Пятница, 30.10.2026

ҚАТАҢ ТАЛАП ҚОЙЫЛДЫ

Қала тазалығы мен абаттандыру – барша тұрғындарға ортақ маңызды міндеттердің бірі. Дегенмен, бұл бағыттағы жұмыстардың сапалы әрі уақытылы орындалуы бірінші кезекте мердігер ұйымдардың тікелей жауапкершілігі екені ерекше атап өтілді.

Осыған байланысты мердігер ұйымдардың қатысуымен кезекті штаб отырысы өткізілді. Жиын барысында қаладағы санитарлық тазалықты сақтау, тұрмыстық қатты қалдықтарды уақытылы шығару, жасыл желектерді күтіп-баптау, гүл отырғызу және шағын архитектуралық формаларды (МАФ) күтіп ұстау мәселелері жан-жақты талқыланды.

Жиын барысында атқарылып жатқан жұмыстардың сапасына қатысты бірқатар елеулі ескертулер айтылды. Қазіргі таңда әлеуметтік желілер арқылы тұрғындардан келіп түсіп жатқан шағымдар күнделікті бақылауға алынып, жан-жақты саралануда. Көтерілген мәселелердің басым бөлігі мердігер ұйымдардың өз міндеттеріне салғырт қарауынан туындап отырғаны ашық айтылды. Бұл жағдай қала тазалығы мен көріктендіру жұмыстарының нәтижесіне кері әсерін тигізуде.

Сонымен қатар, жергілікті атқарушы орган ретінде бұл бағыттағы жауапкершілік толық сезінілетіні атап өтілді. Қала аумағындағы тазалық пен абаттандыру жұмыстарының нәтижесіне тек мердігерлер ғана емес, тиісті бөлімдер де тікелей жауапты екені ескертілді. Осыған байланысты қалыптасқан жағдайды түзету және жұмыстардың сапасын арттыру мақсатында нақты шаралар қабылданатын болады.

Қаладағы тұрмыстық қалдықтарды шығару мәселесі бойынша талаптар күшейтілді. Қоқыс шығару жұмыстарын жүйелі әрі уақытылы жүргізу үшін оны екі ауысымда ұйымдастыру ұсынылды. Бұл өз кезегінде қала көшелерінің тазалығын тұрақты деңгейде ұстап тұруға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар, қоғамдық аумақтар мен көшелердің санитарлық жағдайына тұрақты мониторинг жүргізу тапсырылды. Қалдықтардың жиналып қалуына жол бермеу – негізгі басымдықтардың бірі ретінде белгіленді.

Қала тазалығы мен абаттандыру жұмыстары – жүйелі бақылау мен жауапкершілікті талап ететін маңызды бағыт. Бұл саладағы кемшіліктерді жою және қызмет сапасын арттыру үшін барлық жауапты тараптардың бірлескен әрі үйлесімді жұмысы қажет. Алдағы уақытта мердігер ұйымдардың қызметіне бақылау күшейтіліп, қала тұрғындары үшін таза әрі жайлы орта қалыптастыру бағытындағы жұмыстар жалғасын табады.

Досан Дулығалы.

Проверьте Также

ҰЛЫТАУ ОБЛЫСЫНЫҢ АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ТАУАРЫН ӨНДІРУШІЛЕРІ ҚЫТАЙЛЫҚ ӘРІПТЕСТЕРІНІҢ ТӘЖІРИБЕСІМЕН ТАНЫСТЫ

Ұлытау облысының ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерінен құралған делегация Қытай Халық Республикасының Шыңжаң өндірістік-құрылыс корпусы Халықаралық …