуметтік жағдайына әсер етуі мүмкін екенін ескеріп, тарифті 100 пайыздан артық көтермеу жөнінде ұсыныс білдірді. Нәтижесінде компания өкілдеріне тарифтік есеп-қисапты қайта қарап, ұсынысты нақты шығындар мен көрсетілетін қызмет көлеміне негіздей отырып қайта ұсынуға уақыт берілді. Кеңес мүшелері жаңа есептің жан-жақты зерделеніп, тұрғындардың мүддесі мен коммуналдық қызмет көрсетуші ұйымның нақты шығындары қатар ескерілгенін маңызды деп атап өтті.

Отырыста бұдан бөлек, қаланың алдағы 2026-2027 жылдардағы жылыту маусымына дайындығы да талқыланды. Қыс мезгілінде тұрғындарды жылумен тұрақты қамтамасыз ету – коммуналдық саладағы маңызды міндеттердің бірі. Осыған орай тиісті жұмыстардың уақытылы әрі сапалы атқарылуы, жылу беру маусымына қажетті дайындық шараларының толық орындалуы мәселелері қаралды.

Күн тәртібіндегі келесі мәселе – Сәтбаев қаласының кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің мемлекеттік қызмет көрсету сапасы туралы болды. Кеңес мүшелері тұрғындар мен кәсіпкерлерге көрсетілетін қызметтердің қолжетімділігіне, өтініштерді қарау мерзімдеріне және мемлекеттік қызмет көрсету барысында туындайтын мәселелерге назар аударды.

Сонымен қатар, жер қатынастары, сәулет және қала құрылысы бөлімдерінде көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің сапасы мен ұйымдастырылуы жөнінде де пікірлер айтылды. Бұл бағыттағы жұмыстардың ашықтығы мен тұрғындар үшін түсінікті болуы, өтініштерді қарау барысында қолданыстағы талаптардың сақталуы және қызмет көрсету сапасын арттыру мәселелері сөз болды.

Қоғамдық кеңес отырысында қаралған әр мәселе бойынша жауапты бөлімдердің өкілдеріне тиісті сұрақтар қойылып, ұсыныстар айтылды. Кеңес мүшелері қала тұрғындарының өтініштері мен күнделікті тұрмысында кездесетін мәселелерді назардан тыс қалдырмаудың маңыздылығын атап өтті. Жиын қорытындысында күн тәртібіне енгізілген барлық мәселе жан-жақты қаралып, әрқайсысы бойынша тиісті шешімдер қабылданды. Алдағы уақытта көтерілген ұсыныстардың орындалу барысы да қоғамдық кеңестің назарында болмақ.

Марал Шахаева.
Суреттерді түсірген автор.

Проверьте Также

ҰЛЫТАУ ОБЛЫСЫНЫҢ АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ТАУАРЫН ӨНДІРУШІЛЕРІ ҚЫТАЙЛЫҚ ӘРІПТЕСТЕРІНІҢ ТӘЖІРИБЕСІМЕН ТАНЫСТЫ

Ұлытау облысының ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерінен құралған делегация Қытай Халық Республикасының Шыңжаң өндірістік-құрылыс корпусы Халықаралық …